Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиеліде қызанақ пастасы шығады

Шиеліде қызанақ пастасы шығады

«Ауыл аманаты» жобасының игілігін көрген ауыл азаматы Қанат Мұсаев тәулігіне 2 тонна қызанақ пастасын шығаратын цех ашты. Өндірістің алғашқы өнімін көру үшін облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов іс-сапармен Шиеліге келді.
Шиеліліктер өз нарығын тағы бір өніммен толықтырды. Бейсенбі күні жаңа цехтың лентасын қиып, танысу үшін аудан әкімі Нұржан Ахатов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, облыстық мәслихат депутаты, меценат Дәулет Жұмбеков, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Бақберген Әбсадық, аудандық ауылшаруашылық және жер қатынастар бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков Бидайкөл ауылына барды.
Шара барысында аудан басшысы Нұржан Сәбитұлы сөз алып, қызанақ өңдеу цехының ашылу салтанатымен құттықтап, жеке кәсіпкер Қанат Мұсаевқа алғыс хат табыстады.
– Шежірелі мекен Шиелі ауданындағы кәсіпкерлік пен іскерліктің иіріміне машықтана білетін Бидайкөл ауылында жаңа өндіріс цехы пайдалануға берілгелі тұр. Ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға көмектесетін кәсіпкерлік саласы екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Оны әр Жолдауында, халықпен кездесулерде айтып келеді. Соның бір парасы өткен жылы Президенттікке сайланғаннан кейін, ең алдымен ауылдық жерлерді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойды. Нәжижесінде, «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Осы жоба аясында Қанат Мұсаевтың төрағалығымен өндірістік кооператив құрылып, өз жұмысын бастағалы отыр. Алдағы уақытта өндіріс цехының кәсібі дамып, жаңа орталық халық игілігіне қызмет етеді деп сенеміз, – деді.
Қазіргі уақытта аймақта кәсіпкерлік саласын қолдаудың түрлі шаралары ұйымдастырылып келеді. Соның бірі «Ауыл аманаты» жобасы аясында беріліп жатқан 2,5 пайыздық несиелеу бағдарламасы. Осы бағдарлама арқылы Шиелі ауданынан жалпы қаржы көлемі 584 млн теңге болатын 79 жоба қолдау тапты. Бұл жобалардың арасындағы ірі жоба – осы томат өңдеу цехы.
– Біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан бүгінгі тамат пастасы цехының ашылуымен құттықтаймыз. Елімізде кәсіпкерлік саласы дамыса, ел экономикасы да жақсара түсері сөзсіз. Бұл бағытта мемлекет басшысы үлкен қолдау көрсетіп отыр. Бизнеске ынтасы бар азаматтарға «Қайтарымсыз грант», «Ауыл аманаты жобасы» және субсидия беру сынды түрлі бағытта қолдау барын тағы айтқым келеді. Сәтін салған сәтті бағдарламадан қалыс қалмай, еліміздің дамуына, әлеуметтік жағдайды жақсартуға бірге атсалысайық, – деді өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Райымов.

Өнімді істің өркен жайғаны
Қазір мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға, әсіресе елді мекендерде ауыл шаруашылығы саласын жандандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Егер сіз осы жобаға қатысып, аулаңызда төрт түлікті түлетіп, құстың және өндірістік цехтың санын көбейтетін болсаңыз, табысыңыз да артады. Ауылдың да жағдайы жақсарады, жұмыссыздық мәселесі де азаяды.
Бүгінде ауданда еңбек етіп тер төгіп, ризық несібесін жерден іздеген еңбек адамдары жетерлік. Жомарт жер бабын тапқан сайын несібесін еселей түсіп, мол өнім береді. Ал оның сыры кең жазиралы жерде емес, алақандай жерді игеріп, табыс табуында. Қолына кетпен алып, жер тырмалаған Қанат Мұсаевтың қолы тиген жердің бәрі берекелі. Ол отбасылық кәсіптің көзін тауып, қажырлы еңбектің арқасында қызанақ өнімінен «томат» пастасын өндіретін цех ашты. Кейіпкеріміз «Ауыл аманаты» жобасы аясында 27 млн теңге несие алып, «Barly Bai & K» өндірістік кооперативін құрып, кәсібін үлкейте түсті. Бағдарлама арқылы алынған қаражатқа көршілес Ресей мемлекетінен құрал жабдықтар сатып алып, іске қосып өнім түрлерін алуда. Қазір цехта 6 адам жұмыс істейді. Жаз айларында 15 адамға дейін жұмыспен қамтып, өндірісті әлі де кеңейтуді көздеп отырғанын тілге тиек етті. Бұл жобаның жалпы құны 48 млн теңгені құраған. Осы орайда, ұлы Абайдың «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген өміршең өсиеті ойға оралады.
– Мұның барлығы оңай іс емес. Десе де диқан еңбектеніп тер төксе, жер қайтарады. Тұқымды бір жерге отырғызып, сол жерден өнімді ала салмаймыз. Бірінші жәшіктердегі жылытылған топыраққа егіп алып, шыққан жасыл желекті қағаздан жасалған шағын стакан іспетті ыдысына көшіреміз. Содан кейін ғана көшеттер егістік даласына жол тартады. Мұның бәрі уақытылы суару, тыңайытқыш беру секілді көзге көрінбейтін тірліктерден құралады, – дейді еңбек адамы.
Тобықтай сөздің түйіні: Ауылда жұмыс жоқ деп дүрбелеңге салып, қол қусырып отырудың қажеті жоқ. Үй ауласындағы аздаған жерге сәл уақыт еңбек етіп, тер төксе, бір үйлі жанның көкөніс, жеміс-жидекке деген сұранысын толық өтейтіні ақиқат. Егін жайын күйттеп, сол жерден нәсібінің арқасында жағдайын жақсартып, көштен қалмай қатарға қосылған жандар да бар. Оған жоғарыда біз тілге тиек еткен отбасы айнымас мысал бола алады.

Дархан БАЙТІЛЕС
04 желтоқсан 2023 ж. 183 0