«Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 47 тәрбиеленуші бар
Kyzylorda-news.kz. Дүниежүзілік балалар күні қарсаңында елімізде республикалық акция басталған болатын. Мақсат – балалардың құқықтарын қорғай отырып, тиісті деңгейдегі қажетті шараларды қабылдау.
Онкүндік науқанда облыстық білім басқармасының іс-шара жоспарына сәйкес білім беру ұйымдарында кездесулер, байқаулар, спорттық жарыстар, қайырымдылық шаралар ұйымдастырылуда.
Ал кеше «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында «Балалық шақты бірге қорғайық» тақырыбында құқық қорғау органдары, медициналық мекемелер, жұмыспен қамту орталықтары өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.
Іс-шараға басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы арнайы барып, балалармен бірге мерекелік кештің куәсі болды.
Қонақтар әр отбасының тыныс-тіршілігімен танысып, «Тілек кітабына» ізгі лебіздерін жазып, қолтаңбаларын қалдырды. Сондай-ақ балалардың қолөнер бұйымдарынан жәрмеңке, сурет көрмесі ұйымдастырылды. Мерекемен құттықтаған қонақтар балаларға сыйлықтар үлестіріп, концерттік бағдарламаны тамашалады.
«Отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беруге бағытталған мекеме. Балалар ауылында түрлі ұлт өкілдерінің балалары тәрбиеленуде, олар орыс тілімен қатар қазақ тілін де жетік меңгерген. Балалар ауылы өз жұмысын 2015 жылы 1 маусымда бастаған болатын. Қазіргі таңда «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 3 жастан 18 жас аралығындағы 47 бала тәрбиеленуде. Балаларға тәрбие беріп, олардың өмірде өз жолдарын табуға, нық қадаммен үлкен жетістіктерге жетуге бағыттауда өз үлесімізді қосамыз деген тілекпен қызмет жасап келеміз», - дейді «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Лиза Скакова.