Сыр өңірі қазба байлыққа бай. Облыс аумағының геологиялық құрылымы әртүрлі бағалы кен орындарының болуымен ерекшеленеді. Өңірде түсті металдың, мұнай-газдың, ванадий, құрылыс материалдары мен рудасыз шикізаттың қоры жеткілікті. «Шалқия» кенішіндегі руда құрамында 14-тен астам сирек кездесетін металл бар. Шиеліде республикамыздың уран қорының 17%-ы шоғырланған. Бокситтер, титан-цирконий минералы, аз мөлшерде алтын кен орындары мен Арал өңірінің қазақстандық бөлігі және Қаратаудың тауалды жазығындағы руданың келешегі зор.
Бастысы, өнеркәсіп өнімінің көлемі жылдан-жылға артып келеді. 1997 жылы өнім көлемі 13653,1 млн теңгені құраса, 2004 жылы 190397,8 млн теңгеге жеткен. Бүгінгі күні Қызылорда облысында 500-ден астам өнеркәсіптік кәсіпорын құрылған. 1991 жылдан 2023 жылға дейін өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,0 млрд теңгеден 1,0 трлн теңгеге дейін өскен. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1,6 млрд теңгеден 241,0 млрд теңгеге дейін артқан. Ал қазір аймақта отандық және шетелдік инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарға басымдық берілуде. Жалпы Тәуелсіздік жылдары бұл сала бойынша өңір экономикасына 4,4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған.
Атап өту қажет, 2014 жылдан бері төмендеп келген өнеркәсіп саласының өнім көлемі биылғы жылдың 9 айында 100,7 пайызға артты.
Биыл құрылғанына 85 жыл толған облыс тарихында осынша байлықты игеруде, өнеркәсіпті дамытып, кәсіпкерлік пен туризмді жолға қоюда атқарылған ауқымды істер мол.
Елдің шырайы – Сырдың мұнайыОблыс жерінде мұнайдың «Құмкөл», «Арысқұм», «Майбұлақ», «Қызылой», «Ақсай-Нұралы», «Ақшабұлақ», «Бектас», т.бкен орындары ашылған. Қазір өңірде шетелдік инвесторларды тартып, көптеген мұнай-газ өндіру фирмалары жұмыс істеуде. Олардың бір жағынан жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етуде маңызы айрықша. 2004 жылы мұнай саласында 2772 адам ғана жұмыс істеген.
Өнеркәсіптік өндірісте тау-кен өнеркәсібінің үлесі басым (70%),оның ішінде 82% шикі мұнай мен табиғи газды өндіруге тиесілі.Қазіргі уақытта облыста 12 мұнай-газ өндіруші компания тіркелсе, оның ішінде «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС және «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның орны ерекше.
«ҚазГерМұнай» БК» ЖШСқызмет саласы – көмірсутек шикізатын барлау, әзірлеу, өндіру және өткізу.Компанияның қызметі 1984 жылы Оңтүстік Торғай ойпатының Арысқұм ойпатындағы «Құмкөлдің» алғашқы ірі мұнай-газ кен орнының ашылуымен басталды.Бүгінде компанияда 700-ге жуық адам жұмыс істейді.Мекеме Қазақстанның экономикалық және саяси қалыптасуының қиын жылдарында даму кезеңдерінен өтіп,құрылғаннан бері өңірдің дамуына жан-жақты демеушілік көмек көрсетіп келеді.
«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚқызметі 1986 жылы Орталық Қазақстанның оңтүстігіндегі Оңтүстік Торғай бассейніндегі «Құмкөл» кен орнын игеруден басталды. Кәсіпорын мұнай және газды барлау, шығару және өндіру, сондай-ақ мұнай өнімдерін сату бойынша қызметті жүзеге асырып, 1400-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр.
– Биыл облыс үшін айтулы жыл – туған өңіріміз құрылғанына 85 жылдық мерейтойын атап өтуде. Егер тарихқа тереңірек үңілсек, мұнай-газ өндіру саласына – кен орындарын игеруге, мұнай мен газ өндіруге, мұнай мен мұнай өнімдерін қайта өңдеуге және сатуға қатысты көптеген қызықты оқиғалар туралы сөз қозғауға болады.
Оңтүстік Торғай мұнай-газ иініндегі пайдалануға берілген алғашқы мұнай кен орны «Құмкөл» болып табылады. «Құмкөлдегі» алғашқы терең ұңғыманы Оңтүстік Қазақстан мұнай барлау экспедициясы осыдан тура 40 жыл бұрын, 1983 жылы бұрғылаған еді. 1984 жылдың қысында «Құмкөлде» алғашқы мұнай фонтаны атқылады, ал 1986 жылдан бастап Оңтүстік Торғай бассейнінде мұнай кен орындарын өнеркәсіптік игеру басталып кетті. Облысымыз бұған дейін аграрлық өңір болып саналғандықтан, «Құмкөл» кен орнының іске қосылуы маңызды оқиға болғанын айрықша атап өткеніміз жөн. Осылайша, өңірімізде экономиканың қарқынды дамып келе жатқан жаңа саласы пайда болды. «ПҚҚР» компаниясын сол кезде кен орнын игеруді бастаған қазақстандық мұнай өндіруші компаниялардың құқықтық мирасқоры десек, артық болмас.
Сонау 90-шы жылдардың басында еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізуі Сыр елінің және бүкіл қазақ халқының басты жетістігі болғаны баршамызға мәлім. Жаңа тарих кезеңінде біздің облыс бүкіл елмен бірге бір қазанда біте қайнасып, экономиканың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарға төтеп берді. Үш онжылдықта аймақ ірі құрылыс алаңы бар индустриалды аймаққа түрленіп шыға келді, бұл өңірдің дамуына жаңа серпін берді. Қызылорда жыл сайын ірі индустриялық және инновациялық жобалар іске асырылатын құрылыстары заманауи талапқа сай, инфрақұрылымы дамыған әсем қалаға айналды. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ да экономиканы дамытуға, оның бюджетін ұлғайтуға, әлеуметтік объектілерді салуға және инвестициялар тартуға өз үлесін қосып келеді. Бүгінгі таңда өңіріміз өсу мен өркендеу жолында тың екпінмен қарқынды серпіліс үстінде, бұл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, Арал өңірі халқының әл-ауқатының артуына алып келеді.
Қазіргі уақытта компаниямыз 10 кен орнын игеруде. Жұмыс атқарған жылдар ішінде «ПетроҚазақстанИнк.» компаниялар тобы 83 миллион тоннадан астам мұнай өндірді.
Бұдан бөлек, «ПҚҚР» АҚ – облыстағы ірі демеушілердің бірі саналады. Компания әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға және қайырымдылық шараларына қомақты қаражат бөліп отырды. Мұның бәрі өңір халқының игілігі үшін жасалды. Осындай ізгі бастамалар жалғасын таба бермек.
Жерлестерді 85 жылдық мерейтоймен құттықтаймын, – деді «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ вице-президенті Б.Көшербаев.
Өндірілетін өнімдердің көпшілігі ішкі нарыққа жеткізіледі, шикі мұнайдың экспорты бірнеше тиеу орындары арқылы Қытай мен Өзбекстан бағыттарымен жүзеге асырылады.Компания әр жылдары түрлі марапатқа ие болып келеді. Оның бірі – 2023 жылы өткен «Digital Almaty: жаңа шындықтағы цифрлық әріптестік» V Халықаралық цифрлық форумы аясындаұсынылған «Үздік экологиялық жоба» номинациясы.
Құрылыс индустриясының игілігіӨңірдегі құрылыс индустриясын дамыту үшін жеткілікті көлемде минералды-шикізат шоғырланған. Әк, түрлі фракциядағы қиыршық тас, саз және ақсаз, кварц құмдарын өндіруге арналған доломиттер, бентонит және каолин балшықтары аймақта жетерлік.
Бұлсалада 70-ке жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Өңірде табақша шыны, цемент, темір-бетон бұйымдары, әк, кірпіш, керамикалық және силикат кіріпіш, керамзит блоктары, құрылыс қоспалары, желім, тротуарлық плитка, тауарлық бетон, екі қабатты терезелер, айна және т.б өнім түрлері шығады.
Құрылыс материалдарын шығаратын алғашқы кәсіпорындардың бірі – «Құрылыс» АҚ. Ол 1956 жылы іске қосылған. Кәсіпорын бүгінгі күні 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.Кәсіпорын құрамалы темір-бетон және бетон конструкцияларын шығарады. Қуаттылығы – жылына 105 мың тонна.
Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап «Комфорт-1 KZ» серкітестігі заманауи және автоматтандырылған технологияларды қолдана отырып, уақыт пен климаттық тексеруден өткен ең сапалы екі қабатты терезелерді және әйнектерді өндіре бастады. Қазіргі таңда кәсіпорында 14 адам жұмыс істейді. Өнімдер Қазақстанның барлық өңірлеріне жеткізіледі.Компания екі қабатты терезелердің 7 түрін шығарады.
Сондай-ақ, құрғақ құрылыс қоспалар, әк, пенопласт және полистирол бетон өндірісімен айналысатын кәсіпорындар бар. «ВЕГА-Пром» серіктестігінің құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру цехы 2015 жылы пайдалануға берілді. Мұнда құрғақ құрылыс қоспасының 11 түрі шығарылады. «Композиттік құбырлар зауыты» серіктестігі 2013 жылы құрылды.Бастапқыда компания Қытайдан, Еуропадан және алыс шетелдерден шыны-талшықты құбырлар мен бекіту арматураларын жеткізумен айналысты. 2017 жылдан бастап кәсіпорын шыны-талшықты құбырларын шығара бастады.Химия өнеркәсібі саласында 21 кәсіпорын жұмыс істейді Бұл саладағы жалғыз ірі кәсіпорын – «СКЗ-U» ЖШС. Кәсіпорын 2013 жылы Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған.
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейдіЖаһан жұртымен терезесі тең қарым-қатынас орнатудың төте жолы – мығым экономикалық күш-қуат. Бәсекеге қабілетті елдердің ең негізгі көрсеткіші дәл осы салаға тікелей қатысты екені жасырын емес. Егемендікке қол жеткізген жылдары Қазақстан үшін де шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бірден-бір басым бағытқа ие еді. Бүгінде түрлі жобалар іске асып, жеңілдік пен субсидия еншілеген кәсіп иелері салада белгілі тұлғаларға айналып үлгерді.
2010 жылдан бастап республика көлемінде кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды. 2010-2019 жылдар аралығында Бағдарлама аясында облысқа 8 006,0 млн теңге қаржы қарастырылып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 1656 жобасы қаржыландырылған.
2014 жылы ауылдық елді мекендердің кәсіпкерлерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету мақсатында республика бойынша алғаш рет облыс әкімдігінің 100 пайыз қатысуымен «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС-і құрылды. Орталыққа осы уақытқа дейін әртүрлі көздерден 9 млрд теңге қаржы тартылған.
2017 жылы облыс кәсіпкерлеріне бір терезе қағидаты негізінде қызмет көрсететін толық форматтағы «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» құрылды. 2017-2019 жылдары Орталық арқылы облыс кәсіпкерлеріне «бір терезе» қағидаты негізінде 19055 қызмет көрсетті. Бір жылдан соңөңір кәсіпкерлеріне қолайлы жағдайлар жасау, әкімшілік кедергілерді қысқарту және кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын сүйемелдеугеалу мақсатында кәсіпкерлік саласында қызмет көрсететін ұйымдар бір бизнес-орталыққа шоғырландырылды.Бизнес-орталық «Кәсіпкерлер үйі» деп аталып, толықтай облыс әкімдігінің қамқорлығына алынды. 2018-2020 жылдары жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың санын қысқартуға ықпал жасау, өңірімізде шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін күрт өсіру үшін «Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың үш жылдығы» болып жарияланды.
2022-2023 жылдары шағын және орта бизнестің 48,8 млрд теңгеге несиелендірілген 2265 жобасына Ұлттық жоба аясында субсидия берілген. Шағын бизнестің 43 кәсіпкерлік бастамасына 187,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік гранттар табысталған. 2023 жылыМемлекет басшысының Жолдауы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынып, ауыл тұрғындары мен жастар кәсіпкерлігін жылдық 2,5 пайызбен несиелендіру тетігі іске қосылды.
Биыл ауылдық жерлердегі 130 кәсіпкерлік бастамаға 1 млрд теңге, ал жастардың 281 кәсіпкерлік бастамасына 1,2 млрд теңге шамасындамикрокредиттер табысталды.
Туризм – табыс тірегіҚазақ елінің кең жазира даласына көз салып, қызықпайтын ел жоқ. Бәріне қазақтың жұқалаң шалғын шөптері, көкпеңбек айнадай көлдері қызық. С.Мұратбековтің «Жусан иісі» повесін оқыған адам ешбір теңеу сәйкес келмейтін ғажайыпқа толы иісті іздейді. Міне, ұлты бөлек болса да, адамзат ерекше сезімге бөлену үшін Қазақстанға келгісі келетіні жасырын емес. Елдегі ескерткіштер, ғарыш айлағы, тарихи орындар, табиғи ғажайып жерлер, Арал мен Жаңақорғанға дейінгі байтақ мекен сүйсінуге тұрарлық.
Облыстың туристік саласы 85 жыл ішінде көптеген жетістіктерге жетті. Тіпті соңғы 20 жыл ішінде туристер саны 10 есеге артып, 2022 жылдың қорытындысымен өңірге 100492-ге дейін адам келгені тіркелген.
Бүгінгі күні облыс аумағында 100-ден аса қонақ үй бой көтерген. Аймақтың басты артықшылықтарының бірі – тиімді географиялық орналасуы. Облыс аумағы арқылы «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің үштен бірі өтеді.
Қытайды Еуропаға байланыстыратын ең жылдам және тиімді жол 2015 жылы пайдалануға берілген еді. 2015 жылдан бастап жол бойында қызмет көрсететін кешендер іске қосыла бастады. Бүгінгі күнге ұлттық стандартқа сай келетін 46 нысан келушілерге қызмет көрсетіп отыр.
2014 жылы бүкіл әлемге әйгілі «Қорқыт ата» мемориалдық кешені Қазақстан Республикасының Тұңғыш президентінің тапсырмасымен қайта жаңғыртылды.Бір жылдан соң Сығанақ қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы Сығанақ қалашығында толық абаттандыру шаралары жүргізіліп, «Syġanaq» стелласы орнатылды.
Арал теңізіндегі «Көкарал» бөгеті 2006 жылы САРАТС жобасы аясында пайдалануға берілген. Ұзындығы 13 шақырымдық тоспа салынғаннан кейін кіші теңіздегі су деңгейі көтеріліп, тұздылығы төмендеді. Теңіз кемерінен шегінген сәттен бастап азайған балық түрлері қайта көбейіп, байырғы жұрт атакәсіпке оралды.
Осы тұста Жаңақорған және Шиелі аудандары аумағындағы петроглиф жазбаларын көрушілер көп. Жазбалар Сауысқандық шатқалында тасқа қашалып жазылған.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда облыс көлемінде туризмді дамыту мақсатында 5 шипажай халыққа медициналық қызмет көрсетуде.Жақында заманауи үлгідегі шипажай пайдалануға берілді.
Туризм саласында инвестиция көлемі де жыл сайын артып келеді. 2022 жылдың қорытындысымен инвестиция көлемі 26,8 млрд теңгені құраған.Қазіргі таңда облыстың транзиттік инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Қорқыт ата»әуежайы терминалының құрылысы жүргізілуде және теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды.Сонымен қатар, жаңадан салынып жатқан «Өнер орталығы» мен автовокзал құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Жазғы демалыс маусымында облыста 13 шағын және 2 ірі демалыс орны жұмыс істейді. 2022 жылы 37,7 мың демалушы келген.Оның ішінде 14,2 мың демалушыны «Қамыстыбас» және «Ханқожа көлі» демалыс аймақтары қабылдаған.
«Байқоңыр» корпорациясы«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ негізгі қызметтерінің бірі – мемлекеттік және жеке серіктестіктің негізінде Қызылорда аймағының өркендеуіне ықпал ету.ӘКК жергілікті даму институты және оның бірден-бір акционері Қызылорда облысы әкімдігі.
Қазіргі таңда ӘКК қызметі жеке кәсіпкерліктің дамуына барынша қолайлы жағдай тудыруға бағытталған, яғни қолда бар өндірістерді жаңарту және жаңаларын құру, инвестиция тарту мен үкіметтік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында қызмет атқаруда.
2011 жылдан бастап ӘКК жалпы құны 17,2 млрд теңге құрайтын 79 жобаға қатысты, оның ішінде инвестиция тарту арқылы 11,1 млрд теңгеге жобалар қаржыландырылды. ӘКК қоғамның үлесі 6,1 млрд теңге. Іске асқан жобалардың негізінде бірлескен кәсіпорындар ашылып, 1585 жұмыс орны құрылған. Оның ішінде Қармақшы ауданында құс фабрикасы, Жаңақорған ауданында емдеу-сауықтыру санаторийі, Қызылорда қаласында ет өңдеу, құрама жем, күріш өңдеу өндірісі және т.б өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобалар өңіріміздің экономикасына өз септігін тигізіп, ел игілігне қызмет жасауда.
Сыртқы байланыстар һәм саудаТәуелсіздік жылдары еліміз халықаралық аренада бейбітшілік, әділдік және ашықтық қағидаларын ұстанған өркениетті мемлекетке айналды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан көпвекторлы және белсенді сыртқы саясатты ілгерілетіп, халықаралық ынтымақтастық пен тұрақты даму жолында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.Жаһандық және өңіраралық деңгейдегі сыртқы байланыстар өңірлерге инвестициялар мен озық технологияларды тартуға, мәдени-гуманитарлық алмасуларға және сауда-экономикалық кооперацияны арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Өз кезегіңде бұл халқымыздың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Биыл шетелмен өзара байланыстарды арттыру мақсатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен әкім орынбасарлары бастаған облыстық делегациялардың Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, Моңғолия, Корея Республикасы және Қытай Халық Республикасына арнайы жұмыс сапарлары ұйымдастырылды.
Кездесулер нәтижесінде сауда-саттық пен алыс-беріс нығая түсері анық. Иә сауда – экономиканың ежелгі дәуірден келе жатқан ең ескі салаларының бірі. Заман ағымымен дами отырып, сауданың бүгінгі күнгі дәстүрлі түрі қалыптасты.
Ішкі сауда – ел экономикасының басты қозғаушы күші. Өңірде 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында жалпы сауда көрсеткіші 530,8 млрд теңгені құрады. Атап айтқанда, бөлшек сауда айналымы 330,6 млрд теңгені құрап, 104,0% болса, көтерме сауда айналымы 199,2 млрд теңгені немесе 104,3%-ды құрап отыр. Ал автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу 966,2 млн теңге немесе 2022 жылдың сәйкес кезеңіне 105,4%-ды құраған.
Аймақ айбатын асырғанЖылдар жылнамасынан бөлек, Сыр өңірінде жаңадан өндіріс орындары ашылып, зауыттар ел игілігіне қызмет ете бастады. Аймақтың айбатын асырып, экономикалық қуат сыйлаған және жақында ел Президенті өзі назар салған нысандарға да шолу жасағанды жөн санадық.
Қазір Сыр елі дегенде Шыны зауыты қоса ойға оралады. Мұндағы жұмыстың барлығы «Orda Glass ltd» ЖШС-ның «Қуаттылығы жылына 197,1 мың тонна табақша шыны өндіру және өңдеу зауытының құрылысы» жобасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда.Шыны зауыты өткен жылы қазанда іске қосылып, осы уақыт ішінде 167 мың тоннаға жуық республикадағы алғашқы инновациялық шыны өнімін шығарды. Бұл – республикада алғаш іске қосылған ірі инновациялық зауыттардың бірі. Шығарылған өнімдер еліміздің барлық өңірлеріне сатылып, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан Республикалырна экспортталды.
Бүгінгі күні өнім шығару үшін шикізат Арал және Жаңақорған, сонымен қатар, сырт елдерден де әкелінуде.
Келесі «Аралтұз» зауыты. Мұнда жаңадан іске қосылған ІІІ испан цехы жұмыс жасайды.Өңір басшысы өндіріс орнының еліміз үшін ғана емес, көршілес мемлекеттер үшін экономикалық маңызына тоқталып, өнім өндіру мәселесінің өзекті екенін жеткізген еді.Айта кетейік, «Аралтұз» зауыты жылына 600 мың тонна тұз өндіруге қауқарлы. Өнім Қазақстан және ТМД елдері нарығына жеткізіледі. Бүгінде 1200 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Бұған дейін аталған өндіріс орны Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде ас тұзы мен техникалық тұз өндіретін испан цехын іске қосты. ІІІ испан цехы 2021 жылы іске қосылған. Жоба құны 3 млрд теңгені құрайды.
Ал үшінші тау-кен және металлургия өнеркәсібінде «Шалқия» қорғасын-мырыш және «Баласауысқандық» ванадий кен орындарын игеру жобаларын айтып өтпесек болмайды.
«Шалқия» кен орны – дүние жүзіндегі ең ірі бес кеніштің бірі. Фабриканың құрылысын жүргізетін мердігер мекемені анықтау бойынша коммерциялық кезең аяқталды. Бүгінде өтінімдерді бағалау жұмыстары жүргізілуде. Фабрика құрылысы бойынша келісім-шарттар жасасу 2023 жылдың қазан-қараша айларына жоспарланып отыр. Тендерлік процесс аяқталғаннан кейін комбинаттың құрылыс жұмыстары басталатын болады.
Өңірде тағы бір маңызды жоба қолға алынды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен «Саутс-Ойл» компаниясы президенті Серікжан Сейітжанов Қызылорда қаласының сол жағалауынан 650 орындық музыкалық колледж ғимаратын салу жобасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Жалпы құны – 4 млрд 800 млн теңге.
Сондай-ақ жақында Мемлекет басшысы арнайы барған Темір-бетон бұйымдары зауытының да бәсі биік. Комбинат күніне 200 текше метр темір-бетон бұйымдарын өндіреді. Жалпы жоба құны 3,5 млрд теңге. Сонымен қатар, жаңа жылу-электр орталығының құрылысы басталды. Орталық 2025 жылы ел игілігіне табысталмақ. Қуаттылығы 240 мегаватт, құны 215 млрд теңге.
Айдар Сайлауов