Ұлы даладағы түркі руханиятының салтанаты
Кеше Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театрында түркітілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің ашылу рәсімі өтті.
Дәстүрлі фестивальға құрметті қонақ болып басты әрі рухани серіктес, «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев арнайы қатысты. Айта кетейік, халықаралық шараны ұйымдастырудың тұрақты қолдаушысы болған «ТҮРКСОЙ» ұйымының құрылғанына биыл – 30 жыл. Ұйым түркі әлемінің мәдени құндылықтарын тану, зерттеу, сақтау, дамыту бағытындағы ірі де ізгі жұмыстардың атқарылуына әрдайым ұйтқы болып келеді.
Фестивальді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, ақжарма лебізін жеткізді.
– Баршаңызды түркі халықтарының мәдениеті мен өнерінің басын қосқан дәстүрлі фестивальдің ашылуымен, «ТҮРКСОЙ» ұйымын мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Түркі халықтарының руханиятын насихаттаудағы еселі еңбектеріңізге табыс, шығармашылық жетістіктер тілеймін!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінде: «Біз Түркі әлемінің атажұрты ретінде өздеріңізбен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береміз. Сондықтан ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз» деген болатын. Осы мүдде жолында қасиетті Сыр топырағында дәстүрлі түрде өтетін «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалінің ролі мен маңызын зор мақтанышпен айта аламыз, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы.
Туысқан халықтардың фольклорлық музыкалық өнерін дәріптеу, өзара мәдени байланысын нығайту мақсатында өткізілетін фестиваль арқылы қатысушылар бір-бірінің кешеден бүгінге жеткен мәдени қазынасының сырына қанығып, рухани кеңістігін кеңейтеді. Фестиваль өткізілген жылдар ішінде Қорқыт баба мұралары Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы UNESCO-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгізілген. Бұл – Қорқыттан қалған ұлы өнердің, Ұлы дала сазының мәңгілік өмірінің айқын дәлелі.
– Бастау алған сәттен бері қатысушылар үлкен ықыласпен күтетін фестивальдің биылғы кезеңі тәуелсіз Қазақстан тарихында өзіндік ерекше орны бар Қызылорда облысының 85 жылдығымен тұспа-тұс келді. «Сыр елі – жыр елі» атанған Сыр өңірі ел мәдениетінде жаңа даму үдерісінің көшін бастады.
Араға 10 жыл салып, мәдениет саласын дамытуға үлес қосқан өнер және әдебиет өкілдеріне арнайы «Тұран» сыйлығын табыстадық. Бұл дәстүр бұдан әрі жыл сайын өз жалғасын табады.
Биылдан бері облыстың мәдениет саласындағы 10 маман шетелдердегі үздік өнер орталықтарында біліктілігін арттыра бастады.
Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр іске қосылды.
Бұған дейін Қызылорда қаласы әкімдігі жанында үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым болып қайта құрылды.
Археолог ғалымдардың ұсынысымен Сырдария сақтарын асқан көркемдігімен тамсандыратын «Шірік Рабат Алтын адамы» және Алтын Орда кезеңіндегі Ұлы дала көшпенділерінің өркениетін паш ететін «Сығанақ ханшайымының» алтын мүсіндерін қараша айында облыстық музейге табыстаймыз. Жәдігерлер Сыр өңірінің басты брендіне айналады, – деді облыс әкімі.
Халықаралық деңгейдегі мәні зор шаралар бабадан жеткен ортақ тарих пен мәдениетті терең зерделеуге зор мүмкіндік берері сөзсіз. Себебі шараға жиналған барлық өнерпаздар өз шеберлігін, ұлттық мәйегін халыққа көрсете білді. Рухани кеш «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивалінің гимнімен түйінделді.
Сейсенбі күні Сыр өңірінде түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі бастау алды. Облыс әкімдігі және «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымымен бірлесе қолға алынған фестиваль биыл VI рет өтуде. Айта кетейік, Қызылорда облысының 85 жылдығы мен халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығы мерекесімен тұспа-тұс келіп отырған өнер фестивалінде Сыр халқы жалпы түркі дүниесінің жауһар туындыларымен сусындады.
Түркітілдес елдердің арасындағы мәдени байланысты нығайту, оның ішінде Тұран даласының ұлы тұлғасы Қорқыт ата мұраларын насихаттау бағытында дәстүрлі өнер фестивалі үш жылда бір рет өткізіліп келеді.
Биылғы өнер мерекесіне Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Саха, Тыва елдерімен қатар, Қазақстаннан 200-ге тарта өнер ұжымдары мен дәстүрлі өнерпаздар қатысып отыр. Халқымыздың ұлттық өнерін халықаралық деңгейде дәріптеп жүрген белгілі жыраулар Алмас Алматов, Елмұра Жаңаберген, Ұлжан Байбосынова, «Хассак» этно-фольклорлық тобы және Сыр еліндегі жыраулық мектептердің көрнекті өкілдері өнер көрсетеді. Сондай-ақ, Қорқыт ата мұраларын әлемдік деңгейде насихаттаушы Раушан Оразбаева, Мақсат Мұхаммеджан сынды өнерпаздар Қорқыт баба күйлері мен жырларын тағы бір мәрте дәріптейді.
Өңірімізге келген фестиваль қонақтары алдымен 205 жылдық тарихы бар Қызылорда қаласының көрікті жерлерін тамашалады. Одан кейін облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, «Тұран таңбалары» этно-археологиялық көрмесімен танысты.
Тұран өркениетінің бастауы – ежелгі Шірік Рабат, ортағасырлық Сығанақ, Жанкент қалаларының тарихы бауырластардың назарын ерекше аударды. Одан соң өткен ғасырдың ғаламат жетістігі – жер кіндігі деп аталған «Байқоңыр» ғарыш айлағы, 1905 жылы іргесі қаланған, ғасырдан астам тарихы бар «Орынбор – Ташкент» теміржолы туралы деректерге қонақтар аса қызығушылық танытты.
Сыр өлкесін атажұрт санайтын түркітілдес ағайындар аймағымыздың тарихы мен мәдениетіне, сондай-ақ, бүгінгі тұрмыс-тіршілік сипатына айрықша ден қойып, жоғары баға берді.
«Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестиваліне келген қонақтар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында жасақталған «Түркі әлемінің бесігі» атты кітап көрмесін тамашалауға бас қосты. Көрмеде түркі әлемінің бірлігі, теңдігі және бауырластығы идеясын, түркілер тарихы мен ортақ мәдени құндылықтарын айғақтайтын ғылыми еңбектер, тарихи-мәдени жаңалықтар жарияланған басылымдар назарға ұсынылды.
Мерекелік жиын облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Баймановтың және халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың құттықтау сөзімен ашылды.
– Құрметті бүгінгі жиынға қатысушы қонақтар, түркі халықтарының ұлттық танымы мен рухани үндестігін паш ететін дәстүрлі «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі биыл алтыншы мәрте өткізілуде. Өнер бәйгесінің түбі бір түркінің ортақ абызы – Қорқыт атаның отаны саналатын Қызылорда жерінде өткізілуінің де өзіндік мәні бар. Себебі, Сыр – Алаштың анасы, сондықтан түркітілдес халықтардың бабадан мирас болған рухани мұрасы осы топырақта мәңгі қалған. Биылғы өнер фестивалімен қатар «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының 30 жылдығы тойлануда. Түркі мәдениеті мен өнерін дамытуда, оның әсемдігі мен ғибратын әлемге танытуда «ТҮРКСОЙ»-дың еңбегі ерен, халықаралық ұйымның 30 жылдығы – барша түркі әлемі үшін маңызды оқиға. Қасиетті Сыр топырағының текті тұлғасы Т.Жүргеновтің 125 жылдығы халықаралық ұйымның аясында өткізілуі де – тарихи сабақтастықтың бір көрінісі, – деді Ш.Байманов.
Халықаралық ұйымның Бас хатшысы Сұлтан Раев құттықтау сөзінде түркі мәдениетінің түп қазығы қасиетті Сыр топырағы екенін атап өтті. Оның ішінде күллі түркі жұртына ортақ Қорқыт баба өмірге келген және мәңгілік тыныс тапқан өлке болғандықтан, сол дәуірлерден бергі тарихи һәм мәдени құндылықтар арамызды біріктіре түсетінін айтты. Сонымен қатар, Сыр өлкесіндегі жер кіндігі – «Байқоңыр» ХХ ғасырдағы жаңа өркениеттің бастауы деп баға берді Бас хатшы.
Салтанатты жиында бірқатар жерлестеріміз, қоғам қайраткерлері, мәдениет өкілдеріне «ТҮРКСОЙ» ұйымының 30 жылдық мерекелік төсбелгісі табысталды.
Ұлы даланы дүбірлеткен жиынның рухани әсері туралы ой бөліскенімізде танымал режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов былай деді:
– Рух өлмейді. Оған дәлел, Қорқыт сарнатқан ұлы дала сазы түркі дүниесі үшін мәңгілік мұра болып қалды. Арада ғасырлар өтсе де, осынау рух шапағаты бауырлас жұртымызбен ынтымағымызды нығайтып, байрағымызды биіктете түсті.
Ең алғаш 2006 жылы осы «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өткізілгенде соның сценарисі, режиссері болғанмын. Содан бері қарай рухани сабақтастығымыз жалғасып келеді. Бұл түркі дүниесінің тұтастығы және өнер тұтастығы үшін қажет деп ойлаймын. Осынау халықаралық фестиваль аясында түркі мәдениеті әлемге айшықтала берсін. Жасампаз өнердің байрағы биік болсын!