Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Маржан Аябекова: Шетелге оқуға түсуді жеңілдеткім келеді

Маржан Аябекова: Шетелге оқуға түсуді жеңілдеткім келеді

Бүгінгі кейіпкеріміз сырбойылық Маржан Аябекова – қазір қазақ балаларын шетелде оқуға дайындайтын Marzhan’s Online School жетекшісі. Ол қазақ жастарына шет тілін үйретіп, армандаған оқу орнына түсуге қол ұшын беріп жүр.

– Сұрағымызды өзіңіз ашқан онлайн мектептен бастасақ…
– Мен мектеп бітірген соң Еуразия ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түстім. Дәл осы ордада арманыма апарар алғашқы қадамды жасап, ағылшын тілін нөлден бастап өз бетімше үйрендім. Нәтижесінде IELTS тапсырып, мүмкін деген 9 балдың 8-ін алып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Еуропаға оқуға кеттім. Нақтырақ айтсам, Италияның тарихы тереңге жайылған ең беделді Ла-Сапиенца университетіне шақырту алдым.
Бір қызығы, 1-курста «put», «cut» сияқты қарапайым сөздерді де айта алмайтынмын. Бірақ, оның бәрін уақыт өте келе еңсердім. Жалпы өзге мемлекетте білім алу үшін студент біраз дайындықтан өтуі керек. Мысалы, тіл үйрену, құжат дайындау, оқу орнын таңдау, көшіп бару,  тағысын тағы. Ал мұның бәрі жан-жақты, тыңғылықты әзірлікті қажет етеді. Осы қиын жолды көрген мен ауылдағы талантты ұлдар мен шалғайдағы еңбекқор қыздарға көмектескім келді. Бір сөзбен айтқанда, олардың Кембридж не Оксфорд туралы арманын ата-анасына қиындық тудырмай-ақ орындай алғанын қаладым. Бүгінгі жұмысым – сол арманымның жемісі.

– Қазір тіл орталығының жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Орталықта 10 маман жұмыс істейді. Оның 5-уі оқушылар мен студенттерге ағылшын тілін үйрететін, IELTS-тен жоғары балл алған мұғалімдер болса, қалған 5-уі – университетке түсу үшін құжаттарды жинауға көмектесетін, ұйымдастырушылық кезеңдерге жауапты менеджерлер.
Біздің тағы бір ерекшелік – шетелде тегін оқу мен ай сайын шәкіртақы алуға берілетін кепілдік. Кейінгі жылдары қазақстандық үздік ЖОО-да бір жылдық оқудың ең төменгі бағасы 850 мың теңге болғанын ескерсек, біздің орталық арқылы Еуропаға оқуға барудың тиімді екенін түсінуге болады. Біз 2019 жылдан бері 4 мыңнан астам студент оқытып, қысқа уақыттың ішінде жүздеген талапкердің арманын орындадық.
Тағы бір ескеретін жайт, жалпы біз қазақтілді балаларға ерекше көңіл бөлеміз. Мәселен, былтыр мектебімізге келген оқушылардың 5%-і ірі қаладан болса, қалған 95% талапкер ауыл балалары болды.
– Түсінікті. Бірақ тіл үйренуді көпшілік қиынсынып жатады. Жалпы шет тілін меңгеру соншалықты қиын ба?
– Шын мәнінде адам баласы кез келген нәрсеге қол жеткізе алады. Мысалды өзімнен келтірейін. Қарапайым ауылдан шыққан қыз үшін шет тілдерінен сабақ беру былай тұрсын, оны біліп әрі сөйлеу айтарлықтай арман еді. Осыдан 10 жыл бұрын ағылшын тілін білмек түгілі, дұрыс оқи алмадым. Бірақ, іштегі арманды оятып, әрекетке айналдырып, нәтижеге ұластыру үшін намысты қамшылау керек.

Кеше ғана Джо Диспенсаның кітабын оқыдым. Ол былай дейді: «Адамдарды когнитивті және когнитивсіз деп екіге бөлеміз. Когнитивті дегеніміз – жан қалауы мен ми қалауының тоғысуы. Осы екеуі тоғыспаса, адамның арманы орындалмайды». Тіл үйрену неге қиын деген сауалдың жауабы осы.
Мен де ағылшын тілінде еркін сөйлесем деп армандадым. Ми қалап тұрса да, жүрек толық қабылдай алмады. Бірінші курста оқып жүргенде «пут» деген сөзді «пад» деп оқитынмын. Сонда курстасымның «сен сөйлемей-ақ қойшы, сен сөйлей алмайсың» деген сөзі мені қамшылап, когнитивті болуға итермеледі. Тіпті ментор дәрежесіне дейін жеткізді.
Шетелде оқу үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Қиналғаным, ұйқысыз түндерім, айнаның алдында тұрып сөйлемдерді жаттағаным әлі есімде. Түсінбесем де кітапты дауыстап оқып, түсінбегеніме еңкілдеп жылағаным көз алдымда. Жалпы барлық адамның арманы орындалады. Орындалмайтын арман болмайды, «the impossible is possible» деген сөз бар. Мүмкін емес деген мүмкін емес.

– Бірнеше тілде еркін сөйлеп жүрген ментор-полиглотсыз. Шетелде оқып жүрсіз. Армандар көп шығар…
– Әрине, ең бірінші арманым – адал жар, инабатты-иманды келін болу. Артымда саналы ұрпақ қалдыру. Екінші арманым – қазір айналысып жүрген жобаларым. Менің мақсатым – қыз балаларға білім беріп, олардың саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуіне ықпал ету. Одан Америкаға барып, білімімді шыңдап, елге келіп қаракөз қазақ балаларымен соны бөлісу.
Әлемдік деңгейге шыққым келеді. Сол үшін әлем тілдерін оқып жатырмын. Қазір итальян тілін оқып жатырмын, оны игеріп болып испан тіліне көшемін, солай-солай жалғаса береді. Қазір шетелге оқуға түсетіндер әртүрлі қызметке, мекемеге жүгіріп жүріп шаршайды. Мен соның бәрін бір нүктеден істейтін үлкен компания ашқым келеді. Қазақ балаларының көзін ашып, шетелге оқуға түсуді одан сайын жеңілдетсем деймін.
– Ал арманына жете алмай, сәтсіздікке ұшырап жүргендерге не айтасыз?
– Ондайлар көп. IELTS тестін 4 рет тапсырдым. Қаламаған жерде, ұнамаған жұмысты істеп жүріп, жылап-жылап, «қайтсем де арманыма жетемін» деп, осы күнге жеттім. Елдер мен жайлы «топ етіп аспаннан түсе салды» деп ойлайтын шығар, 4 университет оқуға қабылдамай қойды. Мен қанша жыл университеттерді зерттедім, тіл үйрендім солай арманыма жеттім.
Өмірде барлық нәрсе біз ойлағандай бола бермейді. Сондықтан барлық нәрсеге дайын болу керек, бір жолы оқуға түсе алмасаңыз, тағы бақ сынап көруге болады.

– Шет мемлекеттерге барғанда қандай жақсы, пайдалы дүниелерге назар аударасыз? Ол жақтан не аласыз?
– Шетте жүріп, ең бірінші Қазақстанның, қазақ халқының, тілінің қадірін түсінесіз. Ой-өрісіңіз кеңейеді. Патриоттығыңыз арта түседі. Бәрі салыстырмалы түрде ғой. Расында да ең қонақжай халық біз екенбіз. Не аласың дегенге келсек, энергия деп айтар едім. Таным-түйсік арта түседі. Халқына қарасақ, италиялық әжейдің пәтерінде тұрамын. Жасы сексенге таяп қалса да, үнемі қозғалыста, көңіл-күйі көтеріңкі. Таңғы алтыда тұрып, кешке ерте жатады. Осыны күнделікті өміріме енгіздім. Сол кісі арқылы тілге деген махаббатым оянды.

– Отандық ЖОО-дан ол жақтағы білім мекемелерінің артықшылығы қандай?
– Әрине, артықшылықтар жеткілікті. Бір ғана мысал айтайын, оқытушы-профессорлар құрамы – практиктер. Заң саласын алсақ, дәріс оқитын мұғалім халықаралық даулы мәселелерді шешіп жүрген адвокат болуы мүмкін, журналистика болса, танымал газеттің редакторы болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, ЖОО-да теоретиктен гөрі практиктерге басымдық берілген. Сосын студенттер өзі үшін оқиды. Оған ешкім «кел, оқы, тапсырманы өткіз» демейді. Бізде бәрі керісінше ғой. Сол үшін де білім сапасы көңіл көншітпейді.
– Сөзіңіз орынды. Рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақтілек БІТІМБАЙ
15 тамыз 2023 ж. 173 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930