Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарғалы ауылында қыз баланы жәбірлеген әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Қарғалы ауылында қыз баланы жәбірлеген әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды


Сурет ашық дереккөзден

Алматы облысының полиция департаментіндегілер Қарғалы ауылында әйелдің кішкентай қыздың қолын байлап, аузын тұмшалаған видеосы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тексеру кезінде видеодағы әйел 1999 жылғы Т. есімді әйел екені белгілі болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, келіншек қаршадай қызға оның ата-анасымен арадағы кикілжіңге байланысты зәбір көрсеткен.

«Бұл факт Жамбыл ауданы полиция бөліміндегі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізбесіне Қылмыстық кодекстің 389-бабы бойынша тіркелді. Іс бойынша оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім шығарылады. Сонымен бірге, тиісті сараптама тексерулері тағайындалды», – дейді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.

Еске салайық, бұған дейін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желіде қыз баланы жәбірлеуші адамның көрші әйел екенін, қазір ауылдан бой жасырып үлгергенін жазған болатын.

«Көрші әйел ауылдан кетіп қалған, оны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баламен мектеп психологі жұмыс істейтін болады», – деді Динара Зәкиева.
21 шілде 2023 ж. 151 0