Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Есірткі саудалаушылар есіріп барады

Есірткі саудалаушылар есіріп барады



Елімізде соңғы бес айда 600-ден аса есірткі сатушы ұсталса, оның 99-ы – әйел. Ішкі істер министрілігі, әсіресе Телеграм желісінде есірткі саудалаушылар саны өсіп бара жатқанын айтып, дабыл қағып жатыр. Соңғы 5 айдың өзінде есірткі жарнамалайтын 2200-ден астам сайт бұғатталған. Бұл туралы Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кезекті отырысында құзырлы орган өкілдері мәлімдеді.

Жиынға заң шығарушы, атқарушы және сот, халық­ара­лық және үкіметтік емес ұйымдар, адам құқықтарын қорғайтын өзге де институттар, білім беру және денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты. Комиссия отырысында халық денсаулығын сақтау, нашақорлықтың алдын алу, саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері, есірткі бизнесіне қарсы күрес жоспары талқыланды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, синтетикалық өнім саудасы киберкеңістікке оңай сіңіп кеткен. Осы орайда олар заңсыз айналымға тосқауыл қоюға жаңа технологияларды, жасанды интел­лекті игеруі керек деген пікірді ортаға салды. Өйткені соңғы кезде тыйым салынған заттардың жарнамасы «жеңіл» табыс ретінде ұсынылып жүрген көрінеді.

– OLX-ке кіріп, жұмыс ізде­ген кез келген адамды жұмысқа шақы­­рып, Те­леграмға сілтеме жасай­тын­дар кө­­бейген. Кейін «зак­ладчик» өз жұ­мыс­тарын ұсына бастайды. Сөй­тіп, оңай олжаға тап боламыз деп бас бос­тандықтарынан айырылып қал­­ғандарын түсінбей қалады. Қылмыстық кодекстің 296, 297-баптары бойынша есірткі сатқаны үшін 14 жасынан бас­тап бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Желідегі мұндай заңсыздықтарды анық­тауға мүмкіндік беретін «айлис», «аргус» және «тритон» деген қондырғылар бар. Олар теріс контентті тауып, бірден бұғаттайды. Мәселен, 2021 жылы – 1600, былтыр – 1900, ал биылғы бес айдың өзінде нақты 2200 сайт бұғатталды. Бұл –  көбінесе Телеграмнан басқа каналдар. Есірткі саудагерлерімен нақты күрес жүргізу үшін өзге де жүйелі іс-шараларды қолға алу мақсатында жергілікті атқа­рушы органдардың жауап­кер­шіліктері күшейтілген, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Мамандардың айтуынша, заңсыз айналымнан 2,5 мың тоннадан аса синтетикалық өнім тәркіленген. Оның басым бөлігі – марихуана. Сондай-ақ 30 жасырын лабораторияның жолы кесілген.


– Есірткіге қарсы күресте барлық аза­мат­­тық қоғам институты мен жас­тар ұйымын бел­сен­ді тарта отырып, жұмысты күшейту қажет. Бастысы – осы препараттарды тарататындар мен оларды өндіретіндерге тосқауыл қою. Сондай-ақ есірткіге тәуелді адам­дарды меди­циналық және әлеу­мет­тік оңалту жұмыстарын да жандандыру маңызды, – деді­­­ Президент жанындағы Адам­ құқықтары жөніндегі комис­сия­ның төрағасы Игорь Рогов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың тапсырмасымен есірт­­кіге еліккендермен жұмысты кү­шей­ту мақсатында кешенді жос­пар әзірленген. 2023-2025 жылдарға арнал­ған бағдарлама негізінде адамның санасын улап, болашағына балта шабатындарға қарсы күресте құзырлы органның техникалық базасын жаңарту көзделіп отыр.


Басқосуда комиссия мүше­лері еліміздің барлық өңірінде наша­қорлық пен есірткі қыл­мы­­сына қарсы іс-қимылға бағыт­­­талған мемлекеттік ор­ган­­­­дардың қызметін үйлес­ті­ру­­ жөніндегі өңірлік ведомст­во­­­­аралық штабтың жұмысын жан­­­­­дандыру қажет екенін ерекше атап өтті. Бұған қоса про­филак­ти­калық жұмыс шең­бе­р­­інде бар­лық деңгейдегі әкім­дердің, білім беру, ден­саулық сақтау, мәдениет және спорт мекемелері бас­­шыларының назарын бала­лар­­дың, жасөспірімдер мен жас­­тар­дың бос уақытын тиімді ұйым­­дастыруға зейінін аударды. Бұл ретте 12 жасқа толма­ған, әлеуметтік аз қамтылған отба­сы­лар­да тәрбиеленген балаларға дене шы­нықтыру және спортпен айналысуға арналған тегін секциялар, клубтар және жазғы демалыс лагерьлерінің желісін дамыту ұсынылды. Отырыста есірт­кі таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттік цифр­лық жүйелердің, атап айт­қан­да, «Отбасының цифрлық кар­та­сының» әлеуетін пайдалану да сөз болды. Сондай-ақ қатысушылар жеке сот орын­дау­шыларының кадрлық құра­мын­ жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді, балаларға алимент өндіріп алудың тиімділігін арттыру бойын­ша жүйелі іс-шаралар қабылдауды атап өтті.

23 маусым 2023 ж. 134 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930