Германиядағы қазақ құрылтайы
Еуропа қазақтарының жылдағы дәстүрлі кіші құрылтайы биыл 26-28 мамыр аралығында Германияның Кёльн қаласында өтті. Үш күнге созылған бұл алқалы жиында Еуропаның түкпір-түкпірінен және Қазақстаннан келген 2 мыңнан астам қазақ бас қосты.
Атап айтқанда, Еуропаның 15 елінен келген 20-дан астам қазақ ұйымдарының жетекшілері, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов және Австрия, Бельгия, Германия, Дания, Испания, Нидерланды, Венгрия, Польша, Түркия, Финляндия, Франция, Швейцария, Швеция, Ұлыбритания елдеріндегі қазақ диаспорасының өкілдері мен Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің қызметкерлері қатысты.
Аталған Құрылтайды ұйымдастыруға «Отандастар қоры» қолдау көрсетіп, Кёльндегі Қазақ мәдени орталығының төрайымы Сәдия Сүрер жетекшілік етті.
Бұл жиынның жылдағы басқосудан ерекшелігі – жергілікті қандастарымызбен бірге Еуропада білім қуып, кәсіп істеп жүрген отандастарымыздың да қатысуы. Сонымен бірге, Қазақстаннан тарихи Отандарына қоныс аударған бұрынғы отандастарымыз – алманиялық немістер де Құрылтай жұмысынан шет қалмады.
Құрылтай аясында диаспора өкілдерімен, еуропалық қазақ жастарымен кездесу, кітаптың тұсаукесері, Абай үйінің ашылу салтанаты, ұлттық нақыштағы киімдер мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, этно-фото көрмелер, түрлі спорттық жарыстар өтті. Еуропаны ен жайлаған қандастарды қауыштырып, оларды толғандырған келелі мәселелерді ортаға салуға жол ашқан Құрылтай жұмысы Қазақстаннан барған танымал өнер жұлдыздарының гала-концертімен қорытындыланды.