Шиелі: Гүлденсе аудан – қуанамыз бәріміз
«Ұра берсең, шайтан да өледі» демекші, тазалық тақырыбы аудан халықының санасын оятып жатқандай. Тазалық жөнінде талай айттық та, жаздық та. Аудан ардагерлер кеңесі үндеу де көтерді.
Шындығында ауласын, есік алдын, көше маңын таза ұстау – әрбір тұрғынның міндеті. Әлияр ақсақал дұрыс айтып отыр. Біздің Ш.Уәлиханов көшесіндегі көршіміздің Балжан есімді бір келіні бар. Түркістан облысының қызы. Таңертең сағат 6:00-де тұрып, күнде есігінің алдын да, көше жағын да жылан жалағандай етіп сыпырады да жатады. Сырттан қарап риза боласың. Оны ешкім зорлап жатқан жоқ. Өзі әдетке айналдырған. Ауласы, көшесі түгіл үй ішін сыпырмайтын келіндер бар екенін естігенде жағамызды ұстаушы едік. Ал Балжандай келіндер көп болса, кенттің тазалығына үлес қосып жатқандықтарын білдіргені деп есептейміз. Оларға Алланың нұры жаусын дейміз. Маржан журналист жұртты қонақ арқылы ұялтып жатыр. Расында, ыбырсып жатқан үйге кіруге адамның көңіл-күйі де болмас.
Жалғызбасты аналар мен әкелер болса, әрине, көмек берген дұрыс. Жарымжан, мүгедек отбасыларға қарасу – азаматтық борышымыз. Онсызда аудан көлеміндегі барлық мекемелерге тазалық сақтап отыруға көшелер мен аумақтар бөлініп берілген. Онда үйлердің ауласына дейін тазалаңдар деген талап болмаған шығар. Керісінше, түсінігі мол саналы адамдар тұрған үйінің көшесіне дейін сыпырып-сиырып, мұнтаздай таза етіп тастайды. Қазір тазалықтың не екенін көпшілік түсіне бастады. Мен тазалық жөнінде тағы бір мысал келтірейін. Менің әкем Әзімхан Исмаил бірде «Өркен, анау шалбардың артқы қалтасы не үшін берілген?» деді. «Білмедім» деп жауап қаттым. Мектеп оқушысы кезім болатын. Сонда айтқан «Пиджагіңнің төс қалтасы бетіңді, қолыңды сүртіп жүруге беторамал салып қоюға, ал шалбарыңның артқы қалтасы шүберек салып, аяқ киіміңді сүртіп отыру үшін жасалған қалта. Сонда аяқ киімің де, бетің де таза болып жүреді. Аяқ киіміңді сабақтан келсең де, жұмыстан оралсаң да келісімен сүртіп, шөткілеп қой. Таңертең уақыт алмайды. Киіп кете бересің» дегені әлі есімде. Мен сол күннен бастап шалбарымның артқы қалтасына масаты шүберек салып жүруді әдетке айналдырдым. Осы жасыма дейін қалтамда шүберек жүреді. Аяқ киімім үнемі жылтырап тұрады. Өйткені, сәл шаң болса, ерінбей тұра қалып сүртіп аламын. Сонымен қатар ол кісінің тазалықты мықты ұстанатыны өзімді де, айналамды да таңқалдыратын еді.
Дүкеннен ішкиім сатып алып келсе, сол жаңа киімді жууға тастайтын. Анам да «бұнысы несі?» деп сөйлеп жататын. Сондағы жауабы «Бұл киімдер қоймада жатады. Одан дүкенге жетеді. Оны ол жақта тышқан аралайды. Енді оны қалай киесің? Ол таза емес. Ауру жұқтыруы да мүмкін» деп отыратын. Қызмет кабинетінің сейфі мен шкафтарын бір уыс кілттерін жұмыстан келісімен жуып іліп қоятын. Түскі тамаққа келгенде бір жуса, кешке тағы жуып орнына ілетін. Анам «Онысы несі, ей?» деп одан сайын күйіп-пісетін. Жауабы біреу-ақ. «Кілт те таза болуы керек. Ол жатқан микроб емес пе?» деп күлетін. Қызмет көлігінің іші шаң болса, жүргізушісіне сүрткізбей отырмайтын. Оны білетін шопыры көлігін қайта-қайта сүрткіштеп, өте таза ұстайтын. Сондай-ақ Маржан айтпақшы, тазалық табалдырықтан басталғаны өте дұрыс. Тазалықтың үлкен кішісі болмайтынын мен әкемнің ұстанған тазалығынан үлгі алып, өз табалдырығымнан басталғанын еске алып отырмын. «Тазалық – денсаулық кепілі» деп бекер айтпаған. Өзің таза, жаның таза, киімің таза, мекемең таза, айналаң таза, көшең таза болғанына не жетсін! Ал ауыл тазалығы, аудан тазалығы – бүгінгі өмір талабы. Аймақ, аудан, ауыл басшыларының алға қойып отырған қазіргі айшықты мәселе де тазалық екені аудан жұртшылығына аян.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тазалыққа байланысты облыстық конкурс жариялап, таза аудан, үлгілі ауыл атанып жеңімпаз болғандарға тазалық көліктері сыйға берілетініндігі айтылған еді. Біздің аудан, сондай-ақ ауылдық округтер тазалық байқауына қатысып, жүлделі орын алуға бақтарын сынамақшы. Бүгінде осы бағытта көптеген іс-шаралар атқаруда. Ойшыл жазушымыз Мұхтар Әуезов «Өзіңе сенбе, ісіңе сен» дегендей, аудан халқы жұдырықтай жұмылып, атқарған істеріне сенгелі отыр. Оған апта сайын өтіп жүрген сенбіліктер куә болса керек. Нәтижелі сенбіліктер өтіп жатыр. Сенбілікке қатысушыларға аудан ардагерлері батасын беріп, игі істеріне береке, бірлік пен ынтымақ тілеуде.
Аудан әкімі Нұржан Ахатовтың туған жеріне, еліне деген ыстық ықыласын, аудан орталығын, елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру және тазалық сақтау жөніндегі бастамасын қолдай отырып, баршамызды осындай өзімізге қажетті, халық үшін маңызды шараларға атсалысуға шақырамын. Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз. Гүлденсе аудан – қуанамыз үлкен-кіші, кәріміз!