Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсібінен нәсіп көрген шиелілік кәсіпкер

Кәсібінен нәсіп көрген шиелілік кәсіпкер

Күн сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан мына заманда қол-қусырып қарап отыруға болмайды. «Жұмыс істеймін», «алға қарай ұмтыламын» дегендерге қашан да екі қолға бір күрек табылатыны сөзсіз. Тек ниет пен қарекет болса жеткілікті. Бұрынғыдай емес, бүгінде үйде отырған аналардың да кәсіп бастап, өз жұмысының жемісін көруге мүмкіндігі мол. Бизнес бастаймын дегендерді мемлекет те қолдайды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Гүлнар Шамахова да мемлекеттік грантты жеңіп алып, «Бастау бизнес» жобасының арқасында кәсібін кеңейтіп, ісін дөңгелетіп отырған іскер келіншектердің қатарында. Бүгін біз аудан халқы үшін аянбай қызмет етіп жүрген, он саусағынан бал тамған, өз ісінің майталманы атанып, құрақ құрап, көрпеше көктеп, көптеген қыз-келіншектердің алғысын арқалап жүрген Гүлнарды мақаламызға арқау етпекпіз.

Қаламға салмақ салмас бұрын ең әуелі Гүлнар Мейірбекқызы жайлы аз-кем тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. Үйде отырып-ақ көпке үлгі болған бүгінгі кейіпкеріміз жайлы біздің айтарымыз көп. Себебі ол – білгір де білікті кәсіпкер ғана емес, жан-жақтылықты жақсы көретін майталман маман. Қазіргі таңда тігін тігіп, құрақ құрап, мақта түтетуді қолға алып, жолға қойған ол бір ғана іспен шектеліп қалмай, тіршілік үшін тынымсыз тер төгуде. Үлкен әулетке келін болып түсіп, үлгілі жан, асыл жар атанған ол 3 ұлдың анасы. Асыл жары – Сейтқали екеуін тіпті ел тұрғындары да жақсы біледі. Еңбек етуден жалықпайтын ерлі-зайыптылар «Еңбектің наны тәтті» деген ұстанымда.

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін тәмамдаған кейіпкеріміздің негізгі мамандығы  – филолог. Бір сөзбен айтқанда – тіл маманы. Өкінішке қарай ол өз саласы бойынша жұмыс істей алған жоқ. Себебі мұғалім болса да, мүмкіндігі шектеулі ұлына қарап, ұзақ уақыт бойы үйде отырды. Дегенмен Гүлнар тағдыр сынына мойымай, керісінше оны Тәңірден келген үлкен мүмкіндік деп қабылдады. Сөйтті де үйден шықпай-ақ, балаларына бас көз болмақ ниетпен кәсіп ашудың жолын қарастырды. Ең әуелі қолындағы ұялы телефонын пайдаға асырып, әлеуметтік желі арқылы түрлі шеберлік сабақтарын алып, даму курстарын үйренді. Мәселен, психология, кулинария, тігін сынды түрлі сабақтар оқып өзіне тәжірибе жинады. Осылайша бір бойына бірнеше өнерді сіңірген соң үйде отырып, шағын кәсіп бастап көруге бекінді. Бастапқыда түрлі тағамдар, тәтті торттар, бәліштер пісіріп сатып табыс тапты. Кейіннен тапқан табысының арқасында тігін машинасын сатып алып, көрпеше тіге бастады. 

Мұнан соң оған ауыл-аймақ, көрші-қолаңнан кішігірім тапсырыстар түсіп, мақта түтетіп көруге ұсыныстар келе бастады. Халықтың сұранысы көбейгендіктен, жас кәсіпкер жұмысын жандандыру мақсатында 2022 жылы «Бастау бизнес» арқылы білім алып, өз жобасын қорғап, грант жеңіп алды.

«Қазір қолды қалтаға салып, құр қарап отыратын заман емес. Өмір жалғасып жатқандықтан, бір орында тұрып қалмау керек. Мен де дәл осындай ұстанымдамын. Мен – үйде отырған анамын. Үш ұлым бар. Балаларымыз өсіп келе жатқандықтан, оларды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде қымбатшылық қамыты – қалтаға салмақ. Бір адамның табысы ештеңеге жетпейді. Сондықтан мен жолдасыма қолғабыс ету үшін өз кәсібімді ашып, қолымнан келетін іспен айналысудамын. Бастапқыда табыс табуды қарапайым тігін машинасының көмегімен көрпеше тігуден бастадым. Көптеген адамдар жұмысыма оң бағасын бергендіктен, өз алғыстарын білдіріп, кәсібімді кеңейтуге, көрпешенің мақтасына жаңа өмір сыйлап, оны түтетіп беруге ұсыныс жасап, тапсырыс бере бастады. Бұл нәрсе маған жаңа идея сыйлады. Сұраныс болғандықтан мен де жұмысымды жандандыруды қолға алдым. Кейіннен «Бастау бизнес» жобасын оқып, мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігіне ие болдым. Кәсіп бастау үшін аталған талаптарға сәйкес келіп, көп ұзамай сыннан да сүрінбей өтіп, грант жеңіп алдым. Ең әуелі мен біз секілді аналарға қолдау беріп отырған «Бизнеске арналған үкімет» КММ Шиелі ауданы бойынша маманы Асылхан Жаңабайұлына өз алғысымды айтқым келеді. Асылхан мырза маған жоба қорап шығуыма бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеді. Соның арқасында көп нәрсені үйреніп, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгердім. Бүгінде барлығы үшін Аллаға шүкір деймін. Кәсібім кеңейіп, ісім алға басып жатыр. Мемлекеттің берген бір миллион екі жүз жиырма бес мың теңге қаражатына мақта түтететін арнайы станок апаратын (екеуі біреуінде) сатып алдым. Сол станокты алған соң, жолдасым тағы да заманауи құрылғы алып берді. Қазір сол арқылы көрпе де, көрпеше де, қыз жасауын да тігіп отырған жайым бар. Жалпы саны үш станок құрылғым бар. Біреуі мақта түтеді, біреуі матрас көрпеше тігеді. Ал үшіншісі заманауи қыз жасауын, құрақ көрпешелерді тігеді. Қазіргі таңда бір жұмысшым бар. Оның еңбекақысын күнделікті беріп отырамын. Алдағы уақытта тек бір адамды емес, бірнеше қыз-келіншекті жұмыспен қамтығым келеді. Бұдан бөлек, үлкен нарыққа шығып, осы кәсіптің ауқымын арттырғым келеді. Әрине, ол үшін шикізатқа қаржылай қолдау қажет. Бұл жөнінде қаражат тапшылығын көріп жатқандығым жасырын емес. Сонда да сұраныс өте көп. Әсіресе, бала бақшаға арналған матрастарға келіп түсетін тапсырыс жетерлік. Мен олардың матасына да сапасына да қатты көңіл бөлемін. Тапсырыс берушілер өз алғыстарын білдіріп үнемі рақметін айтып жатады. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Оны мен жұмысыма деген адалдықтың, шынайылықтың бір белгісі деп білемін», – дейді кәсіпкер.

Иә, кәсіптің нәсібін көру үшін аянбай тер төгу керек-ақ. «Еңбек – бәрін жеңбек» демекші, еңбек еткен адам түрлі кедергіден те, сынақтан да сүрінбей өте алатыны даусыз. Гүлнар Мейірбекқызы соның дәлелі. Аздаған сынға шыдап, сабырлық танытқан оған тағдыр да кішкентай сый тарту етті. Еткен еселі еңбегінің арқасында бүгінде ол ел алғысына бөленіп отыр. Білікті кәсіпкер өзі секілді үйде отырған аналарға қиындыққа мойымай, кәсіп бастап көруге, үнемі ізденісте болуға шақырады. Ал біз қазақтың қыз-келіншектеріне лайықты істі қолға алып, салт-дәстүрдің шеңберіндегі кәсіпті дөңгелетіп отырған жанның жұмысына табыс, ісіне береке тілейміз!
31 мамыр 2023 ж. 133 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930