Оқулықты планшет алмастыра ма?
Жыл сайын білім беру үдерісіне өзгерістің енуі қалыпты жағдайға айналды. Саладағы жаңа жобалар заман талабы екенін айқындай түседі. Мәселен алдағы уақытта білім беру саласы цифрландыруға бағыт алмақ. Атап айтқанда, ұстаздар мен оқушылардың жеке мәліметтері енгізілген цифрлы портфолиосы әзірленеді. Ал аттестаттар мен дипломдар QR-код арқылы цифрлы форматта беріледі. Оқулықтар электронды форматта болады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкесі планшетке ауыстырылуы мүмкін.
Соңғы жылдары бастауыш сыныптың оқушыларының арқалайтын ауыр сөмкесі денаулығына зиян екені жиі айтыла бастады. Десе де бұл мәселе өз шешімін тапқандай болатын. Нарықта плекс мұқабалы, яғни жеңіл оқулықтар пайда болды. Ереже бойынша бастауыш сыныптар үшін кітаптың салмағы 300, 5-6 сыныптарға 400, 7-9 сыныптарға 500 граммдық өлшеммен бекітілген. Алайда болашақта мектеп оқушылары оқулықтарды мүлдем қажетсінбеуі ғажап емес. Себебі кітаптардың орнын электронды оқулықтар алмастыруы бек мүмкін. Барлық пәннің оқулығын электронды түрге ауыстырудың пайдасы қандай болмақ?
Жаһандану заманында баланың қолында сөмке емес планшеттің болуын бүгінде көптеген дамыған, дамушы мемлекеттер қолдап отыр. Мамандар электронды оқулықтардың қарапайым кітаптардан бірнеше артықшығын алға тартады. Электронды оқулықтардың, дәстүрлі қағаз кітаптардан айырмашылығы біріншіден «жанды» болып келеді. Екіншіден, ол оқушыға ешқандай салмақ түсірмейді, бір құрылғының ішінен кез-келген уақытта кез-келген пәнді ақтарып, оқуға мүмкіндігі бар. Үшіншіден, республикалық мектептерде кітап санының жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан ата-аналар әр оқулықты кем дегенде 800-1000 теңгеден сатып алатыны анық. Егер электронды оқу үрдісіне көшкен жағдайда кітапқа шығындала қоймайсыз. Төртіншіден, баланың жастайынан технологияны жетік меңгеріп кетуіне жол ашылады. Оқушы электронды оқулықпен жеке жұмыс жасайды. Мысалы, оқушы физика, химия, биология пәнінен тәжірибелер жүргізіп және зертханалық жұмыстарын үйінде отырып компьютерде орындай алады.
Қарыштап дамып келе жатқан еліміздің шәкірттері заманға сай білім алғаны әрине, құптарлық. Дегенмен электронды құрылғымен оқушылардың көп жұмыс жасауы, ұдайы пайдалануы олардың денсаулығына, физилогиялық дамуына кері әсерін тигізетінін ғалымдар дәлелдеп отыр. Соған қарамастан электронды кітаптар дәстүрлі кітаптардың орнын түгелімен алмастыра ала ма?
Цифрлық даму, инновациялар және аэро-ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, мұндай әдіс бірқатар дамыған елдерде, оның ішінде Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея және Түркия мектептерінде жақсы нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар бұл оқушылар үшін шығармашылық пәндер бойынша өз контентін жасауға мүмкіндік береді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, электронды планшеттер оқушылардың оқуына қосымша мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ мектеп сөмкесінің салмағын жеңілтеді. Яғни кішкентай балалар ауыр сөке көтеріп жүрмесе де болады.
«Планшеттердің көмегімен балалар цифрлы сабақтарға, жаттығулар мен тапсырмаларға қосымша қол жеткізе алады. Интернеті нашар өңірлер үшін жүктелген цифрлы сабақтарды, тапсырмаларды, білім беру ресурстары және оқулықтарды офлайн пайдалану мүмкіндігі болады. Егер қандай да бір себептермен бала планшеттерді қолданғысы келмесе, онда ол әдеттегідей дәстүрлі оқулықтарды және стационарлық құрылғылардан білім беру ресурстарына қол жеткізе алады. Яғни планшеттер оқулықтарды алмастырмайды, бұл – оқудың қосымша ресурсы. Таңдау ата-аналар мен оқушылардың еншісінде болады», – деді оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.
Айта кетейік, өткен жылдың соңында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Үкімет отырысында сервистік модель механизмі арқылы 2023 жылы бірінші сыныпқа баратын 400 мың қазақстандық баланы Қазақстанда жасалған планшеттермен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.
«Қазірдің өзінде баламызға кітапты зорға аштырамыз. Болашақта оқулық бірте-бірте ысырылып қалмай ма? Қазіргі балалардың өзі ұялы телефонға әуес. «Мектепте планшетпен оқиды» дейді. Бұл балаға зиян емес пе? Тым болмаса сабақ уақытында телефоннан алшақтайтын еді. Енді мектепте де гаджет пайдаланса не болмақ? Оқулықпен оқығаны, бұрынғыдай бағаны күнделікке қойдырғаны жақсы еді», – дейді ата-ана Аружан Исаева.
Жаңа бастаманы бірі қолдаса, бірі цифрлыққа көшіруге әлі ерте дейді. Өйткені аз уақытта оқулықты планшетке ауыстыруға интернеттің әлсіздігі әсер етпей қоймайтыны тағы бар. Көпті толғандырып, талқыға түскен бұл жобаның қалай жүзеге асып, тапсырмалардың уақытылы орындалуы болашақтың еншісінде. Еліміздің дамуы білімді жастардың қолында екені анық. Сондықтан олардың бәсекеге қабілетті білім алуы да міндет.