Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл облыста 8048 оқушы мектеп бітіреді

Биыл облыста 8048 оқушы мектеп бітіреді



Биыл облыста 8048 оқушы мектеп бітіреді екен. Осыншама түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, жүрегі алып-ұшып, үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Дәл қазір ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, таңдаған оқу орнына түскенін қалайтын ұстаздары мен ата-аналары баладан бетер уайымдап жүрген сәт.

Себебі соңғы қоңыраудың соғылуына да көп уақыт қалған жоқ. Қас пен көздің арасында сәуір де сөреден ұзады, көзді ашып-жұмғаншамамыр да мәреге жақындай салады. Енді баласы біліммен бас қатырып жүргенде, ата-анасы тойхана іздеп, табан тоздырып сандалмайды. Өйткені биыл облыстық білім басқармасы мектеп бітіру кешін ұйымдастыруға тыйым салып отыр.

Мұндай шешім биылғы оқу жылының мектеп бітіру кештерін ұйымшылдықпен өткізу, бітірушілердің өмірі мен денсаулығын қорғау, құқық бұзушылықты болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында шығарылса керек. 3 сәуір күні күшіне еніп, барлық білім беру ұйымдарына жолданып қойған. Сондай-ақ аталған бұйрық оқу жылын аяқтау шараларын ұйымдастыруға және мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге оқушылар мен ата-аналардан, педагогтардан ақша жинауға қатаң түрде тыйым салады.

«Барлық білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорларына қатаң түрде ескертілді. Олар мектеп бітіру кештерін өткізу барысында бітірушілер мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіпсіз жағдай жасалуын қамтамасыз етуі қажет. Бітіру кештерін міндетті түрде мектеп қабырғасында және ауласында өткізу, шараға бітірушілердің мектеп формасымен қатысуын және барынша қарапайым түрде өткізілуін қамтамасыз ету жүктелді.Сонымен қатар үй мен ресторандарда, басқа да ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін өткізу және бітірушілердің автокөліктермен кортежге шығуына жол бермеу, бітірушілердің өмір қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу бағытында медициналық, өрт қызметтері, ішкі істер органдарымен бірлесіп шаралар қабылдауды қолға аламыз. Бұдан бөлек мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру үшін ана-аналардан ақша жинамауды, ата-аналар тарапынан мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар берілуіне жол бермеуді және шараларды мектептің қолда бар мүмкіндігімен ұйымдастыру керектігі ескертілді. Мұнымен қоса табиғат аясына ¬серуендеуге, өзен, көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуіне тыйым салу және төтенше жағдай бөлімдерімен бірлесіп кезекшілік ұйымдастыру, бітірушілер, ата-аналар және педагогтар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын қамқоршылық кеңес мүшелерімен бірлесіп белсенді түрде жүргізу тапсырылды», – деді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім бөлімінің бас маманы Қарлығаш Әнуарова.

Байқап қарасақ, мектеп қабырғасында қоштасудан көп дүние жоқ-ау, сірә. «Әліппемен қоштасу, бастауышпен қоштасу, 9-сыныпты тәмамдау қоштасуы» деп кете береді. Мұны аңғарған ¬Ерлан Сағадиев Білім министрі лауазымын атқарып тұрған шақта бұл мәселені өзінше шешіп, отандық оқушылар «Әліппені» енді қайтып көрместей біржола қоштасты. Кейін қайта табысты. Бәлкім, «Әліппеден» басқа кітап, бала сауаттылығын арттырмайтынына көз жеткеннен болар. Хош, тақырып ауанынан ауытқымайын.

«Бесіктегі баланың күлгенін көрген – бір мұрат, алдына түсіп ананың жүргенін көрген – бір мұрат» деген бар. Иә, мәпелеп өсірген баласының әрбір қадамы ата-ана үшін үлкен мерей. Мектеп бітіріп, аттестат алған албырт жастың алдында сыры мен сыны беймәлім өмір тұрады. Сол себепті үлкен өмірге қадам басар сәтте «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» аяулы ортаға деген қимастықтың болуы орынды. Дәл осындай сәтті тойлаудың да өз жөні бар. Алайда мектеп бітіру кешін соңғы кездері дарақылығы көп сән-салтанатқа айналдырып жібергені оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздікке алып келді. Одан бөлек, қызылды-жасылды дүниеге қызыққан албырт жастың от басуына, өмірмен қоштасуына да сеп болған жайттар жоқ емес.

Жасыруға келмес, асыра сілтеуге келгенде алдымызға жан салмаймыз. «Балаға шашқаның – далаға шашқаның емес» дейтіндер де табылар арамызда. Десе де, бір сыныпта байдың да, жарлының да баласы тәлім алатынын жадыдан шығармауымыз қажет. Осы тұста біз маман пікіріне де құлақ түруді жөн көріп, бала тәрбиесінің басы-қасында жүрген ұстаздарды әңгімеге тартқан болатынбыз. Тиісінше, пікір екіге жарылды.

«Өкінішке қарай, біз мектеппен қоштасу салтанатының шынайы мәнін ұмытып бара жатқандаймыз. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші, тұрмыс жағдайы жақсы һәм нашар ата-аналардың балалары да бір сынып қабырғасында тәлім алып жатады. Баласының көптен қалғанын кім қаласын? Тапқан-таянғанын ұрпағына шашады. Сондықтан мектеп қабырғасында өткені орынды», - дейді №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицей директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Әлия Нұрманова.«Жер бетінде адам болса, пікір де сонша болмақ. Бірі даттаса, енді бірі қолдап жатады. Білетінім, бірнеше жылдан бері түлектер, ата-аналар мен ұстаздар мектеппен қоштасу кешін мейрамханада атап өтуге дағдыланған. Ол дәстүр әзірге бұзыла қоймас», - дейді №159 Еңбекші қазақ орта мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі Рабиға Дүйсебек. 

Әлбетте, ата-ана баласының қатардан қалмауын қалайды. Міне, сондықтан тыйым болмай келді. Бала ата-анасының өзі үшін бәріне даяр екенін біледі. Ал қазіргі қабылданған заң талай жасқа тұсау салғаны анық.

«Мектеп бітіру кеші есте қаларлықтай өткенін қалаймыз ғой. Алайда менің есімде тек партада отырып, сабақ оқыған сәттерім қалыпты. Ойлап қарасам, мектеп бітіру кеші қып-қызыл шығын екен. Ал ата-анамыз біз үшін бәрін істепті», - дейді І курс студенті Әсет Қаратаев.

P.S. Рас, түлектердің мектеп бітіру сәті – мереке. Бүгінгі қазақ баланың әр аттаған қадамын тойлауды әдетке айналдырды. Алайда мұның бәрі өз орнымен болғаны құба-құп.
02 мамыр 2023 ж. 102 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930