Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда баспана бағасы арзандады

Қазақстанда баспана бағасы арзандады


Фото:baq.kz

Бір айдың ішінде тұрғын үй нарығында арзандау барлық сегментте байқалды деп хабарлады turkystan.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жаңа тұрғын үйді сату бағасы 0,6%, пәтерлерді қайта сату 1,5% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі алдыңғы аймен салыстырғанда сәуірде 0,5% арзандады.

«Бір жылда пәтерлерді қайта сату бағасы – 3,8%, жаңа тұрғын үйлерді сату 7,8% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2023 жылғы сәуірде 27,6% артты. Өңірлер бөлінісінде жаңа пәтерлер бағасы жылдық мәнде Ақтөбе – 25,4% және Ақтау – 24,8% қалаларында едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімі Семей (31,6%), Қызылорда (30,2%), Ақтау (24,8%), Қостанай (23,2%) және Ақтөбе (22,4%) қалаларында байқалды, ал тұрғын үйді жалға алу нарығында баға Көкшетау  (45,5%), Петропавл (45,2%), Алматы (43,9%), Ақтау (41,1%) және Қостанай (40,8%) қалаларында айтарлықтай өсті», – делінген хабарламада.

Сәуірде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өсті. 2023 жылғы сәуірде сатып алу-сату бойынша 31 445 мәміле тіркелген. Оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 096 және пәтерлер бойынша 23 349 мәміле жасалды.

«2023 жылдың наурызымен салыстырғанда (24 273) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 29,5%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Алматы (5 559 – 17,7%) және Астана (4 772 – 15,2%) қалалары көшбасында. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 342 бірлік (1,1%)», – делінген хабарламада.

Наурыз айымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 29,7%-ға (5 351 мәмілеге) өсті. Сәуір айында пәтерлер бойынша барлығы 23 349 мәміле жасалды. Бұл мәмілелердің жалпы санының 74,3%-ы. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды. Сәуір айында олардың 8 830-ы ресімделді. Сауданың негізгі үлесі Алматы және Астана қалаларына (41,2%) тиесілі.
12 мамыр 2023 ж. 200 0