Салымшының сенімі ақтала ма?
2016 жылдың қаңтарынан зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар қызметі Ұлттық қордың басқару кеңесіне берілген. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүргізеді. Халықтың табанақы, маңдай терімен жиналған алаңсыз қарттығының кепілі болатын қордағы кірістіліктің тиімділігіне қол жеткізу әрбір салымшы үшін маңызды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде 1 сәуірдегі дерек бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 297 мың адам.
Ал жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 798 теңгені құрайды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 953 теңге, базалық зейнетақы мөлшері – 37 845 теңге. Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге қарағанда, жыл басынан бері республикалық бюджеттен 824,3 млрд теңге сомасына зейнетақы төленген. Солардың арасында базалық зейнетақы – 253,1 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы – 571,2 млрд теңгені құраған.
Бұл ретте Ұлттық банктің зейнетақы активтерін инвестициялаудағы негізгі бағыттарына көз жүгіртсек, Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 47,22%, квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 11,03%, еліміздегі екінші деңгейлі банктердің облигациялары мен депозиттері – 7,07%, шет мемлекеттердің МБҚ – 5,64%, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары – 2,46%, отандық эмитенттердің корпоративтік облигациялары – 0,10% -ды құраған.
Сонымен қатар зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдарының номиналданған валюталар бөлінісіндегі инвестициялық портфелі бойынша ұлттық валютадағы инвестициялар – 71,55%, АҚШ долларында – 28,39%, өзге валютада – зейнетақы активтері портфелінің 0,05% болған. Алынған кірістің құрылымын талдаудан бағалы қағаздар жөніндегі сыйақылар, оның ішінде орналастырылған салымдар мен «кері РЕПО» операциялары бойынша әрі бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер 435,62 млрд теңгені, өзге кірістер – 1,29 млрд теңгені құрайды.
Ал сыртқы басқарудағы және шетел валютасын қайта бағалаумен байланысты құралдар 91,24 млрд теңге көлемінде шығын әкелген. Сарапшылар мұны тұрақсыз геосаяси жағдайдың, жаһандық қаржы нарығындағы жоғары құбылмалықты және инфляцияның биылғы жылы алынған инвестициялық кіріске әсерін көрсетеді деп бағалауда.
Салымшылардың зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары мен оларға есептелетін инвестициялық кірістерден тұратыны белгілі. Мемлекет зейнетақы жинақтарын зейнетақы төлеміне құқығын алғаннан кейін инфляцияны ескере отырып, сақтау кепілдігін қамтамасыз етуде салымшылардың жинақтарын инфляциядан сақтауға көмектесетіндігін, алайда халық отандық зейнетақы жүйесінде зейнетақы қорының ірі қаржы институттарымен үлестес болуына байланысты зейнетақы жинақтарының елеулі тәуекелге ұшырайтындығынан күмәнданатыны рас. Заңнамаға сәйкес, 2021 жылғы қаңтардан бастап салымшылар өз жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқаратын компанияларға аудара алады. Бұл құқықты зейнет жасына толмаған, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтары бар салымшылар, сақтандыру компанияларымен өмір бойғы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан салымшылар пайдаланатын болады.
Сонымен зейнетақы активтерін басқару үшін барлық талаптарға сәйкес келетін инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімінде «Jusan invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ және «Halyk Finance»АҚ енген. Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) басқаруына аударған кезде мемлекет кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ету кепілдігімен алмастырылады. Қазіргі күні 3 421 адам өздерінің міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға сеніп тапсырған. 5 957 өтініш бойынша 8,8 млрд теңге сенімгерлік басқаруға аударылғаны көрсетілген. Тіпті кейбір салымшылар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін бірнеше инвестициялық портфельді басқарушыларға беру туралы шешім қабылдаған. Аударымның орташа сомасы – шамамен 1,5 млн теңге. Бұл ретте ИПБ басқаруындағы қаражаттың жалпы көлемі – инвестициялық табысты қоса алғанда 9,6 млрд теңге.
Инвестициялық портфельді басқарушылардағы қаражаттың жалпы көлемі – 9,72 млрд теңге. Биылғы бірінші шілдеден бастап салымшыларға МЗЖ мен МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының 50%-ына дейін, жеткіліктілік шегіне қарамастан, инвестициялық портфельді басқарушыларға аудару құқығы берілетін болады. Ал ерікті зейнетақы жарналарын жеке зейнетақы шотында бар соманың көлеміне қарай аударуға болады. Бұл ретте мемлекет МЗЖ мен МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сақталуына тек Ұлттық банк басқаруындағы бөлігі бойынша инфляция деңгейін ескере отырып, кепілдік береді. МЗЖ мен МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының ИПБ басқаруына берілген бөлігінің сақталуына салымшы таңдаған осы басқарушы жауапты.
«Jusan Invest» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері – 4,3 млрд теңге. Компанияның ең маңызды салымдары бас банкноттары – 31,09%, Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – портфельдің 30,33%-ы. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті – 24,09%. Инвестициялық қызметтің нәтижесінде, сондай-ақ шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы мен қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан 2023 жылы есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 147,84 млн теңгені құрап, зейнетақы активтерінің кірістілігі 3,35% болды.
«Halyk Global Markets» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 2,7 млрд теңгені құрайды. Ұлттық валютадағы инвестициялар портфелі – 79,78%, АҚШ долларымен 20,22%-ға тең. Инвестициялық қызметтің нәтижесінде биылғы жылдың соңғы үш айында есептелген инвестициялық кірістің мөлшері – 83,27 млн теңге. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 2023 жылдың басынан бері 2,93% көрсетті.
«BCC Invest» АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің мөлшері – 1,6 млрд теңге. Инвестициялардың негізгі бағыттарының ішінде еліміздегі мемлекеттік облигациялар портфелі – 51,75%, квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары – 20,48%, пайлар (индекстерге арналған ETF) – 9,69%, шетелдік эмитенттердің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 5,18%. Инвестициялық қызметтің нәтижесінде есептелген инвестициялық кірістің мөлшері жыл басынан бері 35,15 млн теңгені құраған. Зейнетақы активтерінің кірістілігі – 2,12%. Есептелген инвестициялық кірістің көп бөлігі «кері РЕПО» операциялары бойынша сыйақыға және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен табысқа тиесілі болды.
«Сентрас Секьюритиз» АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері – 1,03 млрд теңге. Инвестициялық қызмет және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі нәтижесінде есептелген инвестициялық кіріс мөлшері жыл басынан бері 20,88 млн теңгені құрап, зейнетақы активтерінің кірістілігі 1,88% болды.
«Halyk Finance «Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері – 162,36 млн теңге. Инвестициялық қызмет нәтижесінде есептелген инвестициялық кіріс мөлшері соңғы үш айда 2,01 млн теңгеге жеткен. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 2,86%-ды көрсетеді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметтеріне қарағанда әрбір жылдың соңында инвестициялық портфельді басқарушыларға алған номиналды кіріс пен зейнетақы активтері табыстылығының ең төменгі мәні арасында теріс айырма туындаған жағдайда, басқарушы компания осы айырманы салымшыға өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті екені айтылады. Мұнда инвестициялық портфельді басқарушының беделі ғана емес, сонымен бірге меншікті капиталы да тәуекелге тігіледі. Елімізде бүгінде инвестициялық портфельді басқарушылар саны саусақпен санарлықтай. Өйткені оларға қойылатын талаптар артып, ықтимал тәуекелдерді жабу үшін капиталының жеткілікті болуы қажет.
Бұрынырақта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан Ұлттық банкке БЖЗҚ-ның инвестициялық саясатын жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар берілген. Олардың арасында зейнетақы активтерін басқару бойынша жеке басқарушы компанияларды жіберу өлшемшарттарын кеңейту, оның ішінде жоғары кредиттік рейтингі бар еншілес шетелдік ұйымдарды зейнетақы активтерін басқаруға тарту мүмкіндігін қарастыру айтылған еді. Бас банктің баспасөз қызметі БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттарына сәйкес, 2023 жыл ішінде БЖЗҚ зейнетақы активтерін нарықтық шарттары бойынша «Бәйтерек»ҰБХ» АҚ облигацияларына жалпы сомасы 500 млрд теңгеге дейін инвестициялау жоспарланып отырғандығын мәлімдеген еді. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ тартылатын қаражатты машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, инфрақұрылым және басқа да салалардағы ірі жобаларға несие беруді бағыттау жоспарланғанын, қаржыландыру үшін жобаларды іріктеу және бөлінген қаражаттың игерілуін бақылау Үкімет деңгейінде жүзеге асырылатын болады. БЖЗҚ зейнетақы активтері «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ нарықтық кірістілік бойынша қайтарымды негізде берілмек.
Жоғарыда аталған инвестициялар жыл сайын БЖЗҚ салымшыларына инвестициялық табыс әкеліп, сонымен қатар ел экономикасының нақты секторын одан әрі дамытуға елеулі көмек көрсететініне сенім білдірілуде.
Салымшылардың болашаққа деп үміт артқан зейнетақы жинақтары тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпей, тиімді инвестицияланып, кірістілігінің артуы қарапайым халық үшін де, Үкімет үшін де маңызды. Сондықтан әрбір қаражаттың жұмсалуы халықтың назарында болуы тиіс деп ойлаймыз.