Тәрбиеден қалт кеттік пе?
Соңғы жылдары мектепте оқып жүріп ана атанатын, өз-өзіне қол жұмсап, бұзақылық жасайтын, зиян әдеттермен әбден достасып алған оқушылар көбейіп барады. Әсіресе алақандай қазақы қаймағы бұзылмаған біздің аудандағы оқушыларға қатысты қылмыстық статистиканы көргенде денеңіз түршігеді. «Ауруын жасырған өледінің» кейпін киіп қайтеміз? Шиелі ауданы аталған мәселелер бойынша облыста алдыңғы қатарда тұр.
Қаршадайынан қолына темекі ұстап, қылмысқа барған ұлдарға кім жауапты? Ал ерте жүктіліктің етек алуына кімді кінәлаймыз? Көше кезген қызды ма, ұл-қызымен дос-құрбысындай сырласуға сағат бөлмейтін ата-ананы ма, әлде ортаны ма? Бәлкім, дана Абай айтқандай, «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі «виноват» болар?
Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық жасағандары үшін 5 жасөспірім, ал баласының алдындағы міндетін дұрыс орындамаған 8 отбасы профилактикалық есепке алынған. Сондай-ақ 1 азамат ата-ана құқығынан шектелген. Енді мына көрсеткішке қараңыз, көңіл-күйлері ауыспалы, сабақтан себепсіз кетіп қалу, кешігіп келу, бұзақылыққа бейім тұруы себептен мектепішілік есепте өткен оқу жылында 14 бала болса, үстіміздегі жылы олардың саны 34-ке жетіп отыр.
Ауданда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, суицид, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жыл сайын арнайы жоспар бекітіліп, үздіксіз жұмыстар жүргізіледі. Сансыз шараның нәтижесі қайсы? Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар саны бір жылда екі есе өсім алғаны ма? Тек өткен жылы ғана ауданда оқушылар арасында өзін-өзі өлтіру мен оған оқталудың 4 дерегі тіркелген. Салдарынан 3 оқушы ажал құшса, тек біреуі аман қалған. Мұндай қасіретке қалай жол бердік?
Кім жауапты?
Балаға жауапты бірінші адам ата-ана – жұмысбасты. Қазір рухани азықтан гөрі материалдық құндылық маңызды. Оны заманнан көрсеңіз де, адамнан көрсеңіз де қисынды. Өкініштісі де сол, ата-ананың дені тәрбиені «баланың жоғын түгендеп берумен» шатастырады. «Ұл-қызымды қатарынан қалдырмай, тойындырып, киіндірсем» деп жүргенде, баланың санасына сіңірілетін одан да маңызды дүние ұмыт қалады. Мұғалімнің жайы да бесенеден белгілі. Ол да сағатын түгендеп, материалдық қажетін қамдаумен әлек.
Қазір жас өскінге берілетін тәрбиеге жауапты осы екі жақ жауапкершілікті бір-біріне сілтеп отырғаны жасырын емес. Ата-ана мектепте оқушыларға дұрыс жұмыс жүргізбейді десе, мектеп ата-ананың балаға дұрыс тәрбие бермеуімен пікірін түйіндейді. Осы тұста «таяқтың екі ұшы бар» екенін естен шығармаған абзал. Ең әуелі ата-ана бала өміріндегі ең алғашқы ұстаз болатынын ұмытпаған дұрыс. Жас бойындағы барлық мінез-құлық әке мен анадан көрген қасиет, алған тәрбие арқылы қалыптасады. Сондықтан олардың бала мәселесіне көңіл бөліп, мән беруі аса маңызды. Әйтпесе 90-нан аса ұйымдастырылған рейдтік шаралар, бұзақыларды есепке алу, статистикалық көрсеткіш пен тәрбиеге қатысты толассыз жиыннан шығатын нәтиже шамалы.
Білім ордалары олқы ма?
Соңғы уақытта жасөспірімдердің тәрбиесімен қатар білім деңгейінде де олқылықтардың болып жатқаны байқалады. Бұған ауданның кейінгі жылдары ҰБТ нәтижесі бойынша көрсеткіштің соңында келе жатқанын да қосып өтуге болады. Осындайда «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» екенін қайталамасқа лаж жоқ. Өзіміз білетіндей, бүгінде барлық мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, жеке жетекшілер мен инспекторлар, оқушының мінезіндегі өзгерісті дер кезінде байқап, дереу жұмыс жасайтын психологтар да бар. Одан қалса, түрлі бағытта үйрететін сансыз мектепішілік үйірмелер, Жастар орталығы, шығармашылықты дамытуға арналған мекемелердің барлығы дерлік баланың қабілетін шыңдап, үлгілі тәртібі мен тәрбиесі үшін жұмыс істеп жатыр. Онда арнайы жұмыс жасайтын қаншама мамандар мен құрал-жабдықтар бар. Сонда соншама еңбектің нәтижесі жоғарыдағыдай жаға ұстарлық болғаны ма?
Өтірік емес, кейде әлеуметтік желілерден мұғалімдер арасындағы сағат үшін дауласқан түрлі жаға жыртысулар, белгілі себептермен олардың бір-біріне арыз жазуы секілді оқиғалардың куәсі болып жатамыз. Әрине, бәріне топырақ шашудан аулақпыз. Әйтсе де, аудан әкімдігі тазалық жасауға үндесе, алдымен шу шығаратындар да – оқу орындарының қызметкерлері. Сондай-ақ газетке жазылу секілді қарапайым жағдайлар кезінде де көбіне аталмыш тараптан наразылық пікірлер туындап жатады. Бұған білім бөлімі басшыларының тұрақтамауын тағы қосыңыз. Осының барлығы қазіргі уақытта мектептегі білім мен тәрбиеге кері әсерін тигізіп жатқан негізгі факторлар болуы бек мүмкін.
Бұрын мектептер оқушыларын сенбіліктерге алып шығатын. Жасөспірімдер көше тазалығымен айналысып, қарт ата-әжелердің аулаларын сыпырып, отынын жарып, оларға қолғабыс ететін. Тіпті ауылдық округтерде жоғары сынып оқушыларын түрлі шаруашылық, егіс алқаптарына алып барып, сол жерде күріштің қалай орылатынын, оның қалай бастырылатынын, қалай тиеліп, тасылатынын көрсетіп, үйрететін. Сондай еңбектің арқасында балаларға дастарханда тұрған астың қалай келетіні түсіндіріліп отырды. Осы секілді тәрбие бағытында жастарды қоғамға бейімдеу, еңбекке баулу жұмыстары, тіпті тәуелсіздік алғаннан кейін де 10 жылға жуық уақыт бойы жүргізіліп отырды.
Ал қазір оның бірі де жоқ. Бүгінде жас өскінге назарын басқа жаққа аудармай, тек білім саласына ғана бет бұру керек деген талап қана қойылған. Енді өзіңіз ойлаңыз, біз сол талаптың үдесінен қаншалықты шығып отырмыз?