Еңбекпен есейген әулет
Болмысында бояма жоқ, білімі терең, парасат-пайымы жоғары Үрпек Жансариевке биыл 121 жыл толып отыр. Мұқым елді алты құрлыққа танытқан даңғайыр диқанды құрмет төріне қалай шығарсақ та жарасады.
Сонымен, қолға қалам ұстадық…
Ізі даңғыл, ісі дара Үрпек Жансариев 1902 жылы дүниеге келген. Ерен еңбегі неше мәрте еленіп, кеудесі орден мен медальға толы болған жанның жеткен жетістігі қаншалықты биік болса да, болмысы сондай қарапайым еді. Еңбекпен ерте есейген Үрпек ақсақал еңбек төсінде тынбай тер төгіп, даңғайыр диқан атанып, үздік еңбекшілер санатында болған.
Сонымен қатар оның есімі «Алтын құрмет» кітабына енгізілген. Барлық күш – майдан үшін жұмсалған соғыс жылдары Ким Ман Сам, Ыбырай Жақаев, Ұлдар Дәуішева, Маман Қалдыбаев секілдіауданның бетке ұстайтын, шежірелі өлкеде күріш дақылын өсірудің негізін қалаған диқандардың сапында болды. Қызылорда облысынан майданға 60 тонна күріш салысы жөнелтілгенде Үрпек Жансариев бұл игі шарада да бой көрсетті.
Күріштің әр гектарынан – 80 центнерден өнім алды. Нәтижесінде Үрпек Жансариевтің төсінде «Еңбек Қызыл Ту» ордені жарқырады. Тұлпар мінез топырақтан дарып, тектілігі қанында қайнаған еңбек адамының есімі Қаз ССР-нің алтын кітабына енгізіліп, ҚазССР Жоғары Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Қазақ «Адам ұрпағымен мың жасайды» деп тәмсілдеген. Үрпек атамыздан 2 ұл, 5 қыз тараған. Соның ішінде әке жолын қуып, ол жаққан отты сөндірмеген ұлы – Махамбетжан Үрпеков. Даңғайыр диқанның отбасында дүниеге келген, қайнаған еңбек ордасында ғұмыр кешкен, есейген Махамбетжанның еңбекпен етене болмауы мүмкін емес еді. Ол орта мектепті 1963 жылы тәмамдаған.
Сол уақытта Шиелі ауданы мен көрші Жаңақорған ауданы қайта қосылып жатқан-ды. Шаруашылықтарда өзгеріс, қарбалас тірлік. Махамбетжан әке-шешесін ойлады. Әкесі Үрпек ақсақалдың зейнетке шығуы да сол қарбаласқа дөп келді. Ол жоғары оқу орнына барудан бас тартып, Қызылорда қаласындағы екі айлық механизаторлық курсты бітіріп, ауылына келіп, тракторға отырады. Бұл ісіне әкесі қарсы болған жоқ, қайта қуанды. Баласын күнде көріп жүретінін білген анасы да жадырап қалды.
Сол кездегі колхоздың басқарма төрағасы Әнсары Әбдіхалықов та ерекше қуанды. Өйткені ауылда жұмыс қолы жетіспейтін-ді. Әсіресе, механизатор дегенің таптырмайтын зәру мамандық. Трактор «тізгінін» ұстаған күннен бастап еңбек қарқыны мен сапасына мән берді. «Ұлым, «темір» тұлпарды таңдаған екенсің талабың оң болсын, қадамың құтты болсын! Қатарыңның алды бол!». Әкесінің баласына берген батасы осы болды. Мықты механизатор Махамбетжан Үрпеков жетпістің желкенін тартқанша темір тұлпарын тізгіндеп келді. Әке дәстүрін жаңылмай жалғастырған жан ВДНХ-ның «Күміс медалі», «ХІІ бесжылдықтың озаты» медалімен, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «В.И.Лениннің 100 жылдығы» медалімен марапатталды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын, алтынмен көмкерілген егінді еселей орып, қамбаға тонналап астық құйған ол бүгінде құрметті еңбек демалысында. Еңбекпен шыңдалып, еңбекпен түлеген бұл әулет өмірдің небір қиындығына шыдас беріп, уақыттың зілмауыр салмағын да көтере білді. Ауылдастары ортасында абыройлы еңбеккер отбасының маңдай тер, адал еңбегі уақыт өткен сайын жаңғыра бермек.