Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шетелдік байқаушылар: Қазақстан демократияға толық бет бұрды

Шетелдік байқаушылар: Қазақстан демократияға толық бет бұрды

Қазақстандағы Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары­ның кезектен тыс сайлауын бақылаған шетелдік байқау­шылар сайлау үдерісінің барысына жүргізген мониторинг нәтижесінде өрескел заң бұзушылықтардың тіркелмегенін мәлімдеді. Қазақстанға халықаралық байқаушы ретінде келген Астрахань облысы (РФ) губернаторы әкімшілігінің ішкі саясат басқармасы басшысының бірінші орынбасары Андрей Сызрановтың айтуынша, байқаушылар өз жұмыстарын кәсіби түрде орындаған.
Жалпы, Мәжіліс сайлауын 793 шетелдік байқау­шы қа­да­ғалады. Олардың 131-і 41 шет мемлекеттен және 662-сі 12 ха­лықаралық ұйымнан келді. Әсіресе Еуропа ел­дері парламенттік сайлауға елеулі үлес қосты. Саяси доданы ЕҚЫҰ-ның 400-ден астам өкілі бақылады.
Сарапшылардың айтуынша, ЕҚЫҰ және өзге де халық­а­ра­лық ұйымдардың тарапынан Қазақстанға мұнша­лық назар аударылуы – еліміздің халықара­лық ұйымдармен белсенді әрі нысаналы жұмысының нәтижесі, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстан құру мақсатында жүргізіліп жатқан еліміздегі ауқымды реформаларға халықаралық қоғамдастық тарапынан үлкен қызығушылық пен қолдаудың бар екенінің дәлелі.



Сайлау кезінде ұйымдастырылған халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте Түркі мемлекеттерінің ұйымы (ТМҰ), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мы Парламенттік Ассамблеясы (ҰҚШҰ ПА), Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы (ШЫҰ), Түркі мемлекеттерінің Пар­ла­менттік Ассамблеясы (ТүркПА) және АҚШ байқаушылары атқарған миссияларының қорытындысын жариялады.
 
ТМҰ: халықаралық стандарттарға сәйкес
Түркі мемлекеттері ұйымының ха­лық­аралық байқаушылары Қазақ­стан­дағы сайлаудың ашық, бәсекеге қабілетті және халықаралық стандарттарға сәйкес өткенін мәлімдеді. ТМҰ өкілдері 19 нау­рыз күні таңертең Астанада ашылған бірқатар учаскеде болған. Миссия басшысы, Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров Қазақстан Парламенті Мәжілісінің және мәс­лихаттар депутаттарының сайлауын­да миссия әкімшілік сипаттағы бұзу­шы­лықтардың болмағанын, заңнамаға сәйкес халықаралық және ұлттық бай­қаушыларға, мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың дауыс беруіне, үйде дауыс беруге барлық жағдай жасалғанын, заңнамаға сәйкес баспасөзде сайлау науқаны туралы кеңінен ақпарат тарату қамтамасыз етілгенін айтты.
– Дауыс беру басталғанға дейін, біз 17 наурызда бірнеше партияның өкілімен кездесіп, олардың дайындығымен та­ныс­тық. Делегация партиялардың бағдар­ламасына, қаржыландыруға, медиа ресурстарда ақпарат таратуға қатысты мәлі­­мет­терді талқылады. Сонымен қатар біздің миссия Орталық сайлау комис­сия­сының төрағасы Нұрлан Әбдіровпен де кездесті. Ол бізге сайлау үдерісіне қатысты толық мәлімет берді.
Жалпы, сайлау учаскелерінің ашылуы ұлттық заңнама талаптарына сәйкес болды. Мәселен, біздің миссия барған 32 сайлау учаскесін айтар болсақ, барлығы өз орнында, техникалық жарақтар да, қыз­мет­керлер де, байқаушыларға бөлінген аумақ та көңілімізден шықты. Біз тиісті мониторинг жүргіздік, онда елеулі кем­ші­ліктер болған жоқ. Атап айтқанда, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу заң талаптары аясында өтті. Осыларды ескере отырып, Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына және халықаралық стандарттарға сәйкес сайлау ашық, бәсе­кеге қабілетті болғанын мәлімдейді. Біз Қа­зақстан мен Қазақстан халқын сайлау­дың сәтті өтуімен тағы да құттықтаймыз және сайлау нәтижелері Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне одан әрі ықпал етеді деп сенеміз, – деді Сади Джафаров.
 
ҰҚШҰ ПА: тұрғындар аралас жүйені қолдады
Ал ҰҚШҰ ПА байқаушылары «Қа­зақ­стан азаматтары партияларды да, бір мандатты үміткерлерді де қол­дады», деп мәлімдеді. Сондай-ақ олар Қазақ­стан Парламенті Мәжілісінің және мәс­ли­хаттар депутаттарын сайлау заңға және халықаралық стандарттарға сәйкес өтке­нін, бюллетеньдер беру, көрнекі үгіт-насихат құралдарын орналастыру, дауыс беру үдерісін ұйымдастыру, дауыстарды санау тәртібі бойынша заң бұзушылықтар тіркелмегенін атап өтті.
– Қазақстан Республикасында жү­йе­лі және мақсатты саяси реформа жүр­гі­зіліп жатыр. Кезектен тыс сайлау ба­ры­­сында адамдар саяси партияларды да, бір мандаттық үміткерлерді де қол­дағанын көрдік. Сайлау учаске­ле­рінде қоғамдық тәртіп жоғары дең­гей­де ұйым­дастырылғанын ерекше ­атап өткен жөн. Әрине, қауіпсіздік шара­лары қабылданды, бірақ біз сайлау­шы­лардың, сондай-ақ сайлау үдерісін ұйымдастырған адамдардың құқықтық санасы жоғары деңгейде қалыптасқанын байқадық.
Сөйтіп, сайлау Қазақстан Республи­ка­сы­ның заңнамасына және халықаралық нормаларға сәйкес өткені туралы тиісті қоры­тынды жасадық. Осы нәтижені ха­лы­­қаралық байқаушылар тобы қоры­тын­дысында бекеттік. Жалпы, сайлауға дейін барлық байқаушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген бар­лық өзгеріс туралы мәлімет беріл­ді. Байқаушы ретінде дауыс беру кезінде кедер­гілер мен қиындықтарды көрме­дік. Сайлау учаскелерінде біз қойған сұрақ­тар­дың барлығына кәсіби әрі түсі­нік­ті жауап алдық. Сайлауға қатысты бізге және өзге де әріптестерімізге барлық ақ­па­рат ұсынылды, – деді Беларусь Рес­­пуб­ликасы Ұлттық жиналысының Өкіл­­дер палатасының Ұлттық қауіпсіз­дік жөніндегі тұрақты комиссиясы тө­ра­ғасының орынбасары, ҰҚШҰ ПА әлеуметтік-экономикалық және құқық­тық мәселелер жөніндегі тұрақты комис­сия­сының төрағасы Александр Маркевич.
 
ШЫҰ: Қазақстанда демократиялық үдерістер күшейді
ШЫҰ-ның өкілдері болса Қазақстан­ның көппартиялы Парламенті алға қадам жасады деген пікірде. Елдегі саяси доданы бақылаған ұйым байқаушылары «Қазақстан Президенті қабылдаған сай­лаудағы жаңашылдықтарға қатысты бар­лық қадам ел тұрғындарының қол­да­уымен жүзеге асырылды. Бұл Қазақ­стан­дағы демократиялық үдерістердің күшеюінің белгісі», – деген қорытынды жасады.
– Қазақстанның көппартиялы Парла­менті алға қадам жасады. Парламент­тің жаңа мүшелерінің күрделі заң шығару жағ­дайындағы алдағы жұмысы қалай бо­ла­тыны қызықтырады. Ал жалпы Қазақ­стан ТМД-ның көптеген елі үшін де­мо­кратиялық өзгерістерге батыл қадам жасау тұрғысынан үлгі бола алады. ШЫҰ байқаушылары сайлау науқанының ле­ги­тим­ділігін және бұл сайлаудың ма­ңыз­дылығы мен беделін арттыратынын ерекше атап өтеді, – деді миссия мүшесі, Ресей Федерациясы Федералды Жиналысының Мемлекеттік Думасының ұлт­тар істері комитетінің төрағасы Геннадий Семигин.
Сонымен қатар Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымы Бас хатшысының орын­басары Григорий Логвинов Қазақ­стан Республикасы Мәжілісі мен мәс­лихат­тары депутаттарын сайлау мемлекет заң­на­масы талаптарына және ел қа­был­да­ған халықаралық міндет­те­ме­лер­ге сәйкес өткенін айтты.
– Ұйым атынан келген миссия сайлау­дың заңдылығына күмән келтіретіндей ұлт­­тық заңнама нормаларын бұзу факті­ле­рін анықтаған жоқ. Сондықтан 19 нау­рыздағы сайлау демократия қағи­да­сы­на сай өтті деп мәлімдейміз. ШЫҰ байқаушылары миссиясының қызметін қам­та­масыз етуге жәрдемдескені үшін Қа­зақстанның Сыртқы істер министр­лі­гіне және Орталық сайлау комиссия­сына алғысымызды білдірдік, – деді Г.Логвинов.
 
ТүркПА: әділдік қағидатына сай
ТүркПА байқаушылары да елдегі сайлау ашық, әділдік қағидатына сәйкес өткенін мәлімдеді. Сонымен қатар олар Қазақ­станда түрлі пікірлердің ескері­ле­тінін жоғары бағалайтынын жеткізді.
– Сайлауды сәтті өткізудің және демо­к­ратиялық үдерістерді дамытудың басты шарты – сайлаушылар, сайлау нау­қа­нына қатысушылардың тең құқығын сақталуына жағдай жасау. ТүркПА ха­лық­аралық байқаушылары Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарын сайлауға жоғары баға берді. Түрлі пікірлердің болуы өте маңызды. Біз сайлауға қатысқан пар­тиялардың саны көбейгенін байқадық, тәуел­сіз кандидаттар болды. Бұл үлгі алар­лық жағдай. Халық өз пікірін білдіре алды. Менің ойымша, бұл тікелей демократияны дамытудың жолы.
Орталық сайлау комиссиясы төраға­сымен, сенаторлармен, сондай-ақ Сыртқы істер министрінің орынбасарымен кездестік. ТүркПА байқаушылары сайлау үдерісі туралы барлық ақпаратты алды. Миссия мүшелері сайлауға қатысқан саяси партиялардың өкілдерімен де кездесіп, олардың бағдарламасымен танысты. Біз сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап дауыстарды санауға дейінгі барлық кезеңдеріне қатыстық. Сонымен қатар жергілікті байқаушылармен пікір алмастық. Дауыс беру барысы ережеге сай өтіп, сайлау үдерісі кезінде қажет ресурстар қамтамасыз етілді.
Біздің миссия сайлау үдерісіне да­йындық деңгейін, сондай-ақ сайлауға қатысты жоғары баға беріп отыр. Миссия осы сайлауды ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыстарды да оң бағалады. Сондықтан ТүркПА байқау­шы­лар миссия­сы бұл сайлау ашық, әділдік қағидатына сәйкес өтті деп санайды, – деді ТүркПА қорытындысын жария еткен Миссия басшысы, Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Реджеп Шекер.
 
Басқа елдерге де үлгі болуы керек
Халықаралық ұйымдардың өкіл­дері­мен қатар шетел дипломаттары да мәлімдеме жасады. Палестина мем­ле­ке­тінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Монтасир Абузеид Қа­зақ­стан­ның демократиялық, саяси, эко­но­микалық дамудағы, оның ішінде сайлау үдерісін ұйымдастырудағы ерек­ше­лігі мен алға ілгерілеуін атап өтті. Қаза­қстанда тіркелген дипломатиялық корпустың Дуайені сайлауды байқауға бесінші рет қатысып отыр.
– Біз Қазақстанда болып жатқан саяси, экономикалық реформаларды жүргізуде, сондай-ақ сайлау үдерісінде айтарлықтай ілгерілеуді байқап отырмыз. Адамдар жақсы көңіл күймен, еркін дауыс берді, бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Басқа елдерде де осылай болғанын қалай­мын. Қазақстанды табысты саяси, эко­но­микалық реформаларды іске асыруымен құттықтаймын, сондай-ақ сайлау сәтті өтті деп есептеймін. Қазақстанға бейбітшілік, тұрақтылық, қауіпсіздік пен өркендеу тілеймін. Осыған дейін Албанияда, Нигерияда, Беларусьте бай­қаушы болдым. Қазақстанда өткен осы сайлауда 20-дан астам учаскеге бардым. Жергілікті байқаушылармен де пікір алмастық, олар сайлау учаскелерінде заң талаптарына сай дауыс беру жүріп жатқанын айтты. Сарбаздар, полиция қайда? Қауіпсіздікті кім қамтамасыз етіп жүр деп сұрадым. Сайлау күні қару-жарақ асынған тәртіп сақшыларын, полицияны байқамадық, бірақ қауіпсіздік қамтамасыз етілді. Негізі сайлауда қару-жарақ асынған тәртіп сақшылары көп жүрсе, бұл көрініс дауыс берушілердің көңіл күйіне кері әсер етеді. Жалпы, басқа елдерде де дауыс үдерісі осылай жеңіл өткенін қалаймын. Мен үшін сайлауда халықаралық байқаушы болу үлкен мәртебе. Бізге жергілікті байқаушылардан ешқандай шағым түскен жоқ, – деді дипломат.
 
Саяси плюрализмнің маңызы
АҚШ-тан келген халықаралық бай­қаушылар «Қазақстан саяси плю­ра­лизмнің негізін қалап жатыр», деген пікірлерін жеткізді. Парламент Мә­жі­лісінің және маслихаттар депутаттарын сайлау барысын бақылаған Джей­мс­та­ун қорының аға ғылыми қыз­мет­кері Маргарита Ассенова сайлау бәсекеге қабі­л­етті болғанын айтады.
– Бір мандатты округтер бойынша сай­лау тетігін жандандыру, жастар, әйел­дер және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін міндетті квоталар енгізу сынды жаңашылдықтар ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл сайлау – Қазақстанның саяси реформаларда жасаған тағы бір қадамы. Бұл плюралистік қоғам құруға өте жақсы негіз болады, – деді АҚШ бай­қаушысы.
Америка байқаушыларының жұмыс қорытындысын New Lines стратегия және саясат институты, Eurasian Security & Prosperity portfolio аға директоры, доктор Камран Бохари жариялады.
– Негізі сайлаушылардың дауыс беруге барынша қатысуына назар аудару керек. 19 наурыз күні қала тұрғындары сайлау учаскелеріне қарай келіп жат­қа­нын көрдік. Осы орайда олардың осы сайлауға келуін қандай себептер ынталандырып тұрғанын сұрап білдік. Биыл жаңа партиялардың қосылуы дауыс берушілердің таңдау жасауына әсер етті.
– Біріншіден, алғаш рет қатысып жатқан жаңа партияларға мүмкіндік жасалды. Партиялар қандай құндылықты, ұс­танымды насихаттап жатқанын қара­са­ңыз, бірқатар сала қамтылғанын бай­қау­ға болады. Жалпы, Қазақстан қазіргі күрделі геосаяси кезеңде өзінің бастама­ла­рын жүзеге асырып жатқанын ма­ңызды деп білеміз. Қазір сайлаудың түп­кілікті нәтижелері жарияланған жоқ. Сондықтан нақты қорытындыны ал­ған­нан соң, тиісті талдау мәліметін көп­шілікке таратамыз, – деді Камран Бохари.
 
P.S: Осылайша, халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден келген халықаралық байқаушылар сайлауда дауыс беру ашықтық, айқындық жағдайында және сайлау заңнамасына толық сәйкестік жағдайында өткенін бірауыздан мәлімдеді. Сондай-ақ олар сайлаушылардың азаматтық санасының жоғары деңгейде екенін атап өтті. Өйткені таңертеңнен бастап сайлау учаскелері жабылғанға дейін елдің түкпір-түкпіріндегі тұрғындар партиялар мен кандидаттарды іріктеуге белсене қатысты. Сайлау учаскелерінде мерекелік көңіл күй орнады. Көптеген сайлаушы үшін сайлауға қатысу алғашқы тәжірибе де болды.

21 наурыз 2023 ж. 186 0