Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Мейірім әйелдерден бастау алады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Мейірім әйелдерден бастау алады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз – Халық­аралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысып, салтанатты жиында сөз сөйледі.



Президент ұлтымыздың дүниетаны­мында әйелдің орны ерекше екенін айта келе, сұлулық пен нәзіктік, мейірім мен шапағат – бәрі де әйелдерден бастау алатынын жеткізді.
– Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-Ана», «Отан-Ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі. Ұлы Абай айтқан «Толық адамға» тән асыл қасиеттер ұрпақтың бойына ана арқылы дариды. Қазір еліміз даму­дың маңызды кезеңіне қадам басты. Әділ­етті Қазақстанды құру үшін ауқымды реформаларды қолға алдық. Ең бастысы, ел ішінде отаншылдық, мемлекетшілдік рух мықты болуы керек. Біз көк байрағымызды биік ұстайтын, білімді, ұлтжанды ұрпақ өсіруіміз керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастарға салынған қаражат – ең ұтымды инвес­тиция» екенін және қоғамдағы әйел­дердің рөліне ерекше тоқталды.
– Қазір қыздарымыз әлемнің ең үздік университеттерінде білім алып жатыр. Жаһандық компанияларда жұмыс істей­ді. Сан түрлі кәсіпті меңгерген әйелдер қоғамның түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр. Олардың арасында мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметші, тәрбиеші, тігінші және басқа да мамандық иелері бар. Халықаралық жарыстарда көк туымызды биікке көтерген спортшы аруларымыз да аз емес. Қаншама қыз-келіншектер бизнес­пен айналысып, мыңдаған адамға жұмыс ұсынып отыр. Мен баршаңызды мақтан етемін! Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, әйелдер әділ, дана әрі тапқыр басшы бола алатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қазір шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 42 пайызға жетті.
– Бұл – әйелдер кәсіпкерлігіне мемлекет тарапынан көрсетілген жүйелі қолдаудың нәтижесі. Былтыр өз кәсібін ашқысы келетін 6 мыңнан астам көпба­лалы анаға арнайы грант берілді. Ауыл­дағы қыз-келіншектер бизнеспен белсенді айналысатын болды. Мыңдаған әйел бизнес жобасын жүзеге асыруға мемлекеттен субсидия алатын болады. Бұл мақсатқа жалпы сомасы 250 миллиард теңге жұмсалды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасы­мен Отбасы және гендерлік саясат тура­лы Жаңа тұжырымдама қабылдан­ға­­нын, аталған құжат әйелдердің өзін-өзі дамы­туына мол мүмкіндік беруге бағытталғанын атап өтіп, әрбір әйел отбасында бақытты, қызметте табысты, қоғамда белсенді болуға лайықты екенін айтты.
Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы «Аруана» үздік әйелдер жобасы байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл марапат әртүрлі салада әлеуметтік маңызы бар жобалармен айналысып, азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген іскер әйелдерге он номинация бойынша табысталды.
Халықаралық әйелдер күніне орай өткізіл­ген «Аруана» үздік әйелдер жоба­сы байқауы жеңімпаздарының қатарын­да «Агробизнес саласындағы үздік жоба» аталымы бойынша – Айгүл Сағымбекқызы Ақшалова, «Үздік IT жоба» аталымы бо­йынша – Фарида Амантайқызы Ақшолақова, «Креативті индустрия саласындағы үздік жоба» аталымы бойынша – Сәуле Халелқызы Салихова, «Жаңа медиа саласындағы үздік жоба» аталымы бойынша – Әсем Болатжанқызы Нұрғалиева, «Әйелдер мен балалар құқығын қорғау саласындағы үздік жоба» аталымы бойынша – Несібелі Зариванқызы Бәсенова, «Инклюзивті даму саласындағы үздік жоба» аталымы бойынша – Арайлым Мағашқызы Әлімжанова, «Ғылым және инновация саласындағы үздік жоба» аталымы бойынша – Марина Владимировна Деркач, «Әйелдер мен балалардың белсенді құқық қорғау­шысы» аталымы бойын­ша – Ләззат Бекмұханбетқызы Ракишева, «Кәсіп­орын­ның үздік әйел-басшы­сы» аталымы бойынша – Фатима Набидуллақызы Төлеева, «Әйелдер құқықтарын қорғау сала­сын­дағы үздік үкіметтік емес ұйым» аталымы бо­йынша – Ольга Владимировна Рыль бар. 
08 наурыз 2023 ж. 198 0