Биыл ветеринар мамандардың айлығына 35 пайыз үстемеақы қосылады
Биыл биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін ветеринария мамандарының еңбекақысына 35 пайыз үстемеақы қосылады. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабектің Мәжілістің таратылған 7-шақырылым депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша 2021 жылмен салыстырғанда ветеринариялық мамандардың жалақысы республика бойынша орташа есеппен 50,3 пайызға өсті. Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап I және II патогендік топтардың патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін ветеринариялық мамандарға кемінде еңбекақыға 35 пайыз және 50 пайыз үстемеақы және екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді», – деді вице-министр жауабында.
Оның атап өтуінше, заңнамалық деңгейде патогенділігі 1 және 2-топтағы патогендік биологиялық агенттермен жұмыс істейтін ветеринариялық мамандарға және мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің көмекші персоналына еңбекақыға қосымша ақы және кем дегенде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы түрінде әлеуметтік қолдау шараларын көрсету мүмкіндігіне бағытталған бірқатар нормалар қабылданған.
«Сондай-ақ, кәсіпорындар түрінде де, мекеме түрінде де құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ақылы қызмет көрсетуі есебінен еңбекақыны ұлғайту мүмкін деп есептейміз. Бұл ретте қолданыстағы заңнама ветеринария саласындағы мекемелерге тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуге мүмкіндік береді, оларды өткізуден түскен ақша олардың иелігінде қалады», – деді Әбілқайыр Тамабек.