ЖАСТАРҒА – ЖАҢА ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫ
Жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Президент өз Жолдауында жастардың баспаналы болуына барынша жағдай жасалу керектігін атап айтқан болатын. Осылайша бұл маңызды түйткілдің түйіні бүгінде еліміздің әр өңірінде қолға алынуда. Бұған дейін жастарды қолдайтын тек «Алматы жастары», «Елорда жастары» секілді бағдарламалар ғана сол жергілікті жердің тұрғындарына арналып, өзге өңірлердегі жастардың үйлі болуына ешқандай сеп болмады. Енді мұндай игі жоба Сыр өңірінде де қабылданбақ.
Өткен жылдың желтоқсан айында өткен «Жасампаз шақ – жастық шақ» атты облыстық жастар форумында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта атқарылған игі шаралардың барлығында өңір жастарының өзіндік үлесі барын айтқан еді. Аймақ басшысы осыған дейін жинақталған ой-пікір, ұсыныстарды саралап, сала жетекшілері мен қала, аудан әкімдеріне арнайы тапсырма берді.
Өткен жылдың желтоқсан айында өткен «Жасампаз шақ – жастық шақ» атты облыстық жастар форумында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта атқарылған игі шаралардың барлығында өңір жастарының өзіндік үлесі барын айтқан еді. Аймақ басшысы осыған дейін жинақталған ой-пікір, ұсыныстарды саралап, сала жетекшілері мен қала, аудан әкімдеріне арнайы тапсырма берді.
Форумда жастардың өз қабілетін толық жүзеге асыруы үшін әлеуметтік-экономикалық тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында аймақ басшысы көтерген он нақты бастаманың бірі – облыс жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы.
– Жас отбасылардың баспаналы болып, қоғамда әлеуметтенуі – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Сондықтан облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетұлы мен Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Өмірбекұлына тиісті салалық басқармалармен бірлесіп, «Сыр елі жастары» облыс жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасын қабылдау бойынша бір ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деген еді Н.Нәлібаев.
Ал өткен аптада аймақ басшысының осы тапсырмасы аясында облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясында «Сыр елі жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасының алдын ала талқылауы өтті. Облыстық мәслихат депутаты Гүлнара Есқалиеваның төрағалығымен өткен комиссия отырысында жастарға арналған бағдарламаның ережесі мен талаптары таныстырылды.
«Сыр елі жастары» атты жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасына түрлі қаржы көздерінен 1 млрд 700 миллион теңге қаралып отыр. Өңір жастарын жаңа, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау мақсатында бұл бағдарлама арқылы жүздеген жастың баспана мәселесін шешу жоспарлануда.
Қатысушыларға қойылатын басты талап кейінгі 2 жылда облыста тіркеуде тұруы керек. Бағдарламаға 18 бен 35 жас аралығындағы жастар және негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Жеңілдетілген несие 19 жылға 5 проценттік үстемемен рәсімделеді. Алғашқы жарна ретінде баспана құнының 10 проценті төленеді.
Бағдарламаға білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, журналистика саласының мамандары, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, ғылыми қызметкерлер, ұлттық холдингтердің жергілікті филиалдарының, екінші деңгейлі банк қызметкерлері, құрылыс, қоғамдық тамақтану және басқа да қызмет көрсету саласының қызметкерлері мен әлеуметтік қызметкерлер қатыса алады. Жолдама беру балдық жүйемен жүзеге асырылады.
Бағдарламаға қатысу үдерісінде адами фактор болмайды. Жолдама беру және қатысушыларды бағалау «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы электрондық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Биыл бағдарлама аясында 100-ден астам жасты қамту жоспарланған.
Өңірімізде тұрғын үй кезегінде тұрған 7,5 мыңға жуық жастар бар екенін ескерсек, алдағы уақытта бағдарлама арқылы берілетін үйлер жас отбасыларға айтарлықтай қолдау болмақ. Айта кетерлігі, бағдарлама әлі бекітілген жоқ. Мәслихаттың алдын ала талқылауы кезінде айтылған ұсыныстар ескеріліп, бағдарлама жобасы бірлескен отырыста қаралып, келесі облыстық мәслихат сессиясына шығарылатын болады.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ