Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Министр аудан тынысымен танысты

Министр аудан тынысымен танысты

Кеше ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова Шиелі ауданына жұмыс сапарымен келді. Министрді аудан әкімі Н.Ахатов күтіп алды. Іссапар аясында министр бірқатар әлеуметтік мекемелерді аралап, ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Түс ауа ауданға табан тіреген Министр ең алдымен «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде ашылған «Омар торт» кондитер цехының жұмысымен танысуға бағыт алды. «Бастау бизнес» жобасы аясында өз кәсібін өрге домалатқан Гүлзия Мұратбекқызы 2022 жылы 1 225 200 тг қайтарымсыз гранттың иегері атанады. Үйде отырып тапсырыспен тәтті пісіріп бастаған іскер келіншек бертін келе өз кәсібінің көкжиегін кеңейтуді ойлайды. Осылайша, мемлекеттік бағдарлама аясында білім алып, бизнес жоспар әзірлейді. Грант қаржысына пеш, мұздатқыш, ет турағыш, блендер, қысқатолқынды пеш сатып алып, есік алдынан кондитерлік цех ашады. Бүгінде тек тәтті пісірумен шектелмей, жартылай дайын тағам өнімдерін де сатылымға шығаруда. Бұл ауданда қолдау тапқан бір ғана жобаның жемісі екенін тілге тиек еткен аудан әкімі Нұржан ­Ахатов кәсіпкерлік бағытында атқарылған жұмыстардың легін тарқатты.
Осы жылдың сәуір айынан бастап 4 лек бойынша 1224 азаматтан «Business.Enbek» порталы арқылы онлайн өтінімдер қабылданды. Қабылданған өтінімдер негізінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия мүшелерінің шешіміне сәйкес, 381 адамға грант берілді. Оның ішінде 183-і 18-29 жас аралығындағы жастар болса, 21-і еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар. Ал 114-і көп балалы отбасы ретінде жәрдемақы алушылар, 27-і мүгедектігі бар балаға қараушылар, 8-і асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар. Сонымен қатар жұмыссыздар санын азайту бағытында 28 тұрмысы төмен атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтарға жалпы 466 млн 801 мың теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант беріліп, барлығы мемлекеттік кірістер басқармасына жеке, дара кәсіпкер ретінде тіркелу арқылы өз кәсіптерін ашуда, – деді аудан әкімі.
Одан әрі министр Шиелі кентінде орналасқан «Мейірім» №3 облыстық балалар оңалту орталығының жұмысымен танысты. Гүлмира Бердиева басшылық жасайтын орталық 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Оңалту орталығы толықтай қазіргі заманға сай салынған. Мекемеде қолдануға арналған проектор экранымен, видео және фото аппарат, музыкалық аппаратура, Отау ТВ бар. Орталықта сенсорлық, монтессори кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар гидромассаж, душ кабиналары бар. Мекеме толық бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Орталықтағы оқу-тәрбие сауықтыру жұмыстары типтік жоба бойынша жүргізіледі. Балаларды сауықтыру жұмыстарына қажетті спорттық жаттығу жасау залы, жаздық ойын алаңдары да қарастырылған. Оңалту орталығы мүмкіндігі шектеулі балаларды коррекциялық, әлеуметтік бейімдеу, сауықтыру жұмыстарын жүргізеді. Орталықта 57 адам қызмет атқарады. Оның 10-ы тәрбиеші, 6 педагог-маман, бала дәрігері, 6 аяжан, әлеуметтік педагог, психолог мамандар» деп Г.Бердиева орталықтың жұмысымен таныстырып өтті. Министр Т.Дүйсенова жуырда Көкшетау облысындағы оңалту орталығында болғанын тілге тиек етіп, кенттегі «Мейірім» орталығының облыстық деңгейде жұмыс істеп жатқандығына ризашылығын білдірді.
Аудан халқының тыныс-тіршілігімен танысқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ірі кәсіпорындардың бірі – «Гежуба Шиелі Цемент» зауытының қызметкерлерімен кездесуді құп көрді. Қарапайым еңбек адамдарының уәжін тыңдап, сұқбат құрды. Жұмысшы Абай Дәуренұлы «Біз 40 азамат жуырда Қытай елінен зауыт жұмысын жандандыру бағытында білім алып келдік. Түрлі заманауи техникалардың тілін меңгерудеміз. Қытайда күн көзінен қуат алатын техникалар қатты дамыған. Біздің де алдағы уақытта күн көзінен қуат алатын техникалармен жұмыс істегіміз келеді. Сондықтан дамыған шет елдерден тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастыруды сұраймын» десе, Ниязғали Абдуллаев ірі зауыттар мен өңдеу кәсіпорындарын ашу туралы ұсынысын жеткізді.
– Алдағы уақытта ірі кәсіпорындар қажетті мамандар тізімін жасақтап, жұмысшыларының шет елдерде білім алуы­­на жағдай жасайтын болады. «Самұрық Қазына» секілді т.б. ірі кәсіпорындармен бірлесе отырып жаңа жобаны қолға алмақшымыз. Енді университет бітіріп келген, не болмаса түрлі отбасылық жағдайына байланысты оқи алмаған жас­тарды сол жоба аясында мемлекет қаржысымен оқытып, еңбекақысын 70 процент мемлекет, 30 процент кәсіпорын төлейтін болады. Яғни 1 жыл осылай іс-тәжірибеден өткен маманды ары қарай жұмысқа алу тәртібі де қарастырылады, – деді министр.
Айта кетейік 2018 жылы Қытай елімен бірлесе отырып іске қосылған цемент ­зауыты жылына 1 млн тонна цемент өндіруде. Бұл әрине ауданның өңдеу өнеркісібінде өзіндік орнын қалыптастыруға да ықпал етуде. Ішкі нарықты қамтып қана қоймай, өніміміздің 30 проценті экспортқа да шығуда. Ең бастысы, кәсіпорын аудан азаматтарын жұмыспен қамту мәселесіне баса мән беріп отыр. Сондай-ақ жұмысшылардың білімін жетілдіру бағытында Қытай елімен келісім де бар. Жұмысшылармен еркін диалог құрған министр кездесу соңында зауыт басшысы У.Чженьхуаға «Қазақ жерінде жүріп, қазақ азаматтарымен жұмыс істеген соң тілді де меңгеру керек» деген талап-тілегін жеткізді.

Г.ДҮЙСЕБАЙ,
С.СҰЛТАН,
Б.БӘЙІМБЕТ
16 желтоқсан 2022 ж. 853 0