Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БОЛАШАҚ БІЛІММЕН БАЯНДЫ БОЛМАҚ

БОЛАШАҚ БІЛІММЕН БАЯНДЫ БОЛМАҚ

Жұдырықтай жүрегі лүпілдеп, мектеп табалдырығын алғаш аттаған балғын жүзді балалар алғашқы ұстаздарының жетектеуімен сыныптарына кіріп, парталарына отырып, қолына қалам ұстайды. Ал алдағы жылы алтын ұядан қанат қағатын болашақ түлектердің ізбасарларына қызыға қарап, «Әліппенің» бетін ашқан сәттерін естеріне түсірері хақ.
Күздің алғашқы күніндегі тарихи сәт ұрпақтар сабақтастығын көрсететін әдемі көрініс. Яғни ұстаз бен оқушы және олардың ата-аналары қауышып, келер күннің кемел болуына өз үлестерін қосып, азат елдің айбынын асыра беруге талпынады.
Сәйкесінше сананың жаңғыруы осы кезде көрініс табады. Өйткені оқушыға, ата-ана мен ұстазға ортақ мүдде – білім мен тәрбие ұштасып, ұлттық рух бой түзейді. Биылғы оқу жылының бір ерекшелігі де осыдан байқалуы тиіс.
Байырғы президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» деп мұның негізі білімде жатқанын «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген болатын.
Жаһандық өзгерістер мен әлемдік трендтер мектептегі білім беру мазмұнының жылдам жаңаруын талап етіп отырған тұста, елімізде жаңартылған білім биылда өз деңгейінде жүзеге аспақ. Облыс көлемінде 295 мемлекеттік, 16 жеке мектеп жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында 182 мыңға жуық бала келеді деп күтілуде. Оның ішінле 18 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 5 мың балаға артық. Білім беру мекемелерінің дайындығы 100 процентке жуық орындалған. Сонымен қатар осы жылы 2 сыныптың оқулықтары толығымен жаңартылады. Иә, жаңа оқу жылы біршама жаңалықтарға толы. Енді оқу аптасы бұрынғыдай 34 апта емес, 36 аптаға созылып отыр. Қазақ тілді 1 сыныптарда шет тілі және орыс тілі оқытылмайды. Сондай-ақ «Өзін-өзі тану» міндетті пән ретінде оқытылса, енді алдағы уақытта факультатив ретінде оқытылатын болды. Көпшілігіміз хабардармыз, енді бөлінетін пәндерде де өзгерістер бар. Енді орыс тілі, шет тілі екі топқа бөлініп оқытылмайды. Шет тілі пәніне қатысты бір ерекшелік, егер оқушы 24 немесе одан жоғары болса бөліп оқытуға болады. Ал орыс тілі, орыс әдебиеті пәндері бөлініп оқытылмайды. Дене шынықтыруға қатысты министрліктің 2022 жылғы 3 тамызда 348 бұйрығы шықты. Мемлекеттік жалпыға білім беру стандартына енгізілген өзгерістер мен толықтыруға сәйкес дене шынықтыру пәні топқа бөлінбейді.
Рухани жаңғыру бағдарламасына сәйкес айтылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша тағы бір оқу үрдісінің мектептерден орын алғанын айта кету керек. Ол 2017-2018 оқу жылында «Қазақстан тарихы», «География» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша білім беру ұйымдарында «Туған ел» кең ауқымды мақсатқа бағытталған «Туған жер» бағдарламасын іске асыру барысында сабақты мұражайларда, мәдени мекемелерде, тарихи ғимараттарда өткізу үшін жоспарлар құрылған. Ол сабақтар мектептен тыс жерлерде болатынын еске сала кетелік. Қажетті ғимараттардың болмауы себепті мұндай сабақтарды ұйымдастыра алмайтын ауыл мектептері үшін арнайы бейнематериалдар әзірленеді екен. Бұл бейнематериалдар әзірленуіне қарай білім басқармаларына жіберілетін көрінеді.
Алда айтқанымыздай, еліміз бойынша мектепке баратын оқушылардың өскендігін байқауға болады. Міне, бұл өскен елдің өскін ұрпағының алға қадамын, асқақ арманын көрсетеді.
11 желтоқсан 2022 ж. 925 0