Заңсыздықтың жолын кесу күн тәртібінен түспейді
Кеше Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен жер саласындағы заңдылықты сақтау, сондай-ақ медициналық бұйымдарды сатып алу мәселелері жөнінде алқа отырысы өтті. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, ауыл шаруашылығы, экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің басшылары және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.
Бірінші мәселе бойынша Бас Прокурор биыл прокурорлар мемлекетке қолданылмаған 1,5 млн га жер қайтарғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, қоғамдық жайылымдардың тапшылығы 29 млн гектардан 8 млн гектарға дейін қысқартылған. Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарында 11 мың үлескерге 500 мың гектардан астам жер қайтарылды.
Бірінші мәселе бойынша Бас Прокурор биыл прокурорлар мемлекетке қолданылмаған 1,5 млн га жер қайтарғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, қоғамдық жайылымдардың тапшылығы 29 млн гектардан 8 млн гектарға дейін қысқартылған. Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарында 11 мың үлескерге 500 мың гектардан астам жер қайтарылды.
– Тексерістер олигополиялардың қолдануындағы ең жақсы және құнарлы ауыл шаруашылық жерлерін, жайылымдар мен коммерциялық учаскелерді анықтады. Бүгінгі таңда олардан мемлекет пайдасына 145 мың гектар жер тәркіленді. Тексеру нәтижелері бойынша Шымкент, Ақмола, Атырау, Алматы және Түркістан облыстары әкімдіктерінің Жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бойынша басқармаларының лауазымды тұлғаларына, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының жеке жер пайдаланушыларына қатысты 56 қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі күні қылмыс жасаған 9 адам сотталды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында 800 үлескерлердің жер телімдерін асыра пайдаланып, алаяқтық жасаған кәсіпорын басшысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды, – деді Бас Прокурор.
Берік Асылов уәкілетті органдардың жайылым жерлерін оңтайлы басқарудың, ірі жер телімдердің бір қолға шоғырлануына жол бермеу және үлестік жерлерге бақылауды күшейтудің, оның ішінде кез келген заңсыз схемаларды болдырмау жұмысының маңыздылығына назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне нақты іс-шаралар жоспарын дайындау арқылы заң бұзушылықтарды жою туралы талаптар қойды.
Екінші мәселе бойынша «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» қызметі тексерісінің нәтижелері талқыланды. Прокурорлық тексеріс кезінде бюджет қаражатын жымқыру және жоғары бағамен сапасыз медициналық техниканы сатып алу фактілері анықталғаны белгілі болды.
Мәселен, Ақтөбе облысындағы медициналық орталық жылжымалы шұғыл медициналық көмек кешенін (жедел жәрдем) кедендік құнынан 4 есе артық бағамен сатып алған. Нарықтық бағасы 16,6 млн теңге болса, орталыққа 72,9 млн теңге жұмсалған.
Осындай сызбалар Алматы қаласында, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Қостанай, ШҚО, БҚО, Жамбыл және Павлодар облыстарында да орын алған.
«Тексеріс нәтижелері бойынша прокуратура заң бұзушылықтарын жою туралы 208 ұсыну енгізді, 405 адам тәртіптік және әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 15 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды» деді Б.Асылов. Сондай-ақ қадағалау ведомствосының басшысы медициналық бұйымдарға бағаны қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық факторларын болдырмау қажеттігін атап өтті.
Алқа отырысында кәсіпкерлердің өтінімдерін қабылдау процесін автоматтандыру, медициналық бұйымдарды сараптау тетігін қайта қарау, медициналық жабдықтарды қадағалау жүйесін енгізу ұсынылды. Отырыс соңында Бас Прокурор облыс прокурорларына мемлекетке келтірілген залалады өтеуге қол жеткізу және сыбайлас жемқорлықты болдырмауды қатаң тапсырды.
Г.ӘБДІХАНИ