Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫ: ҚАУІП ПЕН САҚТЫҚ

ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫ: ҚАУІП ПЕН САҚТЫҚ

Күнтізбеде желтоқсан, қаңтар, ақпан болғанымен, әдетте қыс «алты» айға созылады. Қазан мен қараша күзге тиесілі болса да, халықты бүрсеңдеткен суығымен қысты бір орайды. «Сәуір келмей, тәуір болмас» деп наурызды да қысқа еншілейміз. «Жылыту маусымына сақадай саймыз» деген жауапты мекемелерге тек сыннан сүрінбей өту маңызды.
Биыл елде қыс қаһарлы басталды. Жығылғанға жұдырық дейміз бе, әр өңірдегі жылу құбырлары да сыр беріп, халықтың мазасын алды. Әсіресе бір мезетте 43 құбыры жарылған Екібастұздың жағдайы елдің назарында. Шиеліде құбыр құбылмаса да соңғы күндері көгілдір отын әлсін-әлсін өшіп, сықырлаған аязда тұрғындарды әуреге салып жатқаны рас.
– Өңірге «Газ кірді, жаз келді» деп бөркімізді аспанға лақтырып қуанғанымызды осындай олқылықтар су сепкендей басады, – дейді аудан тұрғындары. Әрине, көгілдір отынның экологияға да, тұрғындардың тұрмысына да пайдасы орасан. Тиісінше мүлтіксіз қызмет етіп, жылу үздіксіз келіп тұрса. Бірақ кейде барлығы ойдағыдай болмай жатады. Мәселен, өткен жексенбіде кешкісін кенттің біраз бөлігінде көгілдір отын кенеттен өшіп қалған. Дәл сондай жағдай жақында ғана газға қосылған Ақмая ауылында да бірнеше мәрте орын алды. Газға сеніп, қатты отынын қамдамайтындарға тосыннан болған осы секілді төтенше жағдайлар жайсыз тиетіні анық.
Мәселенің мән-жайын сұрап, білмекке аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Қайрат Мырзакеевке хабарласқан болатынбыз:
– Газ мәселесі бойынша «ҚазТрансГаз» мекемесінен біле аласыздар. Ал көмір аудан халқына жеткілікті мөлшерде жеткізіліп отыр. Өңірдегі барлық мекемелерде жылыту маусымы бойынша ешқандай мәселе жоқ, – деп қысқа қайырды.
«ҚазТрансАймақ» Шиелі ­ауданы бойынша филиалы мекемесіне хабарласқанымызда, мамандар басшыларының таңертеңнен көгілдір ­отыннан ақау шыққан аймақта екенін, тек сол кісі келген соң ғана ақпарат бере алатынын айтты. Мекеме мамандарымен келіскеніміздей, газеттің келесі нөмірінде көгілдір отыннан тарату мекемесі жылу ­маусымын қалай өткермек? Тұрғындардың қажеттілігін өтеуге қаншалықты қауқарлы? Газдан болған апаттар саны мен себебі? Көгілдір отыннан болған ақауға кім кінәлі? Оны кімдер, қанша уақытта қалпына келтіруі тиіс деген сауалдарға жауап іздейтін боламыз.
Жоғарыда айтқанымыздай, қытымыр қыстың бел ортасына да таяп қалдық. Жылыту маусымында пештегі отынды бензин, керосинмен тұтату, ішіне сыймайтын ұзын отынды жағу, шамадан тыс қыздыру тілсіз жауға себеп болуы мүмкін. Көгілдір отынды да пайдаланған кезінде салғырттық танытуға болмайды. Қарапайым сақтық шараларына мән берген абзал. Әйтпегенде апатты жағдайлардың, оқыс оқиғалардың орын алуы әп-сәтте екені белгілі. Әр адам бірінші кезекте сақтық шараларын алдын ала қолға алып, қауіпсіздік қағидаларын берік ұстанса жылыту маусымынан келіп-кетер қауіп-қатер азаятыны сөзсіз.
Қыстың қаһарына мінетін кезі енді келді. Әрі өңірде аяз да күшейіп тұр. Ендеше жылыту маусымының да «шыжығы» әлі «қуырылуы» бек мүмкін.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
06 желтоқсан 2022 ж. 357 0