Саулық кепілі – сақтандыру
Адам – капитал, халық – әлеумет. Сондықтан әлеуметтік мәселе шешілмей, экономика да ілгері жылжымайтыны айдан анық. Осыны ескерген Президент Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталатын кезекті жолдауында әлеуметті елең еткізген тұстарға ерекше тоқталды.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы Жолдаудың жөні сонысымен де бөлек. Бұл – Жаңа Қазақстанға бет бұрған, өзгеріс пен жаңашылдықты көздеген мемлекеттің жолдауы.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы Жолдаудың жөні сонысымен де бөлек. Бұл – Жаңа Қазақстанға бет бұрған, өзгеріс пен жаңашылдықты көздеген мемлекеттің жолдауы.
Саяси құжатта Мемлекет басшысы атаған өзекті мәселенің бірі – ұлт денсаулығы. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деген Президент медицинадағы олқылықтар туралы былай деді:
– Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі.
Президент Жолдауда келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырғанын жеткізді. Бұл құжат ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі.
Қ.Тоқаев айтқандай, бұл салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр.
– Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.
Бүгінде МӘМС жүйесі қолданысқа еніп, мән-маңызы насихатталып жүрсе де, қордың қызметін түсінбейтіндер көп. Оған әлі күнге дейін сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтар мен уақытылы төленбеген жарналар дәлел. Мәселен, Шиелі халқының 85 процентінде ғана сақтандыру мәртебесі бар. Яғни, 78 мыңнан аса адам ғана аудандық емханаға тіркелген. Қалған 10 мыңнан астам тұрғынның мәртебесі әлі күнге нақтыланбай отыр.
– Емханада тіркеу бөліміндегі компьютерлерге әлеуметтік санаттарды нақтылау бойынша арнайы ақпараттық жүйе енгізілген. Сол арқылы азаматардың сақтандыру мәртебесі тез арада анықталып отырады. Одан бөлек «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» бойынша қызмет түрлерін дұрыс ала алмау, өзге де қиындықтар бойынша сұрақтар туындауына байланысты арнайы бөлме жасақталып, мамандар жұмыс істеуде. Сондай-ақ, емхананың бірінші қабатында МӘМС-ке жарна төлеу терминалдары бар. Медициналық сақтандыру жүйесі туралы қажетті ақпараттың барлығы ғимараттың әр қабатында келушілерге анық көрінетіндей етіп орналастырылған, – дейді емхана басшысы.
Мұнан өзге тұрғындар туындаған сауалдарына оңай жауап алу үшін «Qoldau-24/7», «SAQTANDYRY» ақпараттық қосымшалары жұмыс істейді. Айтпақшы, 15 қыркүйекте Қазақстанда алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына еркін тіркелу науқаны басталды. Бұл науқан қараша айының ортасына дейін жалғаспақ. Аталған акция елімізде жыл сайын өткізіледі. Науқан кезінде қазақстандықтар өздері тіркеуде тұрған емхананың жұмысына қанағаттанбаса, басқа емханаға ауыса алады немесе өз емханасы ішінде басқа учаскелік дәрігерді таңдауға мүмкіндігі бар.
P.S. Президент айтқандай, тұрақты әрі жүйелі сақтандыру моделі құрылса, сан да сапа да артады деген үміттеміз. Тек әзірге қолда барды қанағат тұтып, барымен базар қыла тұруға тура келеді.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ