Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңір экономикасында өрлеу бар

Өңір экономикасында өрлеу бар

Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы күн санап еселеніп келеді. Айталық, биыл аудан бюджетінің кірістері 108,8 процент артық орындалып, кіріс көлемі айтарлықтай артқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов хабарлады.
Аудандық бюджеттің өз кірістері биыл 1 млрд 868,5 млн теңге шамасында жоспарланған. Дегенмен аудан басшылығының іскерлігінің арқасында бұл меже 165,1 процентке артығымен, яғни 3 млрд 84,7 млн теңге шамасында орындалған. Ал IV деңгейлі бюджеттің өз кірістері бастапқы жоспарланған 102,9 млн теңгенің орнына 185,9 млн теңгеге, яғни 83 млн теңгеге артық орындалған. Сондай-ақ Шиеліде жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында жыл соңына дейін 3623 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қазіргі таңда 2175 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы ауданда 85 мыңнан астам халық болса, бүгінде оның 34 мыңнан астамы тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Жыл басынан бері ауданның барлық макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсу тенденциясы қалыптасып отыр. Мәселен, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі – 108,6 процентке, ал өңдеу өнеркәсібі – 107,2 процентке, ауыл шаруашылығы саласының өнімі – 1,7 процент, сауда айналымы – 3,9 процент, инвестиция тарту 13,2 процентке артты. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 564 бірлік құрап, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандары өткен жылмен салыстырғанда 102,6 процент өсті. Сонымен қатар биыл ауданға 25 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту межеленуде. Сәйкесінше соңғы 7 айда негізгі капиталға салынған инвес­тиция көлемі 8 млрд 547 млн теңгені құрап, есепті кезеңмен салыстырғанда 114,2 процентке көбейді. Аудан бойынша 33 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар толықтай іске қосылса 501 жаңа жұмыс орны ашылады, – деді аудан әкімі Нұржан Ахатов.

Ауыл шаруашылығын әртараптандыру басты мақсат
Мұнан бөлек ауыл шаруашылығы саласына кеңінен тоқталған аудан әкімі биыл Шиелі ауданында бас-аяғы 30,1 мың гектар жерге егін егілгенін айтты. Ал басты дақыл күріштің көлемі 10 750 гектарды құраған. Сонымен қатар ауданда егін көлемін әртараптандыру бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Дәлірек айтқанда, биыл жоңышқадан 48 890 тонна өнім жиналса, жаздық бидайдан 410 тонна өнім алынған. Су тапшылғының жылдан жылға күрделене беретінін ұғынған аудан әкімі Н.Ахатов «Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі дамыта береміз», – дейді.
– Ауданда егін шаруашылығын әртараптандыру мақсатында ескі жоңышқа көлемі – 6147 гектарға, жаңа жоңышқа – 3400, соя – 150, дәнді жүгері – 110, арпа – 50, жемдік жүгері – 60, мақсары – 1494 гектарға артып отыр. Қазіргі таңда көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары қарқынды жүруде. Осы уақытқа дейін көкөністен 33 620 тонна, бақша дақылдарынан 53 705 тонна өнім жиналды. 25 тамыздан бастап шаруа қожалықтары Сыр салысын жинауды бастады. Бүгінде 10 750 гектар күріштің 1346 гектары орылып, оның 850 гектары бастырылды. Ал мал шаруашылығында төрт түлік мал басы мен одан өндірілген өнім көлемінде тұрақты өсім бар. Атап айтқанда, ауданда мүйізді ірі қара саны – 89 509 бас, уақ мал саны – 136 320 бас, жылқы – 23 778 бас, түйе – 1 656 бас, құс саны 31 918 бас болып тіркелді. Тиісінше ет өнімі – 101,8 процент, сүт – 101,3 процент, жұмыртқа 104,6 процент артты. Сонымен қатар өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталған шара қабылданған болатын. Осыған сәйкес, егіс алқаптарынан қосымша 81,1 гектар жер көлемі дайындалып, 350 отбасыға бөлініп берілді. Қазіргі таңда егілген егіннен өнімдер жиналуда, – деді Нұржан Ахатов.

4 ірі жоба іске асырылады
Аудан басшысының айтуынша Шиеліде ауыл шаруашылығынан бөлек инвестициялық жобаларға да басымдық берілуде. Мәселен, биыл ауданда құны 6 млрд 400 млн теңге болатын 4 ірі инвестициялық жобаның құрылысын бас­тау жоспарланған. Олардың қатарында «ADK GROUP Kazakstan» ЖШС мен «KUTAU SP» ЖШС-ның әк өндіру зауыттары сондай-ақ, «Шиелі Тас Оңтүстік» ЖШС әк зауыты және силикат кірпіш зауыттары бар. Аталған жобалар іске асырылғанан кейін 230 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген.

Көкейде жүрген сұрақ ­жауапсыз қалмады
Аудан әкімінің баяндамасынан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері өздерін толғандырған бірқатар сұрақтарға жауап алуға тырысты. Атап айтар болсақ, тілшілердің бірі «Қарғалы ауылдық округін аудан орталығымен жалғауы тиіс көпірдің құрылысы қашан басталады?» деген сауал қойса, енді бірі аудандағы мәдениет үйлерінің жағдайына алаңдады. Мұнан бөлек облыстық теларна тілшісін тозығы жеткен электр желілерінің жағдайы толғандырды. Алдымен Қарғалы көпіріне қатысты сауалға жауап берген аудан әкімі, жобаның миллиардтаған қаражатты талап ететінін, қазіргі таңда ірі кәсіпорындардан жобаның сметалық құжаттарын әзірлеуге 100 млн теңге шамасында қаражат сұралып жатқандығын айтты. Ал мәдениет үйлеріне келер болсақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес алдымен емхана, мектеп сынды аса қажетті ғимарттар құрылысы жүретінін кейіннен тозығы жеткен мәдениет үйі ғимараттарына қаржы қаралатынын айтты. Электр желілерінің жағдайына да тоқталған Нұржан ­Ахатов «Кент орталығында биыл 70-80 процент электр желілері жаңартылды, алдағы уақытта ауылдық округтердегі электр желілерін жаңарту үшін тиісті жұмыстар жүргізіледі», – деді.

Рамазан ӘНӘПИЯ
12 қыркүйек 2022 ж. 732 0