Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус қайта қарқын алды

Коронавирус қайта қарқын алды

Осы кезде ел ішінде «вирус таралып жатыр, қайтадан карантин енгізіледі екен» деген қауесет кезіп жүр. Дегенмен негізсіз үрей емес.
Бірнеше айдан бері инфекцияның таралуы бәсеңдеп, жұрт бұрынғы мамыражай күніне орала бастағандай еді. Бірақ соңғы аптада індет күшейді. Алматы қаласы коронавирустың таралуына байланысты «сары» аймаққа өтті. Артынша қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысы шығып, ғимараттарда медициналық бетперде тағу режимін енгізу ұсынылды. Енді бұл жағдай өзге өңірлерде де қайталануы мүмкін бе?
Егер инфекцияның таралуы бойынша қандай да бір өңір «сары» аймаққа өтсе, науқаспен байланысты болған қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылуы қажет. Сондай-ақ 10-нан астам адам жиналатын конференциялар онлайн форматқа көшеді. Демек, жұрттың даурығуы бекер емес. Кәсіпкерлер де «шектеулер болса, кәсібіміз қайта тұралай ма?» деп қорқып жүр.
Таяуда ғана Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят «Қазақстанда коронавирустың таралуына байланысты әзірге карантин шектеулері енгізілмейді» деп мәлімдеді. Бірақ мамандар адам көп шоғырланатын сауда үйлері, әуежайлар мен вокзалдарда бетперде киюге кеңес беріп отыр.
Иә, елдегі жағдай күрделеніп бара жатқаны жасырын емес. Мысалы, 7 шілдеде ел бойынша 334 адам коронавирус жұқтырған. Мұндай көрсеткішті біраздан бері естімеген жұрт абдырап қалғаны да рас. Десе де Қызылорда облысында әзірге қауіп жоқ. Облыс бойынша бір тәулікте 2 адамнан аталған вирус анықталып отыр.

Әлем елдері әлекке түсті
Маусым айынан бастап көп мемлекетте коронавирусқа байланысты қайта дүрбелең туды. Індет жұқтырғандар саны қайта артты. «Our World in Data-ның» дерегіне сенсек, өткен айда жер жүзінде COVID-19-ға шалдыққандар 542 млн-нан асқан. Ал қайтыс болғандар 6,33 млн-ға жетті. Мамандар коронавирустың қайта ушығуын жаңа BA.4 және BA.5 нұсқаларының таралуымен байланыс­тырады. Бұл штамдар қазірдің өзінде Еуропаның бірнеше еліне таралған. Осы күні коронавирус әлемді алаңдатып отырған жалғыз ауру емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау желісі маймыл шешегін де пандемия деп жариялады. Енді сарапшылар шектеу шараларының күшейтілуі мүмкін екенін болжаған. Әсіресе, коронавирус жұқтырғандар саны Португалия, Германия, Франция, Грекия, ­Аустрия, Италия, Швейцария және Испанияда көбейген. Ғалымдардың пікірінше, бұған дейін тараған инфекциялар да, салынған вакциналар да бұл нұсқалардан қатты қорғай алмайды, сондықтан олар коронавирус штамдарының ішінде басым нұсқаларға айналады.
Коронавирус жұқтырғандар санының артуы тек Еуропа елдерінде ғана емес, Азия мен Таяу Шығыста да байқалды. Израильде күніне 10 мыңға жуық ауру жұқтырған адам тіркелген. Үндістанда коронавирустың таралу жылдамдығы ақпан айындағы ең жоғары деңгейге дейін көтерілді, мұнда күн сайын 12 мыңнан астам инфекция тіркеледі.
Жапонияда екінші апта бойы 13-14 мың жаңа инфекция анықталады. Айдың басында олардың саны 20 мыңнан асқан еді. Ал Қытай әлдеқашан карантин енгізіп үлгерді. АҚШ-та маусымның басынан бері алғаш рет күніне 100 мың адам індет жұқтырғаны анықталды.
Енді денсаулық сақтау саласының мамандары осы жайларға қарап, қауіптің бір ұшы бізге де тиіп кетуі мүмкін екенін ескергені абзал. Әрине, бұл тұста халықтың да жауапкершілігі бар. Қалаған жұрт ревакцинациядан өткені жөн. Алайда ең басты күрмеу емханалардың әзірлігі болып тұрғандай. Бетін әрі қылсын, дегенмен ертеңгі күні ел ем аларға жер таппай жүрмесіне ешкім кепіл болмайды.
Жалпы пандемия басталғалы елімізде 1 308 541 тұрғын коронавируспен ауырған. 8 шілдедегі мәлімет бойынша, 2 001 адам коронавирустан емделуде, оның ішінде 261 пациент стационарда, 1 740 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Ауруға шалдыққандардың арасында 15 адамның жағдайы ауыр.
Кез келген вакцина бір салғаннан кейін өмір бойына қорғаныш қалыптастыра алмайды. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін екпенің күші әлсірей бастайды, сәйкесінше ауруды жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Аурудан сауыққаннан кейін немесе екпе алғаннан кейін 6-9 ай өткеннен соң антиденелер көрсеткіші төмендей бастайды. Бұл туралы біздің мамандар бірнеше рет ескерткен болатын. Эпидемиологиялық зерттеу нәтижелері қазіргі таңда коронавирус инфекциясы вирусқа қарсы екпе алмаған және уақытылы ревакциналаудан өтпеген адамар арасында анықталып отырғанын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда әлемнің бірқатар елдерінде вакциналау қарқыны бәсеңдеп, соның салдарынан коронавирус қайтадан күш ала бастады.

КВИ-ДІҢ ҚАЗІРГІ БЕЛГІЛЕРІ ҚАНДАЙ?
Негізгі белгілері – бастың, тамақтың қатты ауыруы, шаршау, әлсіздік, мұрынның бітелуі сонымен қатар иіс, дәм сезу қабілеттерінің жоғалуы. Оған қоса бас айналып, тамақтың ісінуі де омикрон жұқтырғаныңыздың белгісі болуы әбден мүмкін. Сол себепті осы белгілердің біреуін байқаған болсаңыз міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
08 шілде 2022 ж. 719 0