ТЕҢБІЛ ДОП ТАРТЫСЫ
Шиелі ауданында «Нашақорлыққа жол жоқ!» ұранымен облыстық спорт мектептері арасында футболдан дәстүрлі облыс біріншілігі өз мәресіне жетті. Турнирдің мақсаты – жалпы спорт мектептері арасында оқушыларды дене шынықтыру және спортпен айналысуға, жасөспірім спортшылар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, спортшылардың шеберлігін арттыру, келешек спортшыларды анықтау. Орталық стадионда болған ойынға футболсүйер көрермен қарасы қалың болды. Ойынды тамашалап отырып, жанкүйерлердің қолдауына да разы боларсың. Қос құрама арасындағы допқа таласта қызу ойын өрнегін көрсетіп жүрген ойыншыларды да көрермен қошеметі қамшылай түсетіні белгілі. Орталық стадион көпшілік-мерекелік шаралар ұйымдастыратын жер емес, теңбіл доп тартысы өтетін орын. Байқағанымыз, футбол біріншіліктері, арнайы жарыстар ұйымдастыру жиілесе, шиелілік құраманы қошеметпен қамшылар жанкүйерлері бар екен. Бүгінде ауданда белгілі бір тұлғаны еске алуға арналған турнирлер күрестен, бокстан өтіп жатады. Ал, біздің айтпағымыз оларға қарсылығымыз емес, сондай турнирлерді футболдан да өткізіп тұрсақ, доп десе делебесі қозатын шиелілік ағайынның мауқын басар ма едік дегеннен туған ой еді.
Әңгіме ауанын облыс біріншілігінің нәтижесіне алып келер болсақ, төрт күнге созылған футболдан облыс біріншілігінде бірінші орын Қызылорда қаласы, екінші орын Шиелі ауданы, үшінші орын Байқоңыр қаласы құрамаларының еншісіне бұйырды. Осылайша, шиелілік жасөспірімдер жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді.
Бақытжан ЖОЛАМАНҰЛЫ.