Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қашан бітеді?

Көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қашан бітеді?

Көкшоқы жылдан-жылға көркейіп, келбеті келіскен ықшам ауданға айналып келеді. Мұнымен қоса тұрғын үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлердің соғылып, тұрғындардың қоныс аударуы да мөлтек ауданның дамуына ерекше серпіліс берері айқын.
Десе де сол мөлтек аудандағы 18 пәтерлі 4 тұрғын үйдің қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Өйткені кірпіші 2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында қаланған бұл нысанның құрылысы қазіргі таңда тоқтап тұр. Дәлірек айтсақ, сыртқы жұмыстары аяқталып, ішкі жұмыстары жүргізілмеген. Тіпті сәуір айының соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жасаған сапардан кейін де өзгеріс байқалмайды. Естеріңізде болса, сәуір айында Шиелі ауданына жасаған сапар барысында аймақ басшысы Көкшоқы мөлтек ауданындағы осы бір нысанға арнайы атбасын бұрып, жобалық құны 709 млн 737 мың 410 теңге болатын тұрғын үйдің құрылысы неліктен тоқтап қалғанын, әрі бұл жайында мердігердің қандай уәжі барын тыңдаған болатын.
«Жабдықтау» ЖШС деп аталған мердігер мекеме өкілдерінің сол мезеттегі уәжі мынадай болған.
– Жалпы құрылысқа қарастырылған 709 млн 737 мың 410 теңге қаражаттың 27 проценті 2020 жылы, ал қалған 73 проценті 2021 жылдың сәуір айында облыстық бюджет­тен бөлінді. Алайда құрылыс материалдары күрт қымбаттап кеткендіктен құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Сондықтан біз нысанның ішкі жұмыстарын аяқтау үшін облыстық бюджеттен тағы 113 млн теңге қаржы сұраймыз.
Сонда 72 отбасының баспанасына айналатын нысанның бас мердігеріне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев былай үн қатқан еді
– Құрылыс материалдары 2021 жылы емес биыл жыл басында ғана қымбаттады. Құрылыс жұмыстарын былтыр толықтай аяқтауға уақыттарыңыз да, мүмкіндіктеріңіз де болды. Оның үстіне қазір доллар бағасы да тұрақталды. Кезінде осы бөлінген қаражатқа құрылыс жұмыстарын аяқтауға уәде бергеннен кейін, уәдені орындауларыңыз керек. Бюджеттің әрбір тиыны есептеулі. Сондықтан сіздерге бірде-бір артық қаражат бөлінбейді. Осыған дейін бөлінген қаражатпен бітіресіздер, бірақ ештеңе қысқармауы тиіс. Ішкі жұмыстар да, сыртқы жұмыстар да барлығы жобаға сәйкес жүру керек. Ал аудан әкімі құрылыс жұмыстарының барысын бақылауында ұстасын.
Алайда арада 2 ай уақыт өте шыққанымен көп қабатты тұрғын үйдің құрлысында ешқандай өзгеріс пен алға жылжу байқалмайды. Бәлки мердігер меке­ме уақыт созып, әлі де қосымша қаражат сұратуға мүдделі шығар. Кім білсін? Ал бірақ сол құрылысы созылып кеткен көпқабатты тұрғын үйден баспана алуға үмітті тұрғындардың жағдайына алаңдап отырғандар бар ма?

Рамазан ӘНӘПИЯ
18 маусым 2022 ж. 673 0