Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа кодекс – жаңа қадам

Жаңа кодекс – жаңа қадам

Бүгінде қоғамда болып жатқан өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажет екендігін ұғындырып отыр. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі және қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді.
Жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға негіз болып табылады. Осыған орай, халықтың мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін нығайту мақсатында әр мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен жүзеге асыруы керек.
Әдеп кодексінің жаңа редакциясын облыс көлемінде кең ауқымды түсіндіруді мақсат еткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев жақында аудандарға жұмыс сапарын бастады. Іссапар барысында атбасын бұрған алғашқы өңір – Шиелі ауданы болды.
Сапар аясында мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті. Аудан әкімі Нариман Мақұлбековтің төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, дербес бөлім басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдері және персоналды басқару қызметі мен мемлекеттік қызметтерді көрсетуге жауапты мамандар қатысты. Шараға облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Бибігүл Үмбетова да арнайы келді.
Келелі кездесуде департамент басшысы Ғ.Тұрсынбаев мемлекеттік қызметті өткеру, әдеп нормаларын сақтау және мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру мәселелері бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, саладағы орын алып жатқан өзгерістермен бөлісті.
Әдеп жөніндегі уәкіл Б.Үмбетова болса, Әдеп кодексіне енгізілген өзгерістерге тоқталып, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын түсіндіріп өтті.
Жаңа Әдеп кодексі ең алдымен қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып табылады. Мысалы, мемлекеттік қызметші іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеуге тиістігі сынды өзге де талаптар енгізілген. Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар іссапар барысында Департамент басшысы жеке қабылдау жүргізді. Жеке қабылдауға 6 азамат өз сұрақтарымен жүгінді. Мемлекеттік қызметті өткеру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелеріне қатысты барлық сұрақтарға түсіндірмелер берілді.
Сапар соңында Ғ.Тұрсынбаев аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Қызмет алушыларға жасалған қолайлы жағдайларға, көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтердің сапасына мониторинг жасалды. Аталмыш жұмыс сапарын алдағы уақытта облыстың барлық аудандарында өткізу жоспарланған.

Г.ЯХИЯ
13 мамыр 2022 ж. 618 0