Жасөспірімдер Қауіпсіздігі басты назарда
Сейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде өзекті деген бірнеше мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Шиелі инсдустриалды-аграрлық колледж директорының орынбасары Бақтияр Дайрақұлов хабарлама жасады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Шиелі инсдустриалды-аграрлық колледж директорының орынбасары Бақтияр Дайрақұлов хабарлама жасады.
Баяндама барысында Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі студентінің 2021-2022 оқу жылы бойынша отбасылық жағдайына байланысты өз еркімен кешкі мектепке ауыстыру туралы өтініші аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралып, бірауыздан шешім шығарып, оның өтінішін қанағаттандырмады. Осы колледждің студенті Ерқанат қайта оқуын жалғастыратын болды.
Екінші және үшінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы Абай Мадиев жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен болған көлік оқиғасы жөнінде хабарлама жасады.
– Биыл аудан көлемінде кәмелетке толмағандар арасында жол көлік оқиғасына қатысты 1 дерек тіркелген. Осыған байланысты жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында аудан көлемінде қауіпсіз жол, демалыс, жасөспірім, түңгі қаладағы балалар жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілсе, республика бойынша «Абайлаңыз балалар» атты кеңейтілген іс-шара ұйымдастырылды. Акцияның басты мақсаты – мектеп жасындағы жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол көлік оқиғаларының алдын алу, оқушыларға жолда жүру ережелерін таныстырып қана қоймай жол қауіпсіздігін сақтауға дағдыландыру. Осы уақытта жол жүру қауіпсіздігі ережелерін балалардың есіне жиі салып, мектеп оқушыларының амандығын сақтауға ауылдық округтерге бекітілген учаскелік полиция инспекторлары, ювеналдық полиция тобының қызметкерлері, білім ұйымдарынан мамандар тартылды, – деді ол өз сөзінде.
Бұдан бөлек ауданда кәмелет жасына толмаған 1 оқушы автокөлік басқарып жүрген сәтте ұсталып, тиісті шара көрілген. Сондай-ақ, түнгі 22:00 ден кейін заңды өкілсіз жүрген жасөспірімдер анықталып компьютер клубтарға айыппұл салынған. Сондай-ақ, 23:00-ден кейін жасөспірімдер әкімшілік тәртіпті бұзғаны туралы 141 дерек анықталған. Ал кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің бейсауыт жүруіне рұқсат беріп, ата-ана міндетін дұрыс орындамағаны үшін 3 ата-анаға 127 баптың 2 бөлігімен шара қолданған. Отырысты айтылған мәселерді назарға алған аудан әкімінің орынбасары кәмелет жасқа толмағандармен жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу және оларды жоюға бағытталған шараларды жүргізуге және мектеп мұғалімдерімен жасақталған түнгі кезекшілік рейдті күшейтуге тапсырма берді.
Одан әрі бала құқықтарының қорғалуы және мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқықтарының сақталуы, суицид профилактикасы, тәуекел тобындағы балалармен жасөспірімдерге көмек көрсетудің бірлескен жұмыстары туралы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Асанханұлы баяндама жасады.
– Шиелі ауданы бойынша білім бөлімі жанындағы Қорғаншылық және қамқоршылық кеңесінде бүгінгі таңда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 74 балалар есепте тұрады. Барлығы қамқоршылық және патронаттық тәрбиедегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар отбасында тәрбиеленуде. Жалпы биыл Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында баланың тұрғылықты мекен-жайын анықтау бойынша 8 іс, бала асырап алу бойынша 1 іс, ата-аналық құқықтан шектеу, айыру бойынша 2 іс қаралса, аудандық білім бөлімінің Қорғаншылық және қамқоршылық кеңесімен бөлек тұратын 3 ата-ананың баласымен кездесу және араласу шешімі шығарылды. Сонымен қатар балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия отырысында 8 баланың құқықтары қорғалып, оң нәтиже тапты – деді.
Айта кетейік, жалпы аудан бойынша орта мектептерде 375 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның 166-ы үйден оқытылады. Ал 209 бала мектеп қабырғасында білім алады.
Марат Асанханұлының сөзіне сүйенсек 15 оқушы «тәуекел тобына» алынған. Яғни биылғы оқу жылында суицидтің алдын алу бағытында 8, 9, 10 сынып оқушыларына сауалнама жүргізіліп, 4898 бала қатысқан.
Нәтижесінде 15 баланың психологпен жұмыс істеу керектігі анықталып, ата-анасына ескертілген. Коммиссия отырысында көтерген келесі мәселе кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың ерте жүктілігі. Бұл туралы ауданаралық орталық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әмірұлы баяндама жасады.
– Жалпы, аудан бойынша 7 қыз кәмелеттік жасқа жетпей жүкті болған. Ал олардың екеуінен басқасы өзге қалаларға көшіп кеткен. Осыған орай сала мамандары жыл басынан бері мектеп жасындағы қыз балалалардың арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында мектептер мен колледждерге аранайы семинар сабақтар, 3 дөңгелек стол, анкеталық сұрақ-жауаптар өткізгенін тілге тиек етті. Биылғы жылы жүктілікпен есепке тұрған 7 жасөспірімнің барлығы 17 жастағы өрімдей жас қыздар. Ал, былтырғы жылдың 3 айында 4 жүкті тіркелсе, биыл көрсеткіш 3 жүктіге көбейіп отыр, – деді.
Жауапты сала мамандарының сөзінен кейін комиссия төрағасы Алмасбек Әбілқасымұлы:
– Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік отбасындағы тәрбиенің әлсіздігімен тиісті мамандардың түсіндірме жұмысы өз деңгейінде жүргізілмейтінін көрсетеді. Егер жағдай осылай жалғаса берсе бұдан сорақы жағдайлар тіркелетін болады, – деп, үйден ата-ана, мектептен ұстаздар мен психолог мамандар бірлесе жұмыс жасаса ғана қауіптің алдын алу әлдеқайда оңай болатынын қадап айтты.
Шапағат ТІЛЕУБАЙ