Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫР ЕЛІ – ӨНЕР ОРДАСЫ

СЫР ЕЛІ – ӨНЕР ОРДАСЫ

Сыр өңірі – тоғыз жолдың торабы, сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан өлке ғана емес, ән мен жырды әуелеткен нағыз таланттардың мекені. Бұл сөзімізге дәлел биыл Сыр елінен шыққан таланттардың көптігі мен олардың ерекше өнерімен дүйім жұртты тәнті етуі.
Сөз басын бірер күн бұрын «Qazaqstan дауысы» жобасының ақтық кезеңінде сынға түскен Құралай Мейрамбек пен ­Ернар Амандықтан бастамақпыз. Себебі, әу бастан-ақ қос дүлділ еліміздегі бас­ты музыкалық жобаның фавориттері атанып, ақтық мәреге сүрінбей жетті. Құралай Мейрамбек «Қорқыт-қобыз» әнімен көрермендердің жүрегінен орын тапса, Аралдық жігіт Ернар Амандық көрмей тыңдау кезеңінде «Сандуғаш» әнін орындап, Майра Мұхамедқызының тобына қабылданды. Тіпті, Құралай Мейрамбектің «Қорқыт-қобыз» әні «The Voice» әлемдік байқауында аптаның үздік әні атанып та үлгерді.
Сенбі күні өткен ақтық сында Құралай Мейрамбек «Толғау» әнін, ал ­Ернар Амандық «Көзімнің қарасы» әнін әуелете шырқады. Ал, 4 айға созылған ән байқауының нәтижесінде Құралай ­Мейрамбек «Qazaqstan дауысы» атанса, ­Ернар 3-ші орынға табан тіреді. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да облыс үшін айтулы оқиғадан шет қалмай, «QAZAQSTAN ДАУЫСЫ» жобасының 2021 жылғы жеңімпазы жерлесіміз Құралай Мейрамбекті құттықтады.
Құралай қызымыздың жеңісі құтты болсын, Сыр елі! Құралай Мейрамбек жаңа ғана «QAZAQSTAN ДАУЫСЫ» жобасының 2021 жылғы жеңімпазы атанды. Роза Бағланова, Мәдина Ералиева, Жеңіс Ысқақовадай күміс көмей, алтын дауыс әнші апаларының ізін жалғастырып келе жатқан Құралай қызымызды Сыр жұртшылығы атынан қуана құттықтаймыз! Сыр елі – жыр елі өзінің өнерлі жастарымен мақтанады», – деді аймақ басшысы.
Бір айта кетерлігі, қос өнерпаз да құмда аунап өскен ауыл балалары. Ернар Арал ауданының Қызылжар деген ауылынан шықса, Құралай Сырдария ауданы Амангелді ауылының тумасы екен. Екі әнші де қарапайым отбасының балалары болғанымен, бағы мен бабы қатар келіп, «Qazaqstan дауысы» сынды үлкен байқауда өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Алайда, Сыр елінде өнер жолына сахна арқылы емес, әлеуметтік желі арқылы келіп, танылған азаматтар да жетерлік.
Мәселен, бірнеше ай бұрын Шиелілік ­Олжас Молдабектің TikTok-та тараған бейнесі 2,6 млн қаралым жинап, әп сәтте «Қазақстандық Akon» атына ие болды. Аталған бейнеде әнші Akon-ның «Smack that» атты әнін орындап жатқаны көрсетілген.
Желі қолданушылары болса, «Керемет қой!», «Талант бар, таныс жоқ қой», «Қазақстанның продюсерлері, қайдасыңдар? Осындайда таппай қаласың ғой», «Таза Эйконсың ғой, бауырым, вахтада не істеп жүрсің?» – деп жазды.
Кейін белгілі болғандай видеодағы өнерпаз – Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы Олжас Молдабеков, жасы 30-да. Бүгінде ол «ТеңізШевройл» компаниясында жұмыс істейтін көрінеді. Өзінің ерекше өнері туралы Олжас былай дейді:
– Әкем өнерге жақын. Әкемнен дарыған өнер деп ойлаймын. Бала күнімде 1996 жылы «Әнші балапан» республикалық байқауына қатысқанмын. Одан кейін мектептегі түрлі шараға қатысатынмын. Мен «Әнші балапан» байқауына қатысқан жылы журналист Анна Данченко, марқұм әнші Наби Аймұратов қатысқан. Мен ол кезде кішкентаймын. Байқауда лауреат атандым. Музыкалық білімім жоқ. Өнер жолын жалғастырмауыма түрлі себеп болды. Үйде жалғыз ұлмын, менің алдымда екі әпкем бар. Музыкалық бағытта оқығым келді, бірақ энергетика саласына түсіп кеттім. Егер өнер жолына түсу туралы нақты ұсыныс болса ойланамын. Бүгінде таныс музыканттармен сөйлесіп жатырмыз. Жақын арада жеке ән шығарсақ па деген ой туып жатыр. Ауылға барғаннан кейін, шығармашылықты қолға аламын. Ауылда ақша табу мақсатында тойға шықпаймын. Жалпы, той-томалақта өнер көрсетпеймін, тек туыс, жақындардың арасында. Оқырмандарыма тек алғыс айтамын. Жақсы жаңалықтар болады, қолдау білдірсе, – дейді өнерпаз.
Ал, екінші бір азаматшаның оқиғасы тіптен қызық. Себебі жерлесіміз, Гүлмайдан Серікбай бір күнде Алматыдағы пәтерлерде жөндеу жұмыстарын (евроремонт) жасап жүрген жерінен, жұлдызға айналған. Желі қолданушылары ол орындаған «Әдемі қыз» әніне тәнті болып, «танылмаған талант» деп бағалайды. Ал, бұл күтпеген танымалдылық жайында Гүлмайдан ойын былай жеткізді:
– Халық дәл осылай қолдайды деп ешқашан ойламаппын. Өйткені, бұл жүрегімде тұншыққан арманым еді. Жұмыста жүргенде ән айтып жатқанымды жақын досым болып кеткен Жұлдыз сыртымнан байқатпай видеоға түсіріп, «TikTok» желісіне салып жіберіпті. Құрбым екеуіміз құрылыс алаңына бірге шығып, жұмыс істейтінбіз. Бос үйдегі жақсы акустиканың арқасында дауыс әсерлі шығыпты. Сөйтіп интернет аудитория арасында тарап кетті деп ойлаймын, − дейді әнші қыз.
1994 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Бестам ауылында дүниеге келген Гүлмайдан 3 жылға жуық уақыт Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Жоғары музыка» мамандығы бойынша білім алған. Алайда, 2017 жылы анасы өмірден озып, оқуын аяқтай алмай қалады. Әйтсе де өзі қиындық көп көргенімен, өнерін тастамағанын айтады.
Сылақшы қыз алдағы уақытта ән өнеріне бет бұрып, кәсіби әншіге айналмақшы. «Продюсер Жан Мұқановтың қолдауымен халықаралық Аsia’s Got Talent байқауына қатысып көрмекшімін. Сондай-ақ, Сәкен Майғазиевтің қолдауымен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында музыка саласындағы білімді жалғастыратын болдым», – деп қуанышын жеткізді.
Біз атап өткен жандар жыл ішінде ауыл-аймақта жүріп, бағы жанған талантты жастардың бір шоғыры ғана. Әлі, біз білмейтін, біз көрмеген талантты да, дарынды жастар жетерлік. Тек, сол жандардың талантын танып, жарыққа шығарсақ болғаны.

Рамазан ӘНӘПИЯ

28 желтоқсан 2021 ж. 911 0