Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Төрт мәселенің түйіні тарқатылды

Төрт мәселенің түйіні тарқатылды

15 қыркүйек күні аудан әкімі Н.Мақұлбековтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Оған дербес бөлім басшылары мен zoom арқылы кент және ауыл әкімдері қатысты. Мәжілісте күн тәртібіндегі төрт мәселе қаралды.
Атап айтар болсақ, күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудандағы жеке тұлғалардың көлік салығы берешегінің өндірілуі және қарызы туралы аудандық кірістер басқармасының басшысы Еркеғали Әбдірахманов хабарлама оқыды. Оның айтуынша, мемлекеттік бюджет кірістерінің осы жылғы болжамы бойынша 6 922,4 млн теңге қамтылуы керек, алайда, бұл 8329,9 млн теңге болып, артығымен орындалған. Сондай-ақ, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 105,9 процентке, яғни 461,8 млн теңгеге артығымен орындалған. Десе де, берешегі бар 3818 тұлғадан 43 424,9 мың теңге өндірілуі тиіс. Нақтылап айтар болсақ, Шиелі кенті мен ауылдық округтерді қосқанда жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықтарынан барлығы 43 424,9 мың теңге берешек болып отыр. Одан бөлек, Шиелі аудандық прокуратураның ұсынысы бойынша 2017-2019 жылдар аралығында 2240 жеке тұлғалардың 47953,5 мың теңге салық берешегі 37618,9 теңгеге азайып, жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықтарының берешектері 10 334,6 мың теңгені құраған. Бұл бағыттағы жұмыс бойынша ауылдық округтер ішінен тек Жиделіарық және Қоғалы елді мекендері берешекті толық өндірген.
Екінші мәселені аудандық бұқаралық спортты және дене шынықтыру мен жоғарғы спорт шеберлігін дамыту бөлімінің басшысы Н.Сапарбай айтты. Ауданда 11 олимпиадалық, 8 олимпиадалық емес, 4 ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде 26 155 адам шұғылданады.
– Жалпы аудан көлемінде 1842 балалар мен жасөспiрiмдер спортпен айналысуына 1 стадион, 3 спорт кешені, 44 спортзал, 96 жазықтық құрылғылар жұмыс жасайды. Ұлттық және бұқаралық спортты дамыту, насихаттау мақсатында жыл сайын 150-ге жуық аудандық, 6 облыстық, 3 республикалық іс-шаралар өткізіледі. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арасында жалпы білім беретін мектеп оқушыларының күзгі, көктемгі спартакиадасы, отбасылық жарыс, велошеру, ұлттық спорт түрлері, мекеме қызметкерлері арасында жүгіру, тағы басқа жарыстары өткізіліп келеді. Биыл аудан спортшылары республикалық жарыстардан 42 алтын, 32 күміс, 58 қола, әлем кубоктарынан 2 алтын, 1 қола, азия біріншілігінде 1 алтын, 1 қола медаль иеленді. Осы жылы 11 спорт шебері, 1 халықарлық дәрежедегі спорт шебері, 67 спорт шеберіне үміткер, 68 І раязрядты спортшылар дайындалды. Одан бөлек, ұлттық құрама мүшелігіне 9 спортшы енгізілді. Қазіргі таңда, жеке әріптестік негізде Алғабас ауылындағы спорт кешенінде бокс, қазақ күрес, тоғызқұмалақ, таэквондо түрінен оқу-жаттығу өткізіледі. Ал, Ақмая ауылындағы спорт кешенінде греплинг, кикбокс, боксқа спорттық үйірмелерге жасөспірімдер тартылған. Бестам ауылындағы спорт кешенінде таэквондо, белбеу күрес, бокс болса, Төңкеріс елді мекеніндегі спорт кешенінде қазақ күрес, волейбол, дзюдо, тоғызқұмалақтан жасөспірімдер спорттық секцияларға тартылған. Сондай-ақ, 2021 жылға жекеменшік әріптестік негізде Нартай елді мекенінде спорттық кешен пайдалануға беріледі деп күтілуде, – деді Н.Сапарбай.
Сонымен қатар, жиын барысында Н.Сапарбай Бидайкөл, Майлытоғай, Қарғалы, Жақаев, кент орталығындағы алты шағын спорт алаңдарына және орталық стадионды жөндеу жұмыстарына қаржылай көмек берілсе деген ұсынысын жеткізді.
Мұнан соң кезек күттірмейтін жалпы ұлттық санақ туралы сөз алған аудандық Статистика басқармасының басшысы А.Қожамжарова бүгінге дейін атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті.
– Бүгінгі күнге дейін ауданымызда 32042 адам онлайн санақтан өткен, жалпы халық санына есептегенде 38,2 процентті құрайды. Бұл жұмыстарды атқаруға бекітілген іс шараға сәйкес дербес бөлімдер, денсаулық сақтау саласы және бюджеттік мекемелер өз уақытысында жұмысты аяқтап белсенділік танытты. Ал, білім саласы ауқымына қарай жұмысты 25 қыркүйекке дейін жүргізеді. Ауылдық округтер бойынша Жиделіарық ауылдық округі 96,2 процент, Алмалы ауылдық округі 67,9 процент, Жаңатұрмыс 69,1 процент, Қоғалы ауылдық округі 75,5 процент, Майлытоғай ауылдық округі 79,2 процентке халықты санақтан онлайн өтуіне ықпал жасап жақсы жұмыстар жүргізсе, ал Бәйтерек, Талаптан, Иіркөл ауылдық округтерінде 30,0 процентке жетпей, баяу жүруде. Аталған ауылдық округтерде мамандарды жұмылдыру қажет деп есептеймін, – деді А.Қожамжарова.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселені аудандық аурухананың бас дәрігері Н.Әмір айтты. 13 қыркүйекке дейін ауданда 29160 адам екпенің І турын қабылдаса, ІІ турды 25 580 тұрғын ектірген. Негізінде аудан бойынша жалпы 18-69 жас аралығындағы халық саны – 44062 құрайды. Соның ішінде – 38 381 тұрғынға вакцина салу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін жоспарланғандардың ішінде – 143 науқас короновирус жұқпалы ауруымен ауырғанын бас дәрігер мәлімдеді. ­Сондай-ақ, жыл басынан бері ауданда 1129 тұрғын індетті жұқтырған.
Жиын соңында аудан әкімі тиісті бөлім басшыларға тапсырмалар жүктеп, шешілу жолдарын қарастырды. Міндеттелген жүктемелерге сәйкес екпе ектіру мен санақ жұмысы жоғары деңгейде өтіп, санитарлық талаптарды сақтай отырып, жасыл аймаққа өтеміз деген сенімдеміз.

Ақбота Мұратқызы

18 қыркүйек 2021 ж. 545 0