Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Асыл тұқымды мал – табыс көзі

Асыл тұқымды мал – табыс көзі

«Ауылшаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы тиіс». Рухани жаңғыру бағдарламасындағы айтылған бір ауыз сөз бүгінгі күннің басты бағдарын айқындап, ел назарын ауылдың қарапайым тіршілігіне аударды. Қолда бар төрт түліктің жайын жасап, оның тұқымын асылдандыруға ерекше көңіл бөліне бастады. Мұны соңғы жылдарда инвестиция мен субсидия көлемінің өсуі мен шаруа қожалықтардың саны артуынан бағамдауға болады. Шиелідегі мал тұқымын асылдандыру ісінің тынысы қалай? Мал басын асылдандыру ісін неден бастау керек? Осы іспетті сұрақтардың жауабын ветеринарлық медицина маманы Абылай Бейбітбаевтан сұрап білдік.– Әңгіменің әлқиссасын өзіңізден бастасақ. Қазір кеңестік кезеңдегідей мал басын жоспарлап көбейтудің ауылы келмеске кеткен. Сондықтан, тұрғындарға төрт түлікті асылдандырудың тиімді тұсын түсіндіре білу қажет. Жоспарыңыз қандай? Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Мал басын асылдандыру – үлкен мәселе. Бұл – мал шаруашылығынан түсетін өнімнің көлемін ұлғайтып, бәсекеге қабілетті етеді. Көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқы тұқымы асыл малдың таразы тартатынын жақсы білді. Бірақ, небәрі 50-60 жыл көлемінде төрт түлігіміздің тұқымын ұсақтатып жібердік. Одан қалды, 1932 жылдардағы ашаршылықтан қорамызда қой да қалмады. Кейін, 1975 жылы екінші тың игеру жұмыстары жүргізіліп, қаракөл қой савхозын құру жұмыстары жүргізілді. Төрт түлікке мамандандырылған осминаторлық орталықтар құрылды. Алайда, Кеңес үкіметі құлаған тұста бұл шаруа қожалықтар ыдырап кетті. Қазіргі таңда мал бордақылау алаңдары ашылып, қайтадан сол мал тұқымын асылдандыру, санын көбейту жұмыстары қолға алынуда. Бірақ, әлі де болса аудан тұрғындары төрт түлігін асылдандыруға ынта танытпауда. Ақысыз түрде жүргізілетін ұрықтандыру ісіне де қызығушылық танытып жатқандар көп емес. Мүмкін ақпараттандыру әлі де толық жүргізілмей жатқан шығар. Ал, өзіме келер болсақ, Алматы қаласындағы «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу» университетінде ветеринарлық медицина факультетін оқып бітіргенмін. Қазіргі таңда «Шиелі- Қазына» кооперативінде жұмыс істеймін. Биылғы жоспар 2000 сиырға, 3000 қойға асылдандыру жұмыстарын жүргізу.
– Соңғы жылдары тұқымы азып кеткен жергілікті малдың жілігі татымайтыны ақиқат. Ал, ірі қара мен қой тұқымын асылдандыруды қалаған шаруалар не істеуі қажет? Қорадағы сауын сиырын не болмаса байлаулы баспағын қолдан ұрықтандырғысы келетін тұрғындарға қол жетімді ме?
– Иә, үйдегі 4-5 сиырдан асыл тұқымды түлік алуға болады. Тіпті, ұрықтандыру тегін жүргізіледі. Голландиялық гольштейн, швицариялық швиц және симментал тұқымы етті және сүтті бағытта қолданылады. Аталған асыл тұқымдылар ұрығы «Қазына» компаниясы арқылы «Shieli-Qazyna» кооперативіне келеді. Айта кетейін, селекциялық-асылдандыру жұмыстарымен«Shieli-Qazyna» ауыл шаруашылық кооперативі 2020 жылдан бері айналысып келеді. Кооператив басшысы Е.Жеңсікбаев ауданда мал шаруашылығын дамытуды көздеп отыр. Сондықтан, аудан халқы немесе шаруа қожалықтар қорадағы ірі қарасы мен уақ малын асылдандыруға ниеттенсе, қолдан келгенше жәрдемдесуге даярмыз.
Бүгінгі таңда қанша малға ұрықтандыру жұмысы жүргізілді?
Бүгінде бірқатар шаруашылықтарда ұрықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге 150 ірі қара және 500 қой қолдан ұрықтандырылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта «Shieli Qazyna» ауыл шаруашылық кооперативі етті және сүтті ірі қара мал шаруашылығының асыл тұқымдық базасын құру мақсатында, шетелдерден етті бағыттағы тұқымдар алып келіп, репродукторлық шаруашылықтар құру бойынша инвестициялық жобалар іске асыруды жоспарлап отыр.
– Өзіңіз айтып өткендей, сонау 30-жылдардан бері өзіндік құнын төмендетпеген қазақтың еділбай, қылшықты, биязы жүнді қойларының тұқымы ұсақталып, өрісіміз тарылып, асыл тұқымды мал алудың тетігін таба алмай жүргеніміз жасырын емес. Ал Голландия, Германия, Норвегия, Авс­тралия тәрізді елдер мал басын асылдандырып, халықаралық ветеринария ұйымының алдында бедел жинап үлгергелі қашан?! Осындайда «ежелден мал өсіру қанында бар мал баққан қазақтың жоғары межеден көріне алмауына не себеп?» деген сауал еріксіз ойға оралып отыр.
– Қазіргі кезде Үкімет үлкен сұранысқа ие болып отырған қозы еті мен сиыр етін экспортқа шығаруды ұлғайтуға көңіл бөлуде. Әлемдік нарықта ет өніміне сұраныс та жоқ емес. Ет – адам баласына наннан кейінгі екінші азық түрі. Іргеміздегі Ресей мемлекеті жыл сайын 1,5 млн тонна етті Латын Америкасынан тасып жейді. Осы орайда Ресейдің үлкен нарығын біз тиімді пайдалануымыз қажет. Ал, ол үшін төрт түліктің тұқымын түрлендіріп, асылдандыру жұмысына ден қоюымыз керек. Қалай десек те, қазақ баласы «малым – жанымның садағасы» деген қағидамен күн кешті. Өркениеттілікке бір табан жақындап, дамушы елдердің қатарына қосылуды көксеген ұлтымыз ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы саласының жөні бөлек екендігін ескерусіз қалдырмасы анық. Десек те, біз әлі де болса көршілерімізден ет-сүт өнімдерін «сұраудан» жалықпай келеміз. Осындайда етті және сүтті бағыттағы тегін асыл тұқымды ұрықтарды өз пайдамызға жаратуды ойлансақ қайтеді...
– Бұйырса, 500-ге жуық қойдан асыл тұқымды қозы аламыз деп күтілуде дедіңіз. Ал, ұрық қайдан келеді?
Қазір жер жүзінде 900 миллионға жуық қой бар деп есептейтін болсақ, соның 15,7 миллионы – Қазақстанда. Әлемде жалпы саны 600 қой тұқымы болса, соның 15 түрі бізде бар. Ал, 1918 жылғы есеп бойынша Қазақстанда 22 түрлі қойдың тұқымы өсірілген екен. Батыс Қазақстанда азғыр тұқымды, еділбай қойлары өсірілсе, Орталық Қазақстанда бес ата, ал Шығыс Қазақстанда шыңғыс тұқымды және әртүрлі құйрықты қойлар, моңғол тұқымдас қойлар өсірілді. Қазір бізде мұның бірі де жоқ. Тек еділбай қойының тұқымы ғана сақталып қалды. Республиканың аумағы өте үлкен, климаттық жағдайы да әркелкі. Дегенмен, осының бәріне де бейімделген қойлардың тұқымы жеткілікті. Мысалы, еліміздегі 15,7 миллион қойдың 80 проценті – құйрықты қой. Оның өзінің алты түрлі тұқымы барын ескерсек, олардың бойында қазақтың еділбай қойының қаны барын да жоққа шығаруға болмайды. Түркіменнің ахалтекесі, славян халқының романовск, американдықтардың линкольн тұқымы секілді еділбай қойы – сөз жоқ, ұлтымыздың мақтанышы.Мұның өзін дамыта алсақ, үлкен жетістік болар еді. Дәл қазіргі уақытта Англияның гемпшер қой тұқымының ұрығы қолда бар. Ниетті шаруа қожалықтармен келісіп, ұрықтандыру жұмыстарын жүргізудеміз. Бір тиімді тұсын қоса айтсам қойды асыл тұқымды бағытта ұрықтандырғаны үшін қожалық иесіне қаржылай ақша да беріледі. Сондықтан кәсібін кеңейтіп, тегі асыл төл алам деушілердің есебі түгел болмақ. Тіпті, пайдасы көп десек те жаңылмаймыз.
– Әлемдік елдермен бәсекеде бәсіміз түгел болуы үшін тұтынушылардың талабына сай өнім өндіруіміз қажет. Ол үшін ең әуелі ішкі ахуалды, яғни мал шаруашылығына көңіл бөліну керек. Асыл тұқымды төрт түлікті көбейтуде не кедергі?
– Расында, сүтті сиырдан сүт, құрт, май, ірімшік, қаймақ сынды отандық өнімдерді өндірсек, етті бағытта мал бордақылау алаңдарының көбеюіне, әрі экспорттың әлеуеті арта түсуіне септігін тигізеді. Яғни, әлемдік талапқа сай өнімдерді өндіріп, өзіміздің брендті қалыптастыруға жол ашатынына сенім мол. Мысалы, Арабтар жылқы, түйесін әлемдік брендке айналдыра білді. Олардың жылқысына қарап сүйсінбейтін жан кемде-кем. Жыл сайын түрлі көрмелер ұйымдастырып, жылқысының бағасын көтеріп келеді. Сол секілді қазақ халқы да қолдағы мүмкіндіктерді тиімді қолдана білгенін қалаймын. Текті халық үшін тегі асыл малдың қандай боларын түсіндіріп жатудың өі әбестік деп ойлаймын.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
14 қыркүйек 2021 ж. 670 0