25 отбасы баспаналы болмақ
Шілденің соңғы жұмыс күнінде Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аман баспанаға бағыт беру және оның жолдарын түсіндіру мақсатында аудан тұрғындарымен кездесті. Жанында арнайы маман Бағлан Іздібаева бар.
Шиелі кентінің Береке мөлтек ауданынан 25 тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған болатын. Құрылыстың толық бітіп, пайдалануға дайын болуына орай, аудан тұрғындарына жауапты бөлім хабарландыру жасаған. Хабарландыруды естіген аудан тұрғындары баспасөз залына жиналыпты. Жиын барысында Дана Аман тұрғын үй кезегінде тұрған баспаналы болуға ниетті азаматтарға тиісті құжаттарды жинақтап, «Отбасы банкі» АҚ-ның Қызылорда филиалына өткізуге шақырды. Оның айтуынша, тұрғын үй ипотекалық және жалдамалы бағытта беріледі. Мұнан бөлек, 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы алдағы қыс мезгіліне таяу толықтай бітіп, беріледі деп күтілуде.
– «Бақытты отбасы» бағдарламасы – табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған тиімді жобалардың бірі. Оған кезекке тұру үшін соңғы 6 ай көлемінде отбасының әр мүшесіне келетін айлық табысы 3,1 күнкөріс минимумынан артық емес, яғни 106 336 теңгеден аспауы керек. Сондай-ақ оған көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары, толық емес отбасы санатындағылар қатыса алады. Аталған бағдарлама 2019 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. 2019-2020 жылдары бағдарламаға қатысушыларға бөлім арқылы 54-ке жуық жолдамалар беріліп, 26 азамат тұрғын үймен қамтылды. 2021 жылдан бастап өтініш беру электронды жүйеге ауысып, бүгінгі күнге дейін 14 өтініш түскен. Түскен өтініштер «Бақытты отбасы» бағдарламасының талаптарына сәйкес келіп, «Отбасы банкі» АҚ ҚОФ-ы арқылы мақұлдау берілді. Алдағы уақытта өтініш берушілер тарапынан үй іздеу, таңдау сияқты тиісті жұмыстар жүргізіліп, баспанамен қамту жоспарлануда. Аталған бағдарламаға сәйкес Шиелі ауданы бойынша 2019 жылы 8 отбасы, 2020 жылы 18 отбасы тұрғын үймен қамтылған, – деді Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының басшысы Д.Аман.
Ал, арнайы маман Бағлан Аманбайқызы жиынға келген әрбір тұрғынға құжатты дайындау жолдарымен қатар, банктегі қара тізім қатарында болмауын айтты. Сонымен бірге, жиынға қатысқан тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, түсіндірді.
Береке мөлтек ауданындағы тұрғын үйлердің алдында 10 соттық жер, кішігірім сарай және әжетхана бар. Жалпы үй 3 бөлмеден тұрады. Одан бөлек, асханасы, дәлізі, әжетхана мен жуынатын бөлмесі бар.
Айта кетейік, тексеріс барысында әртүрлі белгілі себептермен тізімнен 250 тұрғын шығарылған. Бұл дегеніңіз тізімдегі әрбір адамның кезегі баспана алу үшін сонша адамға жақындайды деген сөз.
Ақбота Баянбай