Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қызыл», «сары», «жасыл» аймақтарда Құрбан айт қалай тойланады?

«Қызыл», «сары», «жасыл» аймақтарда Құрбан айт қалай тойланады?

Еліміздің 13 облысы «қызыл аймаққа» енуіне байланысты Құрбан айт мерекесі қарсаңында мешіттер мен қасапханаларға бірқатар шектеулер енгізілді. Комиссия отырысындағы ұсыныстар мен тыйымдардың жүзеге асуын аудандағы орталық мешіттің бас имамы Б.Ұлжаев брифинг барысында хабарлап, бақылауға алатынын айтты.
Былтыр аяқ астынан келген коронавирус әлемді әлекке салғаны барлығымызға аян. Төтеннен келген тәжтажал вирусы елімізге енгеннен бас­тап өз қаупін төндірді. Соның салдарынан қаншама адам жақын-жуығынан айырылып, қош айтысты. Былтыр осындай қиын жағдайда өткен Құрбан айт мерекесі бәз-баяғыша аталып өтілмей, онлайн түрде өткені есімізде. Тіпті, құрбандыққа шалынатын малды онлайн түрде жүргізу дегенді алғаш естігенде көпшілік таңырқағанымен, түсіністік танытып көнген болатын. Олай дейтінім, қазақ «тағдырдан қашып құтылмайсың» дегенді басқа пәле келгенде осылайша еске алатын. Онлайн, офлайн терминдерін тек әлеуметтік желіде пайдаланатын біз бұл сөзді күнделікті пайдаланатын болдық пандемияның салдарынан. Сонымен бұл термин Құрбан айт мерекесінде де жиі қолданысқа енді. Былтырғы эпид ахуалға байланысты Құрбан айт мерекесі кей өңірлерде онлайн, кей өңірлерде офлайн өткені бар. Өкінішке қарай, биыл да еліміздің көп өңірлері қызыл аймаққа еніп, онлайн өтетінін Бас мүфти Н.Тағанұлы мен Ақпарат және қоғамдық даму министірлігі хабарлады.
Елордадағы министрліктің әкімдіктермен бірлескен отырысының басты мақсаты пандемия жағдайындағы Құрбан айт мерекесін өткізу және оңтайлы шешу болатын. Келелі кеңестен соң Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт мерекесінің карантин жағдайындағы өткізілу мәселесіне байланысты барлық имамдарға қатаң тәртіппен өтуін қадағалауды тапсырды. Осыған орай, Қызылорда облысы тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ҚМДБ-ның Қызылорда облысындағы Бас имамы Болатек Ұласқанұлы мен облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Олжабайқызы брифинг өткізді.
Бас мүфти Наурызбай қажы барлық ұсыныстар мен тыйым, шектеулерді ескере отырып, эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес арақашықты сақтау, бетперде кию, антисептик пайдалану арқылы 20 шілде де тек мешіттер аумағында ашық ауада сағат Нұр-Сұлтан уақытымен 07:00-де 10 минуттық Құрбан айт намазын өткізуге болатынын айтты. Ал, «қызыл» аймақта орналасқан өңірлерде құрбандық шалу рәсімі тек қана онлайн форматта өткізіледі. «Сары», «жасыл» аймақта орналасқан өңірлерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, құрбандық шалу рәсімін онлайн және офлайн форматта өткізу, құрбандық шалатын арнайы орындар (қасапхана) «ASHYQ» мобильді қосымшасын міндетті түрде іске қоса отырып, халық ағынын реттеу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полиция және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын тарту, ҚМДБ өкіл имамдарының қатысуымен өтетін брифингтерді ұйымдастыруға көмек көрсету, жергілікті жерлерде дін саласындағы дінтанушы, исламтанушы, теолог, сарапшы мамандарды тарта отырып, БАҚ-та әлеуметтік желі, газет, телеарна, радио және т.б. Құрбан айт туралы құттықтау, әртүрлі тақырыптарда мақалалар жазу, сұхбаттар беру секілді медиа-жоспар әзірлеу, сондай-ақ, жергілікті жердегі (ауыл, аудан, қала, облыс) әкімдердің мешіттерге барып, өз аттарынан ресми құттықтау жасамауы қажет деген.
19 шілде – арапа, 20, 21, 22 шілде – Құрбан айт мерекесі. Облыстағы ахуалға байланысты 20 шілде күні аудан мен ауылдарда Құрбан айт намазы оқылмайды. Жергілікті әкімшілік пен бас санитардың келісімімен арнайы орындарда жүргізілетін құрбандық шалу мен ет алушы мұқтаж жандар да мешітке немесе қасапханадағы рәсімге қатыстырылмайды. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін ҚМДБ-ның сайты арқылы құрбан шалушы онлайн тапсырыс бере алады. Тапсырыстарды арнайы құрылған штаб жүзеге асырады. Құрбан шалушыға қажеттігінше фото-видео есеп беріледі. Мұнымен бірге етке мұқтаж жандардың тізімі Қызылорда қаласында «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығынан алынады. Сайт арқылы өтініштер де қабылданады. Оны мешіт имамдары мен еріктілер тобы таратып береді. Облыс бойынша құрбандық шалуға арналған орын болып «KZO.ЕТ» және «Нұрболат» қасапханасы бекітілді.
Ал ауданда имам Б.Ұлжаевтың айтуынша, орталық мешіттің имамдары әкімдіктен әлеуеті төмен, көп балалы ана, мұқтаж отбасылардың тізімін алған. Тізім бойынша аудандағы имамдар құрбандыққа шалынған малдың етін өздері таратып береді. Құрбандық шалуға кенттен қасапхана бекітілген. Құрбандыққа шалынған малдың бір бөлігі отбасына, бір бөлігі туған-туыс пен көршілерге, бір бөлігі мұқтаж жандарға берілуі сіздің садақаңыз болып есептелінеді.
Шариғат бойынша сойылатын малдардың да өз талаптары бар. Мәселен, құрбандыққа шалынатын мал – қойдың жасы кемінде алты айдан асуы керек. Сондай-ақ, жылқы малы құрбандыққа шалынатын малдың қатарына жатпайды. Қой, ешкі, ірі қарадан түйе мен сиыр құрбандық малы болып саналады. Биыл іріктелген малдардың ортақ бағалары да шығарылды. Қой бағасы – 70 000 тг, сиыр малы – 350 000 тг, түйе – 600 000 теңгеге бағаланып отыр.
Құрбан айт мерекесі кезінде Қызылорда облысы тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа қаулының қабылдануы, түрлі сақтану шаралары мен шектеулердің себебі коронавирустың дельта штамының күннен күнге өсуіне байланысты болып отыр.

Ақбота Баянбай
20 шілде 2021 ж. 532 0