Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алқа-қотан талқыда бас тақырып – тазалық

Алқа-қотан талқыда бас тақырып – тазалық

Соңғы жылдары елімізде демократиялық үрдістің дамуы тың, жаңаша қарқынмен жүзеге асуда. Президент Қ.Тоқаевтың бас­тамасымен «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы жұмыс істей бастады. Қоғамдық пікірді ескеру, онымен санасу, әрбір арыз бен шағымды дер кезінде қарау, оған мән беру, әлеуметтік желідегі қоғамдық пікірлерді, жазбаларды назарға ұстау, кері байланыс орната отырып жауап беру жолға қойылды. Бұның барлығы «Естуші мемлекет» тұжырымдамасының аясында жасалып жатқан демократиялық қадамдар болса керек. Сонымен қатар, жалпылама ел көлемінде тиісті әрекет етуші Қазақстан Респуб­ликасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Облыстар мен аудандық деңгейлерде «Қоғамдық кеңестер» құрылса, ауыл-елді мекендерде «Қауымдастық кеңестері» жұмыс жасап жатыр. Бұның барлығы демократияны дамыту, жаңғырту жолында жасалып жатқан тың қадамдар болса керек.
Бұл үрдіс Шиелі ауданында да жалғасын тапқан. Әлеуметтік маңызды ірі жобалар арнайы қоғамдық тыңдаулар арқылы шешімін тауып жатады. Көпшіліктің, қоғам белсенділерінің ұсыныстары мен пікірі ескеріледі.
Жуырда аудандағы ірі кәсіпорынның бірі Гежуба цемент зауытында біз сөз етіп отырған мәселе төңірегінде қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Мақсаты цемент зауытының ішінен екі ірі жабық қойма құрылыс нысанын салу. Қоғамдық тыңдауға Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагерлері мен Керделі және Тұран ауылдық округінің әкімдері мен ардагерлері, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы мен «Шарайна-Сейхун» газетінің директор-бас редакторы шақырылды. Сондай-ақ, зауыт директорының орынбасарлары мен экологтары, Қызылорда облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының мамандары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков шараны ашып, қоғамдық тыңдаудың күн тәртібімен таныстырды. Зауыт директоры У.Чженхуа өндіріс орнының атқарып жатқан жұмыстарын баяндап берді. Директордың айтуынша зауыт биыл 900 мың тонна өнім өндіруді жоспарлаған. Бұл жерде 266 адам жұмыс жасайды. Оның 222 жергілікті тұрғын. Зауытқа таудан тас жеткізу, тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету, қауіпсіздік бағыты бойынша қосалқы жұмысқа тартылған еңбек күшін есептейтін болсақ, аталған өндіріс орнында бас-аяғы 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отырғанын баяндады. Жергілікті салық базасына биыл 300 млн теңге қаражат аударса, теміржол тасымал қызметі үшін 700 млн теңге төлеген. Орташа жалақы көлемі 230 мың теңгеге көтерілгенін де қосымша ескерте кетті. Карантин талаптарын сақтау мақсатында жұмысшыларды жатақханада жатқызып, 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтып, тегін тасымал қызметін ұйымдастырғанын да сөз етті. Барлық жұмысшылардың айлығы биыл 20 процентке өскен екен. Тұран ауылдық округіндегі тұрмысы төмен отбасыларын көмірмен қамту, Шиелі кентіндегі аз қамтылған отбасы оқушыларына 150 дана планшет сыйлау, ыза су тартпай тұрған қашыртқы каналдарын қазу секілді бірқатар әлеуметтік қолдау бағытында да игілікті жұмыстар атқарғанын тілге тиек ете кетті.
Бұл зауыт өзінің әлеуметтік жауапкершілігін түсінетіндігін, алдағы жылдары өндіріс қуаты толықтай іске қосылса, әлеуметтік көмек көлемі арта түсетіндігіне де тоқталды. Сонымен әлеуметтік тұрғыда жергілікті халыққа көрсеткен осындай істерін сөз ете отырып қоғамдық тыңдаудың негізгі күн тәртібіне тоқталды. Айтуынша, биыл зауыттың ішкі територриясынан екі ірі қойма салу ойларында бар екен. Бұл қоймаға зауыттан шыққан күл-тасты сақтап, одан әрі жиналған қалдықтарды арнайы белгіленген полигонға тасымақ. Сөйтіп, қоршаған ортаның экологиялық ахуалына кері әсерін тигізбеуді, зауыт айналасына күл-қоқыс, қалдықтардың шашылмауын, қалдықтарды жабық қоймаға төгіп, шаң-тозаңның көтерілмеуін назарға алып отырғандарын жеткізді. Құрылыс жұмыс жоспарын Алматы қаласынан шақырылған арнайы мамандары жасапты. Үлкен проектормен слайд арқылы құрылыс жоспарын ресми тілде көрсетіп, баяндай бастаған мамандарға кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Күлімбет қатаң ескерту жасады. Халқының 98 пайызы қазақ ұлтынан тұратын өңірде мемлекеттік тілде баяндама жасауын талап етті. Ескерту қапірге алынып, алдағы уақытта жоспарланған қоғамдық шараларда мемелкеттік тілде баяндама жасау басты назарға алынатындығын айтты.
Қоғамдық тыңдауға қатысқан кент және ауылдық округтерден жиылған ардагерлер өз ұсыныс пікірлерін жеткізді. Еңбек шартының сақталуы, жалақының толық әрі уақытылы берілуі, еңбек демалысының мерзімінен кешіктірілмеуі, жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуы, шетелдік жұмысшы күшін азайту, басты қауіпсіздік пен экологиялық ахуалды қалыпты ұстау мәселелері көтерілді.
Сонау Қаратаудың етегінен зауытқа шикізат, тас таситын жүк көліктерінің жүгенсіздігі де сөз болды. Мәселен, осы жұмыстарды мойнына алған мердігер мекеменің 60-тан астам КАМАЗ жүк көліктері қиыршық тастың бетін бүркемей тасып, жолдағы жүргіншілерге айтарлықтай қауіп төндіріп жүргені белгілі. Жылдамдықты асыра айдайтын жүргізушілері бар жүйткіп келе жатқан жүк көлік бір-екі рет секеңдесе, ашық қораптағы тас ұшып, басқа жүргінші көліктердің терезе, әйнегін шағып жатқаны жасырын емес. Жолға төгіліп, шашылып, айналасына зиянын тигізіп жатқанын жеткізген ­Нартай Бекежанов ауылының ардагерлері осы шетін мәселенің түйінін тарқатып беруді, мердігер мекемелерге мәселені төтеннен қойып, талап етуді сұрады.
Соңғы кездері өзімізден шығып жатқан цемент бағасы көтеріліп, жергілікті халыққа да қымбатқа сатылып жатқаны сөз болды. Бұған зауыт басшылығы елдегі қымбатшылықты, транспорт шығынын, темір мен әктің аспандап тұрғанын, ортадағы делдал, алыпсатарлардың да әрекеті бағаны біршама көтеріп жібергенін алдыға тартты. Деседе зауыттың өзінен келіп, кассаға ақысын төлеп, сатып алса, арзанға түсетіндігін түсіндірді. Иә, өзімізден өндірілген заттың өзімізге өз құнынан асыра сатылмағаны жақсы.
Қоғамдық тыңдаудың негізгі мақсаты экологиялық мәселе төңірегінен тарқатылғандықтан осы шарада аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет пен аймақтық «Шарайна-Сейхун» газетінің директор-бас редакторы Н.Елтай зауытты Шиелі кенті мен айналасындағы Нартай Бекежанов және Шеген Қодаманов ауылдарынан жасыл белдеу арқылы «бөлу», көркейту-көгалдандыру қажеттілігін, ол үшін 10 гектардан астам аумаққа айнала ағаш отырғызу мәселесін ұсынды. Осылайша алқа-қотан талқыда бас тақырып тазалық, экологиялық тазалық төңірегінде өрбіді.
Қоғамдық тыңдау дегеніміз баяғы ауыл,ел ақсақалдары, ардагерлері мен билерінің алқа-қотан отырып кеңесетін алқалы жиынының бір түрі. Осындай өзекті мәселені көтерген, күн-тәртібіне енгізе отырып, жиылған шараны Алты Алаш алқа-қотан деген екен. Сол алқа-қотанымыз жылдар өте келе қайта жанданып, жаңғырып қоғамдық кеңес, қауымдастық кеңесі, қоғамдық тыңдау болып өмірімізге дендеп еніп келе жатыр. Бұл да болса рухани жаңғыра түскен жалпы қазақ баласының кешегі бітім болмысын болашақпен байланыстыру болса керек. Дәстүр сабақтастығы үзілмегені жөн. Бәрінен бұрын елдің, жердің тағдыры толғандырған, айтары бар ардагер, ақсақалдарымыз осындай алқалы жиындарда қалың жұрттың жайын жырлап, болашағын толғап, тереңнен сөз қозғап отырса, кейінгі толқын оларды тебірене тыңдап, болшақта өздері де «болмасаң да ұқсап бақ» қағидатына сүйене тіршілік етпек. Бұны ұрпақтар сабақтастығы дейміз.

Нұрболат Сәдуақасұлы
13 шілде 2021 ж. 529 0