Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Төртінші билік өкілдері төрден табылды

Төртінші билік өкілдері төрден табылды


28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Осыған орай, аптаның алғашқы күнінде аудан әкімінің міндетін атқарушы А.Есмаханов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін атаулы кәсіби мерекесімен құттықтады.
Салтанатты шарада құттықтау сөз алған А.Есмаханов БАҚ өкілдерінің ақпараттар ағынының кеңістігінде орны әрқашанда ерекше және журналист мамандығы мәртебелі орынға ие екенін атап өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарына миллиондаған адам зор сенім артып, айтарлықтай ерекше ықылас танытқанын, бүгінгі күні де олардың абырой-беделі ақпаратты берудегі жеделдіктен, әлемде болып жатқан оқиғаларды терең талдап, бағалаудан да анық байқалып отырғанын тілге тиек етті.
– «Ақпараттарыңызда өткір саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді көтеріп, оларға жауап­ іздейсіздер. Біз сіздердің кәсіби шеберліктеріңізді және еліміздегі, әлемдегі қоғамдық, экономикалық, мәдени үдерістердің шынайы жария­­лануын жоғары бағалаймыз. Сіздер әлемді шарпыған COVID-19 коронавирус індеті кезінде медициналық және әскери қызметкерлерімен қатар тұрып, халыққа қажетті ақпараттарды дер кезінде жеткізе білдіңіздер. Сіздерге Шиелі жұртшылығы атынан зор ризашылығымды білдіремін!», – деді А.Есмаханов.
Бүгінде жергілікті «Өскен өңір» және «Шарайна-Сейхун» газеттері ауданның рухани шамшырағы, ғұмыр айнасы екені баршамызға белгілі.
Аудан көлемінде болып жатқан саяси-мерекелік шаралар мен игілікті істердің газет бетінде жарық көруі тұрғындарды ерекше ықыласқа бөлейді. Ауданның тілшілер қауымы қоғам тарапынан артылған маңызды жауапкершілікті абыроймен атқарып жүр және олар қашанда құрметке лайық. Себебі, олар арқылы аудан халқы тың жаңалықтар мен қажетті ақпарат алады. Газет беттеріне түрлі сыни мақала жазып, көпшіліктің алғысын алып, келелі мәселелер шешімін тауып жатады.
«Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін» деп өзінің де, аудан әкімінің де ізгі лебізін білдіріп, «Шарайна-Сейхун» газетінің бас редакторы Нұрмахан Елтайды, тілшілері – Ғазиза Рүстембек пен Аружан Манақбаеваны және «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет, орынбасары ­Елдос Жүсіп, тілші Ақбота Баянбай мен баспасөзге жазылу, тарату бөлімінің маманы Абылайхан Сақтағановты аудан әкімі Қ.Мүбараковтың алғыс хатымен марапаттады.
Салтанатты шараға қатысушылар естелік суретке түсіп, мерекелік көңіл-күймен тарқады.

Ақбота Баянбай
29 маусым 2021 ж. 500 0