Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ахуал тұрақты болғанымен қауіп сейілген жоқ

Ахуал тұрақты болғанымен қауіп сейілген жоқ


Жер бетін дүр сілкіндірген пандемияның әсері қайтып, баяғы қалпымызға ақырындап келе жатырмыз деп қуанып жүргенде Уханнан шыққан вирустың күрделенген, яғни мутацияланған түрі Үндістанда пайда болды деп әлем қайтадан әбігерге түсті. Бұл короновирустық мутация «Дельта» деп аталады. Covid–19-ға қарағанда таралу, жұғу қауіпі екі есеге жоғары саналатын дельтаны Қазақстанға, оның ішінде Алматы қаласына 1984 жылғы азамат жұқтырып алып, таратқаны анықталған болатын. Содан Алматы да 11 адамның үнді штамын жұқтырғаны расталды. Жалпы, бұл вирустың тез таралғаны соншалық Жер шарының 90-нан астам елінде анықталған. Халықаралық сарапшылар кеселдің кең етек жаюына алаңдаушылық білдіріп отыр. Дәрігерлер аурудың белгілері тұмауға ұқсас екенін айтады. Десе де, әдеттегі тұмауға ұқсамайтын 4 симптомы бар дейді мамандар. Атап айтқанда, науқаста іш өту, есту қабілетінің нашарлауы, асқазан ауруы мен қанның ұюы сияқты белгілер пайда болуы мүмкін.
25 маусымдағы ақпаратқа сүйенсек, бүгінге дейін ауданда 546 адам вирус жұқтырып, 506 науқас вирустан айығып, 1 адам қайтыс болған.
Ал вакцинаға келер болсақ, 11711 адам вакинаның 1 турынан өткен. Оның ішінде Спутник-V вакцинасын 6140 адам алса, Xayat vax-тың 1 турын 4669 адам қабылдаған. 2 тур бойынша 5831 адам вакцина алды, оның 3675-і Спутник-V вакцинасын алса, 2156 адамға Xayat vax егілді.
Қазіргі таңда, аудандағы эпид ахуал тұрақты. Бұл жөнінде жуырда ғана облыс басшысы Г.Әбдіқалықова үндеу жасады. Ол сөзін: «Әлемді жайлаған індет облыс аумағында таралып, денсаулық сақтау саласының қалыпты жүйесін өзгертіп, адам өміріне қауіп төндіруде» деп бастап, «Індетті жұқтырғандар 1 маусымға 357 жағдай тіркелсе, бүгінгі күні науқастар саны 1379-ға жетті. Оның ішінде 897 адам, яғни 65 пайызы жазылып шықты. Сондай-ақ, инфекция анықталған азаматтармен қарым-қатынаста болған 7929 адам бақылауда болды. Өкінішке орай, денсаулық сақтау министрлігі жанындағы арнайы комиссияның қорытындысымен облысымызда коронавирус­тан қайтыс болған азаматтар анықталуда. Облыстық Ұлттық сараптама орталығында 2 стационарлы, 1 жылжымалы полимеразды тізбекті реакция (ПТР) қондырғысы және облыстық фтизиопульмонология орталығында 1 ПТР қондырғысы жұмыс жасауда. Жалпы бүгінгі күні 56 592 сынама тест алынса, бұл көрсеткіш тәулігіне 500-ге дейін жеткізілген. Өңірімізде инфекциялық стационарда 515, провизорлық стационарда 1670 төсек-орын дайындалды. Тиісінше, инфекциялық стационарда 200 (38 пайыз), провизорда 1257 (75 пайыз) науқастар емделуде. Облыстағы 76 өкпені жасанды желдету аппаратына маусым айында 20 портативті аппарат алынып, қосымша 63-не тағы да өтінім берілді. Маусым айының ортасынан бастап пневмония дертінің өршуімен жағдай бұрынғыдан күрделеніп келеді. 2019 жылдың маусым айында осы аурумен 147 адам тіркелсе, биылғы жылы 1740 науқас анықталды. Өсім 10 еседен артық.Осыған сәйкес дәрі-дәрмекке сұраныс күрт өсті. Қазіргі уақытта қабылданған шаралар негізінде қажетті препараттардың алды дәріханаларға келе бастады.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, Мемлекеттік Бас санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде облысымызда эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін 5 шілдеден бастап 14 күнге шектеу шаралары енгізіледі. Шектеу шаралары кейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2 аптаға ұзартылуы немесе қатаңдатылуы мүмкін,– деді.
Бүгінгі таңда, ауданда вакцина алу мүмкіндігі жоғары 44 мыңнан аса тұрғын бар. Оның 6714-не екпе егілген. Әлі 16490-дай тұрғын екпе алады деп күтілуде. Және соңғы уақыттары екпе еріктіліктен міндеттіліке ауысып жатқаны белгілі. Себебі иммундық жүйе қалыптасуы үшін ұжым мен отбасы екпені алуы шарт. Сонда ғана қауіпті вирусқа төтеп бере аламыз.
Сондай-ақ, кәсіпкерлік бағытында «Ashyq» жобасы қолданылуда. Бүгінде кез келген формада (ауру белгілері бар, не белгілері жоқ) Covid-19 індетімен аурып қалған немесе науқас адаммен байланыста болған адамдар қоғамдық орындарға барады, коронавирустың таралуына себепші болады. «Ashyq қосымшасы» осындай келушілерді анықтауға және басқа келушілердің қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі.
Айта кетейік, ауданда бетперде тағу, антисептик қолдану, арақашықты сақтау міндеттемелері бұрынғыдай іске асуда. Індет толықтай ауыздықталмайынша бұл міндетті талап болып сақталады.

Ақбота Баянбай
25 маусым 2021 ж. 526 0