Донор болу – өзгеге өмір сыйлау
14 маусым – Дүниежүзілік донорлар күні. Осыған орай, жыл сайын «Донор болу –өзгеге өмір сыйлау» сынды ұрандармен атап өтіледі. Баршаға мәлім, қан донорлығының ерікті, өтеусіз, үнемі тұрақты негізде ғана қанның барлық қауіпсіз қорын қамтамасыз етуге болады. Донор болу арқылы сіз қауіп-қатер төнген қаншама адамның өмірін құтқарып, сақтап қаласыз.
Атаулы күннің қарсаңында облыс әкімінің баспасөз орталығында «Облыстық қан орталығы» директорының орынбасары Садманова Венера Сансызбайқызы журналистермен брифинг өткізді. Сала маманының мәліметіне сәйкес, өткен 2020 жылы қан орталығына 10978 тұрғын қан тапсыруға ниеттенген, бұл көрсеткіш 2019 жылмен (10805 тұрғын) салыстырғанда 173 тұрғынға көбейген немесе ол 1,9%-ды құрады.
Облыстық қан орталығында қанды дайындау стационарлы және көшпелі жағдайда жүргізіледі. Есеп беріп отырған мерзімде дайындалған қанның мөлшері 6585,5л., 2019 жылмен салыстырғанда 17,7%-ға өскен (2019 ж. – 5595,9 л.).
Облыстық қан орталығы ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің 27 сәуір 2020 жылғы №256 «COVID-19 бар пациенттерді емдеу үшін иммундық плазманы өндірудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес облыста COVID-19 инфекциясымен ауырған науқастардан иммунды плазма дайындауды бастады. Науқастан иммунды плазманы алар алдында оған COVID-19 инфекциясына қарсы қанында антиденелердің бар немесе жоқтығы тексеріледі. Көбіне антиденелер COVID-19 ауруының ауыр түрімен ауырған науқастарда болады. Бүгінгі таңда, осы иммунды плазма 5 науқасқа құйылды. COVID-19 ауруымен ауырып шыққан облыс тұрғындары осы инфекцияға қарсы иммунитеті бар немесе жоқтығын білгісі келсе, облыстық қан орталығында ақылы түрде тексерілуге болады.
Иммунитеті бар облыс тұрғындары қалауы бойынша иммунды плазма тапсырып, оны ақылы түрде облыстық қан орталығының плазма банкісінде сақтап қоюына болады. Келешекте жоғарыдағы індетпен ауырған жағдайда өз плазмасын өзіне пайдалануға болады. Плазманың сақтау мерзімі 3 жыл.
2021 жылдың 5 айында 4710 тұрғын донор болуға ниеттенген, олардың ішінен 954 тұрғын әртүрлі себептермен қан тапсыруға қарама-қайшылықтары болып шеттетілген. Қан тапсыру мерзімі ағымдағы айдың 14-18 күндері аралығында сағат таңғы 08:30-дан түскі 15:00-ге дейін жүргізіледі.
«Өскен өңір» ақпарат