Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Донор болуға дайынсыз ба?

Донор болуға дайынсыз ба?

«Донор бол, өмір сыйла!». Бұл сөзді облыстағы Қан орталығының кіреберісінен оқуға болады. Адам баласы дені сау, он екі мүшесі дін аман уағында, өз денсаулығының қадірін де, төсек тартып жатқан адамның жай-күйін де түсіне бермейді. Ешкім ауырмай-ақ қойсын, дейтұрғанмен жазым-жарақат, ауру-сырқау деген ойламаған жерден болып жатады емес пе? Қала берді жүкті әйелдер босану кезінде қаншама қауіп-қатерді басынан өткереді. Осындай сәттерде қанның қажеттілігі туындауы бек мүмкін. Біздер сонда ғана барып, жайшылықта мән бермейтін «Донор бол, өмір сыйла!» деген сөздің астарын ұғынамыз.
Жаһан жұртының әрбір үшінші тұрғыны қанға мұқтаж. Біле білсеңіз, орта есеппен күн сайын 300 адамға қан құйылады екен. Адам өміріне ауадай қажет қанға зәру жанға, өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан науқасқа екінші ғұмыр сыйлау – сауабы мол іс. Сол үшін донорларға арнайы күн де белгіленген. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен 2005 жылдан бері 14 маусымда аталып өтеді. Бұл атаулы күн адамның қан тобын алғаш болып анықтаған физиология, медицина саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, австриялық иммунолог Карл Ландштейнердің құрметіне белгіленген.
Қазақ халқы дені сау, ауру-сырқаудан ада жанға «бетінен қан тамған», «қызыл шырайлы», «бетіне қан жүгірген» сынды сөз тіркестерін қолданады. Бұлай деуінің де өзіндік мәні бар. Себебі қан – тірі ағза тірегі. Біздің облыста арнайы қан тапсыратын орталық жұмыс істейді. Мекеменің басты міндеті – қан мен оның компоненттерін дайындау, зертханалық зерттеу мен талдау жүргізу, медицина ұйымдарына тасымалдау. Оған жуырда ғана қалалық мемлекеттік қызметшілер барып, қан тапсырып, өзге жандарды донор болуға шақырды. Бұл орталыққа күн сайын шамамен 30 адам қан тапсыруға келеді. Мамандардың мәліметінше, күннің күрт салқындауына байланысты тұрақты келетін донорлардың саны азайған. Осыған орай мемлекеттік қызмет істері департаментінің 20-ға жуық қызметкері қан тапсыруды жөн көріпті. Айта кету керек, қанды тек қала тұрғындары ғана тапсырмайды. Аудан мен ауылдарды аралайтын қан орталығының арнайы жылжымалы пункті де бар. Бірақ коронавирус жайлағалы қан тапсырудан, оны құйдырудан бас тартатындар көбейген. Қазіргі таңда облыс орталығында қан тапшылығы жоқ. Мұнда қан қоры жеткілікті деңгейде сақтаулы. Орталық 16 медициналық ұйымды қанмен қамтамасыз етіп отыр.
Аудандағы жайтты айтсақ. Бүгінгі күні кентте қан сақтайтын орын жоқ. Қажет болған жағдайда тек белгілі бір мөлшерде ғана сақталады. Донордан қан қабылдау үрдісіне бірқатар маман қатысады.Тиісті медициналық зерттеуден өткен және қарсы көрсетілімдері жоқ медициналық мақсатта қан мен оның компоненттерін тапсыруға ерікті түрде ниет білдірген 18 жасқа толған жеке тұлға донор болып табылады. Қан мен оның компонентерін тапсырудың жиілігімен реті бойынша донорлар мынадай санаттарға бөлінеді: алғашқы донор, қайталама донор, тұрақты донор. Тұрақты донорлар қатарына қанды жылына 3 рет және оданда көп, қан плазмасы мен жасушаларын жылына 12 және оданда көп рет тапсырған адамдар жатады. Қан мен оның компоненттерін тапсыру мынадай түрге бөлінеді: қан донорлығы және плазма, қан жасушалары(тромбоцит) донорлығы. Донациялау уәждемесі бойынша өтеусіз және ақылы негізде жүзеге асырылады.
– Алдын ала қан құрамына зертханалық талдау жүргізіледі: қан тобы, резус факторы, қандағы гемоглобин деңгейінің қалыпты болуы талданып, бауыр сараптамасы алынады. Донор дені сау, хал-ахуалы барлық талаптарға сай келетін болса ғана қан тапсырады. Кез келген адам донор бола алмайды. Өзіндік қатаң талаптары бар. Мәселен, ағзада кездесетін туберкулез, мерез, гепатит сынды түрлі жұқпалы инфекциялар мен қатерлі вирустары бар адамдар донор болып табылмайды. Сондықтан алынған қан құрамы трансфузиологиялық инфекциялар бөліміне жолданып, жан-жақты диагностикалық зерттеу жүзеге асады. Облыс орталығындағы қажетті қандар құрамындағы концентратына байланысты 1 айлық, 40 күндік, плазмасына байланыс­ты мұздатылған күйінде 3 жылға дейін сақталады, – дейді аудандық реаниматолог-анестезиолог Жалғасбек Мәлібекұлы.
Донор болып, қан беру – науқасқа жаңа өмір сыйлаумен пара-пар. Дәрмені құрып, хал үстінде жатқан жанға көмек қолын созу – ең қайырымды іс. Адам ағзасында 5 литрге жуық қан бар. 350-450 мл қан тапсыру ағзаға ешқандай зиян тигізбейді. Керісінше пайдасы зор. Ал ұдайы қан тапсыру өміріңізді 5-7 жылға дейін ұзартады. Сонымен қатар қанды ұдайы тапсыратын жандар жүрек-қан тамырлары ауруларымен сирек ауырады екен.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
24 қараша 2020 ж. 682 0