Қазақстандықтар 10 маусымда Күннің тұтылуын көре алады
Биыл 10 маусымда Күн тұтылады деп болжануда, деп хабарлады ҚазАқпарат. Мамандардың есебінше, биыл екі рет ай, екі рет күн тұтылуы ықтимал. 10 маусымда ай күннің бетін көлегейлеп, соның әсерінен Күн тұтылмақ. Табиғи құбылыстың ең қанық көрінісі Солтүстік Америкада, Солтүстік Мұзды мұхитта және Ресейдің солтүстік-шығыс бөлігінде, Чукоткада байқалуы мүмкін. Қазақстан аумағында тұтылудың тек жекелеген фазалары ғана көрінуі мүмкін. Тіпті күнді арнайы бақыламаса, оның бетіндегі құбылысты аңғармай қалуға да болады. Мамандардың айтуынша, қазақстандықтар бұл сәтті 10 маусым күні түстен кейін көруі мүмкін. Бізден бөлек Ресей, Украина, Беларусь, Балтық елдері, Молдова, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан тұрғындары да осындай сәтке куә бола алады. Ал Якутияның солтүстік-шығысында Ай Күннің бетін 94 процентке дейін жабуы ықтимал. Жылдың екінші Күн тұтылу құбылысы 4 желтоқсанға дөп келеді. Бірақ оны тек Антарктида мен оның айналасынан ғана көруге болады.