Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейіргерлер мерекесі

Мейіргерлер мерекесі


Денсаулық адамның ең басты байлығы. Адам дертіне шипа болатын ақ халаттылардың еңбегі зор. Өлім мен өмірдің таразысына түскенде алғаш қол ұшын созар мамандық иелері қай кезде де құрметке лайық. Әсіресе, кешегі індет кезінде қолдан келген көмегін аямады. Сол үшін де еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін олардың адалдығына бас иді. жыл сайын 12 мамыр – Халықаралық мейіргерлер күні кең көлемде аталып, түрлі шаралар ұйымдастырылып, құрмет көрсетіліп келеді.
Аз-кем тарих беттеріне үңілсек, бұл халықаралық мейрамның тамыры сонау 1853 жылдан бас­тау алады. Әлем бойынша 1974 жылдан бастап халықаралық мейіргерлер күнін атап өту туралы шешім қабылданды. Қырым соғысы кезінде жарақат алғандарға көмек көрсету үшін қайырымдылық қызметін ұйымдастырған Флоренс Найнтингейлдің құрметіне арналған мереке күні бүгінге дейін әлемнің түкпір-түкпірінде тойланып келеді.
Соның бір дәлелі «Халықаралық Мейіргерлер күні» мерекесіне орай, аудандық әкімдікте ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков, ауданның бас дәрігері Н.Әмір, денсаулық саласының ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Бұл мереке адам жанына араша болып, шексіз құрмет пен алғысқа бөленген барша халықтың мерекесі. Себебі, әр адам үшін оның денсаулығы мен өмірінен артық құндылық жоқ. Бүгінде Шиелі ауданында да денсаулық сақтау жүйесі үнемі нығайып келеді. Аудандағы 80 мыңнан астам халыққа 182 дәрігер, 852 орта буынды қызметкер жұмыс жасайды және олар медициналық қызметтің 27 түрі бойын­ша мамандандырылған көмек көрсетеді.
Мерекелік шараның алғы сөзін алған аудан әкімі Қ.Мүбараков мерейлі жандарды мерекесімен құттықтады.
– Ақ халатты абзал жандар барашаңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Дана халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаса керекті. Жан жылуы мен аялы алақан, жүрек мейірімділігі мен адамға деген ілтипат өмірдің өзегі болып қала бермек. Адамның ақаусыз денсаулығы қоғамның тірегі, байлығы. Сіздердің ауданның денсаулық саласына қосқан үлестеріңіз мол. Қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін. Сонымен қатар, тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің тиімділігі көп жағдайда сіздердің жұмыстарыңызға байланысты, – дей келе аудан көлемінде осы салаға қатысты атқарылып жатқан оң істерден көпшілікті хабардар етті. Мұнан соң аудан медицинасының ­дамуына үлес қосқан бірқатар мейірбикеге «Алғыс хат» табыстады. Бұдан кейін қоғамдық кеңестің төрағасы П.Архабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Абдрахманов сөз алып, мейіргерлерді құттықтады.

Шапағат Тілеубаев
14 мамыр 2021 ж. 2 152 0