Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер милиция ардагері

Майдангер милиция ардагері

Бұрынғы аудандық ішкі істер бөлімі, қазір полиция бөлімі деп аталады. Осы заң қызметкерлері қызмет ететін қарашаңырақтың кешегісі мен бүгінгісі көз алдымызда. Жылда 9 мамыр – Жеңіс күніне орай, омыраулары орден, медальдарға толы соғыс және еңбек ардагерлерін, отставкаға шыққан милиция ағаларымызды күтіп алып, жеке құраммен кездесулер өткізіп, мәз-майрам болып жатушы едік. Бүгінде сол майдангер милиция ардагерлерінің бірі де жоқ.
Соғыс жауынгерлері болған милиция ардагерлері Әмет Бұлдырықов, Қалжан Бекманов­, Нәлібай Ділімбетов, Сәдуақас Тілеуімбетов, Тұрғанбай Қосаев, Әбдеш Сәрсенбаев, Дүйсенбай Сыздықов, Қали Айтекеновтер біздің жүрегімізде, кейінгі толқынның есінде жатталып қалды. Солардың ішінен 91 жыл өмір сүрген Әбдеш Сәрсенбаев ағамызбен жиі кездесулер өткізетінбіз. Оның өмір тарихы да қызықты, тағдыры да елеулі болатын. Аудандық ішкі істер бөлімінің ардагерлер ұйымы, оның алқа мүшелері жұмыс істей оты­р­ып, біз соғыс және еңбек ардагерлері, милиция қызметкерлері Әбдеш Сәрсенбаевқа 2018 жылы, ал Тұрғанбек Қосаевқа 2020 жылы Шиелі кентінен көше атын әперуге атсалыстық. Бұл тәртіп сақшыларына деген құрметтің шыңы, ұрпақтар үшін өнеге басы болатын. Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 76 жыл болады. 9 мамыр – Жеңіс күніне орай, сақшылықтың сайыпқыраны атанған милиция майоры Әбдеш Сәрсенбаев жайлы айтсақ дедік. Толқыны тоқсан тарау өмірдің шиырлы соқпақтары мен дауылды теңіздей тербетілетін адамзат тағдырлары тарихтағы сан алуан, шым-шытырық шиелініскен оқиғаларымен қызғылықты болса керек. Көп сөйлемейтін Әбдеш ағаның өз ауызынан «Өмірімде үш рет өлімнен қалдым, ұрпақтарымның қызығын әлі де көре бергім келеді» дегенін естіп едім, 90 жасқа толған мерейтой дастарқанының басында. Біріншісі, бала Әбдеш сегіз жасында күн-көріс жасап нан табу үшін «Қарғалы» өңірінде тұратын Сауранбай деген ауқатты, бай кісінің малын бағады екен. Оның табынындағы сиырлардың дені қара түсті, әрі құйрықтары шолақ, келте болыпты. Әбдеш бағып жүрген қозыларын қайтарып келе жатқанда, алдынан көрінсе – тұмсығын қарға тығып, құйрығын қозғап тұрған сиыр тектес затқа көзі түседі. Бала емес пе, «бұл Сауранбайдың көп сиырының бірі болар» деп ойлаған Әбдеш, тұсынан өтіп бара жатып қолындағы шыбығымен оны артынан тартып жібереді. Сөйтсе, ол – жабайы қабан екен. Қабан жалт бұрылып тұмсығымен бір ұрғанда, тиген соққы аяғындағы етігін екі айырып жібереді. Егерде соққы сәл жоғары болғанда, Әбдештің қарыны жарылып, қапыда қаза болары да даусыз екен. Құдай сақтапты. Шешесі Балбөпе жалғыз ешкісін сойып, құран оқытыпты. Екіншісі, 1936 жылы жұқпалы сүзек ауруына шалдығып, 15 күн ес-түссіз жатады. Өлдіге санаған Әбдештің көрер жарығы бар екен, ауылдағы емшілердің ем-домымен мұнан да аман қалады. Үшіншісі, қырық жыл соғыссаң да ажалың жоқ болса, зуылдаған жау оқтары қисық кетіп жатады. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы күндердің қай-қайсысы еске түссе де, өмір мен өлім арпалысқан сәттер еді.
Әбдеш Сәрсенбаев бұл сұрапыл соғыстан да аман қалып, осылайша үш өліп, үш тіріледі. «Мың өліп, мың тірілген» ата-бабасының жолын қайталағандай күй кешеді. Ә.Сәрсенбаев 1918 жылдың қараша айында «Еңбекші» ауылының «Тақия төбе» деген жерінде дүние есігін ашады. Әке-шешесі тұрмысы төмен кедей шаруаның дәрежесінде болғандықтан алысқа ұзамай, осы төбенің айналасында бес-алты уақ малымен күнелтіп, қысы-жазы «Тақия төбені» мекен етіпті. Әкесі Сәрсенбай Әбдеш бір жасқа толғанда ауырып қайтыс болады. Жетімдіктің қамытын қаршадайынан мойнына ілген Әбдешті анасы Балбөпе 1929 жылы Шиелідегі балалар үйіне өткізеді. Елді ашаршылық жайлайды. Бұл шаңырақ тағыда қайғы жамылып, 1933 жылы шешесі Балбөпе, бірге туған ағалары Әбжан мен Әбдібектер де осы ашаршылықтың құрбандығына ұшырайды. 1930 жылы Жаңақорғанда жетім балаларға арналған интернат ашылады. Әбдеш осында жіберіледі. Жетімдіктің тәлкегін көп көрген бала Әбдештің көрер қызығы мен өмір сүру бағы алда екен. Сол жылдары Жаңақорған аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Қалмағанбет Жайлыбаевтің жетім балаға ықыласы түсіп, Әбдештің қолына мектептің 3-ші сыныбын бітірді деген анықтама қағаз жазып береді. Осы анықтаманың көмегімен білімге құштар бала Әбдеш Шымкент қаласында жаңа ашылған интернатқа оқуға қабылданады. 1939 жылы осы интернаттың 10-шы сыныбын бітіріп, мектепке «пионер вожатый» болып жұмысқа орналасады. Аздап қаражат жинаған соң Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың журналистика факультетіне оқуға түседі. Бірақ, жас жігіттің қуанышы ұзаққа бармайды. 1939 жылдың 15-ші қазан күні шұғыл түрде әскер қатарына шақырылып, Украинаның Харьков қаласындағы әскери бөлімшеден бір-ақ шығады. Ә.Сәрсенбаев әскери борышын өтей жүріп, Фин соғысына қатысады. 1941 жылы ­мау­сым айында неміс фашистері СССР-ге төтеннен соғыс ашып, шекарадан басып кіргенде, Әбдеш әлі де әскер қатарында болатын. Сөйтіп, оның әскер қатарындағы бейбіт қызметі күтпеген жерден қан майдандағы сұрапыл соғысқа ұласады. Талай рет майданның алғы шебінде бораған оқтың астында жүріп, ерліктер жасайды. Осындай кескілескен ұрыста қақ маңдайынан жарадар болады. Жаудың оғы басындағы кас­кадан тайып барып тимегенде, оның басы аман қалмас еді. Дала госпиталында емделген Әбдеш қатарға қосылып, соғыс майданына қайта оралады. Одан соң Сталинград қаласын жаудан азат етуге қатысады. Жауынгер Әбдеш Сәрсенбаев 1945 жылғы 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнін Донецк қаласында қарсы алады. Неміс фашистері соғыста жеңілгендерін мойындайды. Соғыс аяқталған соң да сержант Ә.Сәрсенбаев 1948 жылға дейін өз полкінде қалып, әскери қызметін жалғастырады. Сол кездері «неге елге қайтпадың?» деген сұраққа Әбекең былай деп жауап беріпті. «Ауылда мені күтіп отырған ешкім де жоқ еді. Әке-шешем қайтыс болған, бауырларым ашаршылықта жоғалды. Кімге асығайын. Айлық тауып, өз киім-кешегімді бүтіндеп елге біржола барайын деген ой болатын» деп жауап беріпті. Майдангердің бұнысы да дұрыс шығар. Елге оралған бетте жауынгер жігіт 1956 жылға дейін Шиелідегі әскери комендатурада қызмет жасайды. Комендатураның қысқаруына байланысты Ә.Сәрсенбаев Шиелі аудандық ішкі істер бөліміне учаскелік инспектор қызметіне қабылданады. Сырттай оқып, Алматы жоғары милиция мектебін бітіреді. Соғыста шыңдалған оған мына қызмет қиындық келтірген жоқ. Тәртіп сақшысы қызметін адал атқарғаны үшін «Үздік учаскелік инспектор» атанып, кеудесіне «милиция үздігі» белгісін де қадайды. Аудандағы таңдаулы учаскелік инс­пектор ретінде бірнеше мәрте республикалық семинар-кеңестерде өзінің озат тәжірибесі жайлы ой-пікірлерін өзгелерге үлгі етіп, баяндамалар жасайды. Ұзақ жылдар аудандық ішкі істер бөлімі жанындағы коммунистік партия ұйымына жетекшілік етеді. Бөлімде небір игілікті шаралар ұйымдастырылып, бөлімнің де алғы шебінде жүреді.
Милиция капитаны Әбдеш Сәрсенбаев 1974 жылы ішкі істер саласындағы мінсіз қызметін абыройлы аяқтап, отставкаға шығады. Қос аққудай жарасып жүрген сүйікті жары Гүлжамила 1976 жылы дүниеден озып, ұл-қыздарын бағып-қағу, оларды тәрбиелеп жетілдіру жауапкершілігі – әкелері Әбдештің еншісіне тиеді. Тірі адам тіршілігін жасайды екен. Аллаға шүкір. Енді өсіп-өнген ұл-қыздары әкелері Әбдешке қамқорлық жасауға қолдары жетті. Қазақы дәстүрмен Әбекең кенже ұлы Мейрамбектің отбасында болуды қалады. Шаңырақтағы келін Бейсенкүл ибалы келін болып шықты. Әбдеш атасын ұлындай күтіп, 91 жасында дүниеден озғанда арулап шығарып салды. Соған дейін жағасын кір етпей, көп қарияның бірі етпей, асты-үстіне түсіп бағып қақты. Әбекеңнің қонақтарын күтті, атасын пір тұтты. Үлкен ұлы Мұхамеджан да, ортаншы қызы Баян да үй-жайлары бөлек болғанымен әкелерін көзден таса қылмады. Сабырлы, байсалды, көркіне ақылы сай мұндай әкеге көңіл бөлмеу, қамқорлық жасамау, соғыс және еңбек ардагері болған Әбдештей әкелерін мақтаныш тұтпау мүмкін емес еді. Бақытқа бөленген Әбдеш ақсақал он бес шақты немере, жиырма шақты шөбере сүйіп, қызықшылығын көріп, «өлсем, арманым жоқ» деп отырушы еді. Жүзі жылы майдангер қария қанша қиыншылықтарды көрсе де, өмірге ризашылығын білдіріп отыратын. Ә.Сәрсенбаев соғыстағы ерлігі үшін, бейбіт өмірдегі үлгілі қызметі бағаланып, ІІ-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдары Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Кеңес одағының маршалы Г.Жуков медалі, «Украинаның азат етілуіне 60 жыл», «В.И.Лениннің 100 жылдық мерекелік медалі, «Еңбек ардагері», «Қазақстан Респуб­ликасы ішкі істер органының ардагері», «10 жыл Астана», «Соғыс ардагері», «ҚР ішкі істер органының құрметті ардагері» төс белгісі т.б. жалпы саны 28 медальмен марапатталған. Жоғарыдан алған мақтау грамоталары мен алғыс хаттары бір сөмке. Кейін оған Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде республика ішкі істер министрлігінің бұйрығымен «милиция ­майо­ры» шені беріледі. Біздің ардагеріміз болған Әбдеш Сәрсенбаевтар майдан даласында өз Отанын ғана емес, болашақ ұрпақ өмірін де ерлікпен қорғады. Жауынгерлердің жасампаз ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Осыған орай, полиция бөлімінің ардагерлер Кеңесі қолға алып, ұл-қыздары атсалысып, майдангер Әбдеш Сәрсенбаевтың жүз жасқа толуына орайластырып, 2018 жылы 17 тамызда Шиелі кентіндегі жаңа көшеге аты берілді. Аудандық полиция бөлімінің ұжымы өмірден озған ардагерлерін әркез есте ұстайды. Ұмытылмайтын аруақтар бөлім қызметкерлерінің қызметін әркез қолдайтынын сезінеді, алдыңғы сапта болуға тырысады. Бұл бөлімде тәлімгер ұстаз, соғыс және еңбек ардагері болып қызмет атқарған Әбдеш Сәрсенбаев атамыздың ізі сайрап жатыр. Ондай жайсаң жанды қалай ұмытамыз? Ұлы Жеңістің қарсаңында жауынгер Әбекеңнің де аруағы бір аунап түссін дедік. Ол кісіні 2009 жылы 14 қазан айында 91 жасқа келгенде мәңгілік бақилыққа шығарып салғанбыз. Белгісіз зымырап жатқан дүние. Түсініп көр.

Өркен Исмаил,
аудандық полиция бөлімі ардагерлер Кеңесінің төрағасы, отставкадағы милиция подполковнигі


07 мамыр 2021 ж. 441 0