Рамазанға аз қалды
Елорда да Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісі өтті.
Жиынды ашқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы: «Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы кіреді. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – сондай бір ерекше ай. Еліміздегі қаншама бауырларымыз осы айды күтеді, оразасын ұстайды. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Қазіргі жағдайды ескере отырып, ең бастысы тазалық пен тәртіп жағына көңіл бөлсек. Осы айда мейлінше қайырымды істерді көбірек атқаруға шақырамын. Жамағаттың ыңғайына қарай уақытын белгілеп онлайн дәрістер, Құран үйрету сабақтарын өткізуді жалғастыруымыз керек. Халыққа пайдалы уағыз тарату мақсатында тікелей эфирлер ұйымдастырып, мүмкіндігі жоқ жандарға ауызашар пакеттерін жеткізу жағын қолға алуды тапсырамын» деді.
Кеңейтілген мәжіліс барысында 8 мәселе қаралып, мұсылмандар үшін қасиетті саналған Рамазан биыл 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталатыны, 13 мамыр – Ораза айт күні, 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні айтылды. Сондай-ақ, мәжілісте биылғы пітір садақасының, зекет пен підияның мөлшері анықталды. Пітір мөлшері 420 теңге болып, пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Мұнымен бірге, тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтай отырып қысқа сүрелер оқу, ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында өткізу, Рамазан айында Құран хатым жасайтын топтар құрып, жамағатты сауапты істерге жұмылдыру жағына басымдық беру туралы да айтылды.
Қасиетті Рамазанға дейін санаулы күндер қалды. Бұл біз бен сіз үшін берілген үлкен мүмкіндік. Осыған байланысты амал дәптеріміздің оңынан жазылуы үшін сауапты істер жасауда жарысайық ағайын.
Ақбота БАЯНБАЙ