Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелідегі мәселелер де шет қалған жоқ

Шиелідегі мәселелер де шет қалған жоқ


Сәрсенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр халқына арнап жылдық қорытынды есебін берді. Облыс басшысы өткен жылды қорытындылап, алда тұрған міндеттер туралы бірқатар маңызды жоспарларды електен өткізді. Онлайн форматта ұйымдастырылған есепті кездесу барысында облыстағы мәселелер көтеріліп, Сыр жұрты көкейіндегі сауалдарын қойды.
Облыс әкімі Г.Наушақызы «Өткен 2020 жыл еліміз үшін өте күрделі болды. Әлемдік пандемия қалыпты тіршілігімізге айтарлықтай әсер етіп, экономикамыздың даму үдерісін тежеді. Қызметтің барлық саласына түбегейлі өзгерістер енгізілді. Әлемді шарпыған бұл індет біздің аймағымыз үшін де үлкен сынақ болды.Ұлтымыздың ұлы ақыны, дана Абайдың «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» деген кемеңгерлік қағидасына сүйеніп, барша халықтың берекелі бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында бұл қиындықты да еңсере білдік» деп бастады сөзін.
Расында, сындарлы шақта сағымыз сынбай, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ауызбіршілік танытудың арқасында бүгінгі күні Қызылорда облысы «жасыл аймаққа» тұрақтап, эпид ахуалдың алдын алды. Әлемдік пандемияның әлегі басылғанымен әлі де сақтық шарасын ұмытпау керектігін еске салған облыс басшысы биылғы жылдың сәуір айында Қызылорда қаласындағы 200 орындық модульді жұқпалы аурухана пайдалануға берілетіндігін тілге тиек етті. Оған қосымша 3200 төсек-орын мен 3500 медицина қызметкерінен тұратын кадрлық резерв жасақталған.
Облыс басшылығына келгеніне 1 жыл толған Гүлшара Наушақызы осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстарды саралап, облыстың экономикалық, әлеуметтік мәселелерін шешу жолдарын айтып, 2021 жылы атқарылар жұмыстың ауқымы турасында сөз қозғады. Сырбойылықтар облыс әкімінің есебіне ерекше ден қойып, өзекті мәселелердің шешім табуына ықпал жасауын сұрады. Мәселен Шиелі ауданы «Жастар ресурстық» орталығының басшысы Ш.Нығметовтың «Ауданға жастар орталығының ғиамараты керек» деген ұсынысына «Жастарға мемлекет тарапынан соңғы жылдары үлкен қолдаулар көрсетіліп келеді. 2019 жылы «Жастар жылы» деп аталды, ал 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп белгіленді. Бүгінгі таңда Қызылорда қаласының сол жағалауында «Жас­тар ресурстық орталығы» жұмыс істеуде. Ал, Шиеліге келер болсақ, мен желтоқсан айында ауданға барғанда бұл мәселені талқылап, «Ру-6» мекемесінің бұрынғы ғимаратын қайта реконструкция жасап, жастарға береміз деп шешкен болатынбыз. Оған 60 млн теңге қаржы да қарастырылды. Осы жылы сіздерге де арнайы ғимарат беріледі деп сенемін», – деді облыс әкімі.
Ал, «Мөлдір және компания» серіктестігінің директоры, кәсіпкер Н.Мырзабеков «Сыр өңірінде кенжелеп қалған құс шаруашылығын дамыту мақсатында 2016 жылы құс фермасын аштым. Бүгінгі таңда аудан халқын табиғи құс жұмыртқасымен қамтамасыз етіп отырмын. Ендігі мәселе бүгінгі таңда шиелілік кәсіпкерлер құсқа қажетті азықты сырт өңірлерден тасымалдауда. Бұл кәсіпкерлердің шығынын арттырып, өнім бағасының қымбаттауына әсер етуде. Сізден сұрарым Шиеліден 200 гектар суармалы жер телімін бөліп, азықты өзіміз өндіруге мүмкіндік жасасаңыз» деген ұсынысын айтты. Аталған мәселені құп алған Г.Наушақызы алдағы уақытта құс шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстар жүргізетінін тілге тиек етті.

Гүлнәр Дүйсебай
20 ақпан 2021 ж. 322 0