Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нартайлықтар көгілдір отынға қосылады

Нартайлықтар көгілдір отынға қосылады

Құрылыс саласын дамыту, құрылыс өнеркәсібі өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру бүгінгі өркениет заманындағы дамыған мемлекеттердің экономикалық және саяси міндеттерінің басты бағыттарының бірі саналады. Жалпы алғанда, құрылыс кешені ел экономикасына, оның ішінде тұрғындардың әлеуетінің артуына елеулі ықпал етеді. Бүгінде ауданымыздың қай түкпіріне барсаңыз да жаңадан салынып жатқан нысандарды көресіз. Жекелеген тұрғындар да қонысын жаңартып, қорасын кеңейтіп жатыр. Бұл деген сөз өңірдегі құрылыстың қарқын алғанын көрсетеді.
Ауыз толтырып айтарлықтай біршама құрылыс нысандары ел игіліне берілді. Мәселен, тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты, көпбалалы аналардың арманына айналған көпқабатты тұрғын үйдің кілті табысталды. Кент ішімен қатар барлық ауылдық округтерде балаларға арналған ойын алаңқайлары іске қосылды. Бұл да көптің көкейінде жүрген арманның бірі десек жаңылмаспыз. Сонымен қатар көптен күткен көпірдің де құрылыс жұмыстары аяқталды. Ауылдарға газ құбырлары тартылып, бұрынғы машақаттың алыс­тап бара жатқаны көңіл қуантып тұр. Осындайда жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың Шиеліні Швецарияға теңеп жыр жазғаны еске түседі. Расында, аудандағы құрылыстың қарқыны осы бағытынан таймаса сәулетіміз бен дәулетіміз арта түсері хақ.
Өткен жылға өкпе жоқ, тек әлемдік пандемияның әлегі болмаса. Ал биылғы жылы біршама тірліктің жүзеге асатын түрі бар. Шиелі ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бөлімінің мамандары берген мәліметке сүйенсек, 72 пәтер кезекте тұрған аудан тұрғындарына берілетін болады. Жоғарыда атап өткендей 2020 жылы кенттегі 18 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің ашылу салтанаты өткен болатын. Негізгі жоспардағы 18 пәтерлік 4 тұрғын үйдің қалған құрылысы осы жылы аяқталатын болады. Сондай-ақ Шиелі кенті Береке шағын ауданында 3 бөлмелі 1 пәтерлі 25 баспананың құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне ұсынылмақ. Оған бюджеттен 223 870,0 теңге қаржы қаралып игерілген.
Биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы Н.Бекежанов елді мекені табиғи газға қосылатын болады. Ол үшін 374 661 912,24 теңге қаржы да бөлінді. Қыс түссе көмір тасып, от жағып, әлекке түсетін нартайлықтар енді көгілдір отынның рақатын көреді. Ал аудандағы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар да көңіл қуантарлықтай. Мәселен, Шұғыла-2, Шұғыла-3, Шығыс-4 мөлтек аудандарының электрмен жабдықтау инженерлік-инфрақұрылым құрылысы жұмысына республикалық, облыстық бюджеттен қаржы қаралып құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Нысан ағымдағы жылы толығымен пайдалануға берілмек. Осы мөлтек аудандарды су, тас жолмен жабдықтау жұмысын бас мердігер «Дорстрой» ЖШС жүргізбек. Жалпы құрылыс жұмыстарына 2021 жылға 348 797,5 мың теңге қаржы қаралғанын да тілге тиек етті мамандар. Аталған құрылыс нысандарының қайсысы болсын аудан тұрғындарына ауадай қажет екендігі белгілі.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

22 қаңтар 2021 ж. 280 0