Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр елі серпінді даму жолында

Сыр елі серпінді даму жолында

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың журналистерге арналған брифингі өтті. Бұл – Гүлшара Наушақызының облыс әкімі ретіндегі БАҚ өкілдеріне арналған алғашқы брифингі.
Облыс басшысы аталған жиында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттерді орындау мақсатында жасалған жұмыстар, биылғы жылдың 9 айының қорытындысы мен Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.
– Пандемия қалыпты тіршілікке өзгеріс енгізді. Дегенмен Президент қабылдаған шешімдердің арқасында негізгі басымдыққа ие салалардағы көрсеткіштердің төмендеуіне жол берген жоқпыз, – деді брифингте Гүлшара Наушақызы.

СЫР ЕЛІНДЕ ӘРТАРАПТАНДЫРУ АРҚЫЛЫ ЖАҢА ӨНІМДЕР ӨНДІРІЛУДЕ
Судың тапшылығына қарамастан, биыл Сыр елінде күріш өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 15 мың тоннаға артық жиналды. Гектарына 61,8 центнер өнім алынып, 550 мың тоннадан астам күріш қамбаға құйылды.
Экономиканы әртараптандыру арқылы өңірде жаңа өнім өндіріліп, экспортқа шығатын тауарлар көбейді. Мәселен, биылдан бастап алғаш рет Ресейге мұздатылған көкөніс пен қызанақ жеткізілді. Ал Германияға 420 тонна қамыс жіберілген. Жалпы әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталды.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуына қарағанда, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің эскпорты біршама жоғарылаған. Пандемияның қиындығына қарамастан, сыртқы нарыққа өнім өндіру 12 процентке көбейген. Оның 98 проценті қайта өңделген өнім.

ҚЫЗЫЛОРДА ДА БАЛЫҚ АУЛАУ ФЕРМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Бұдан былай Сыр елінде балық экспорты жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл үшін балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданып, оны іске асыруға 28 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Яғни белгіленген мерзімге дейін аймақта 55 тауарлы балық аулау фермасы іске қосылады. Жаңа өндіріс орны арқылы тауарлы балық көлемін 34 есеге ал балық өнімінің экспортын 4,2 тоннадан 8,5 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Мұнан бөлек өңірде 10 тоған және 4 торлы ферма салынады.
Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ішкі нарыққа қажет өнім өндіру үшін шағын өндіріс орындарының үлесі артып келе жатқанын жеткізді. Айталық, биылдан бас­тап Сыр елінде макарон, бұқтырылған қой, сиыр және жылқы етінен консерві дайындау өнідірісі іске қосылған. Мұнан бөлек өңірде жылына 1500 тонна құс етін өндіретін фабрика, ас тұзын шығаратын испан технологиясымен жұмыс жасайтын 3-ші цех, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру зауыты, 1200 басқа арналған ірі қара малын өсіру және сүт өңдеу кешені салынады.

ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ ЕКІ АЙЛЫҚ ҚОРЫ ЖАСАҚТАЛҒАН
Облыста коронавирус инфекциясының болуы мүмкін екінші толқынына дайындық жұмыстары күшейтілген. Халыққа бірінші кезектегі қажетті дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталған. Мұнан бөлек тұрақтандыру қоры арқылы дәрілік заттарды алуға 488 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова брифингте баяндады.
– Індетпен күресте өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппаратын 244-ке жеткіздік. 9 ПТР, 60 рентген аппараты, 682 оттегі концентраторы бар. Қажеттілігіне қарай 21 инфекциялық стационарда 3200 төсек орнын дайындауға мүмкіндігіміз бар. Жақын күндері 200 төсектік жаңа модульдік инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталады, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Облыста медицина мамандары үшін 44 санитарлық автокөлік табысталған. Сонымен бірге демеушілер есебінен облыстық көпбейінді ауруханасында оттегі станциясы іске қосылды. Емдеу мекемелерінде маман тапшылығын болдырмау мақсатында 3600 медицина қызметкерінен кадрлық резерв қалыптастырылған.

ҚЫЗЫЛОРДА ӨҢІРІНДЕ 2023 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 265 ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ
Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі «Экономикалық даму Картасы» әзірленді. Оның аясында экономиканың түрлі салаларында 271 млрд теңгені құрайтын 265 жоба іске асырылады. Бұл өз кезегінде 4600 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биылғы жылға 26 млрд теңгені құрайтын 110 жоба жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде 2 мың азамат жұмыспен қамтылады.
– Аймақта төрт түлік малдың етін, сүтін, жүнін кәдеге асырып, оны қайта бағыттау бизнесі жолға қойылып келеді. Сонымен қатар біздің өңірде 25644 көп балалы ана бар. Оларды да бизнес­ке тартудамыз. «Еңбек» бағдарламасы арқылы аналардың бизнес идеяларын жүзеге асыру мақсатында 602 көп балалы анаға грант бердік, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Мұнымен қоса ерлер жейделерін тігумен айналысатын «Далатекс» ЖШС-мен бірлесіп маңызды жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, «Еңбек» бағдарламасы аясында 123 әйел тігін шеберлігіне оқытылуда. Оларға тігін машиналары мен басқа да жабдықтарды сатып алуға 555 мың теңгеден гранттар беріледі. Оқыған азаматшалар жеке кәсіп ашып, аталған компаниямен келісімшартқа қол қойып, үйде жұмыс істей алады.

АЙМАҚТА ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ 9,5 МЫҢ АДАМ ЖҰМЫС ТАПТЫ
Қызылорда облысында осы жылға арналған «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында жалпы сомасы 38,9 млрд теңгеге 277 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген. Жобаны орындау барысында 9,5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды.
Атап айтсақ, әлеуметтік-мәдени объектілерді салуға, күрделі және ағымдағы жөндеуге 17,2 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржыға 126 жоба қолға алынып, 3946 жұмыс орнын құру көзделген.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 6,8 млрд теңгеге 42 жоба әзірленіп, 1658 адам жұмысқа орналасқан. Ал инженерлік-көлік саласындағы 62 жобаға 12,5 млрд теңге бағытталып, 3474 тұрғынды жұмыспен қамтыды.
Елді мекендерді абаттандыруға 47 жоба жасалып, 2,4 млрд теңге қарастырылды. Нәтижесінде ауылдық жерлерде 899 жұмыс орны ашылды.Жұмыспен қамту жол картасы жобаларында орташа жалақы – 88 242 теңгені құрады.
Жұмыспен қамтудың жол картасы жобалары аяқталғаннан кейін жаңа жобаларда 452 тұрақты жаңа жұмыс орны құрылады. Брифинг соңында Гүлшара Әбдіқалықова журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Г.ЯХИЯ
24 қараша 2020 ж. 382 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930