Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Праймериз: жаңа мүмкіндікті мүлт жібермеу қажет

Праймериз: жаңа мүмкіндікті мүлт жібермеу қажет

Елбасы Н.Назарбаевтың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын қайта жаңғырту бағдарламасы халықтың баста­уыш партияға деген сенімін нығайта түсті. Әсіресе, Тұңғыш Президенттің тапсырмасы негізінде бастау алған Nur Otan праймеризі арқылы ел тағдырына бей-жай қарай алмайтын белсенді отандастарымыздың белін бууға мүмкіндік пайда болды. Мұндағы мақсат – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау. Дәл осы мақсатта жүргізіліп жатқан жұмыс барысын білмекке «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ­Патима Маханбетпен сұхбаттасқан едік.

– Праймериз белсенді жерлестеріміз үшін жаңа бір мүмкіндіктің бастауы болды. Аудан тұрғындарының құлшынысы қандай?
– Елімізде аламан бәйге, байсалды бәсеке басталды. Бұған қазір құжат тапсырып жатқандар өте көп. Олардың ішінде жас­тар да, көпбалалы аналар да, елімізге белгілі қайраткерлер де, зиялы қауым өкілдері бар. Расында Праймериз – ел болашағына жасалған сәтті қадам. Сондықтан жаңа мүмкіндікті мүлт жібермеуіміз қажет. Шиелі ауданы бойынша Праймеризге қатысуға 61 адам өтініш берген. Оның ішінде 1-еуі – көпбалалы ана. 35 жасқа дейін 17 кандидат (27,9%), 50 жасқа дейін 17 кандидат (27,9%), 50 ден жоғары 27 кандидат (44,3%) тіркелді.
– Праймеризге қатысушы үміткерлер ішіндегі әйел азаматшалардың үлесі қандай?
– Естеріңізде болса, Елбасы еліміздің сайланбалы органдарында әйел азаматтардың үлесіне басымдық беруді тапсырған болатын. Бұл партияішілік іріктеу – Праймеризде ескеріліп отыр. Аудан бойынша партиялық тізімдердің сапалық құрамында әйел азаматшалардың үлесі 20 кандидат, яғни 32,8%. Нақтырақ айтар болсақ, партиялық тізімдердің сапалық құрамында әйел азаматтардың үлесі кем дегенде 30%, сол секілді 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 процент болуы шарт. Көпбалалы аналардың, қандастардың, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері сайлаушылардың өңірлік құрылымына сәйкес енгізілді.
– Праймериз қанша кезеңді қамтиды?
Партияішілік іріктеу арнайы бекітілген ережеге сәйкес өткізіледі. Биылғы жылы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында алғаш рет барлық өңірлерде толыққанды Праймериз өткізу белгіленді. Ол 5 кезеңді қамтиды. Яғни бірінші кезеңі – кандидаттарды ұсыну және тіркеу. Екінші – кандидаттарды үгітке даярлау. Үшінші – үгіт-насихат жұмыстары. Төртінші – дауыс беруді өткізу. Осыдан кейін 7 қазан күні бесінші қадам бойынша тізім толықтай жасақталады. Кандидаттарды ұсыну бойынша бастауыш партия ұйымдарының атынан 11 кандидат ұсынылса, қалған 50 кандидат өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылды.
– Праймериз білікті әрі білімді мамандарды іріктейді. Ал олардың сөз саптауы­, халықпен қарым-қатынас орната білуі маңызды. Сондықтан дауыс берушілерді үміткерлердің пікір сайысы қайда өтетінен хабардар етіп өтсеңіз.
– Дұрыс айтасыз. Әрбір үміткерге қойылар талап халықпен кері байланыс орната білу. Сондай-ақ сөйлеу мәнері мен өзін-өзі ұстау мәдениеті де ескеріледі. Бүгінгі таңда аудандық партия филиалында дауыс беру орындары мен дебат өткізілетін жерлер анықталды. Дауыс беруді 15 жерде өткізу жоспарлануда. Атап айтар болсақ, Ақтоған, Авангард, Талаптан, Еңбекші, Жуантөбе, Бәйгеқұм, Сұлутөбе, Гигант, Тартоғай, Иіркөл, аудандық мәдениет үйі, салтанат сарайы, «Бекзатхан» мейрамханасы, «Арман» мәдениет үйі, «Аружан» кафесі. Ал дебат аудандық мәдениет үйі және «Арман» мәдениет үйінде өтеді.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

07 қыркүйек 2020 ж. 616 0