Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қой қымбат па?

Қой қымбат па?

Індетке байланысты барлық бағыттағы өндірістерге шектеу қойылғандықтан көптеген тауарлардың бағасы қымбаттап, экономикаға кері әсер еткенін жасыра алмаймыз. Бірнеше ай карантинде тауар өндірушілердің де табысы азайып, амалсыздан сату бағасын көтеруге тура келді. Өйтпесе ешқандай пайда жоқ. Шығын көп.
Қай кезде де саудада біздің басты «көзіріміз» — мал. Төрт түліктің тұқымын теңгеге айналдырып отырған ауыл тұрғындарының табысына карантин кедергі болған жоқ. Қаланың базары жабылғанымен, даланың өрісі жабылмады. Мал төлдеп, өсе берді.
Бірер күннен кейін Құрбан айт мерекесі басталады. Мейрам биыл 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Пандемия кезінде мешіттердің жабық болуына байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды, құрбан шалуда біршама ерекшеліктер бар. Ал мал бағасы биыл қанша, мейрамға орай аспандап кеткен жоқ па?

Мал бағасын көтермеуге шақырды
Биыл құрбандық малын барып таңдау және оның басы-қасында болуға шектеу қойылып, қашықтан құрбан шалу жобасы қолға алынды. Осыған орай, 24 шілдеде Qurban2020.kz сайты іске қосылған болатын. Ниеттенген кез келген адам сайт арқылы құрбандық шалуға тапсырыс беруіне болады. Ал онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданды. Ел тұрғындары құрбандық малын таңдап, төлем жасап, кейін қаласа фото және бейне есебін сұрата алады. «Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде үйреншікті болған малды өзіміз таңдау, қасапшының жанына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайын деп тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жағдай, осы кезге дейін құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші-қолаңға арнап айттық дастарқанын жаятын. Пандемия жағдайына байланыс­ты сойылған ет биыл түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. Онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі өзге елдерде де бар. Мәселен, Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірлігі сынды бірқатар мұсылман мемлекетінде бұрыннан қалыптасқан. Бұл жүйенің басты ерекшелігі – құрбандық етін түгелдей мұқтаж азаматтарға тарату. Қазірдің өзінде сайт арқылы тұрмысы төмен 18 мың отбасы көмек сұраған, құрбан шалуға 1400-ге жуық азамат онлайн тапсырыс берген. Тұңғыш рет қолға алынған жобаның мақсаты – діни жоралғыларды ұйымдастырып, азаматтардың денсаулығын қорғау. Бұл жерде ескеретін жайт, онлайн құрбандық шалу барысында имамдардың жұмысы – делдалдық емес, тек рәсімді ұйымдастырып, құрбан еттерін мұқтаж жандарға үлестіріп беру. Қазір табысынан айырылып, азық-түлікке мұқтаж болып отырған отбасылар жетерлік. Осы реттен алғанда көптеген жанұяға көмек болмақ. Дін қызметкерлері де азаматтарды пендешілікке салынбай, мал бағасын көтермеуге шақырды, пайда табудан гөрі сауапты іске атсалысуға үндеп отыр.
Десе де биыл құрбан шалудағы шектеулер біз секілді жер үйде тұратын аудан, ауыл халқы үшін айтарлықтай қиындық туғыза қоймайды. Себебі тұрғындарға өз ауласында діни жоралғыға сай малын сойып, құрбан шалуға рұқсат етілген. Бірақ қауіпсіздік үшін адамдарды жинап, ас беруді шектей тұрған абзал.

Қойдың құны қанша?
Желіде Қазақстан бойынша әр қаладағы қойдың орташа бағасы көрсетілген кесте тарады. Баға төмендігі бойынша Қызылорда оныншы орында тұр. Кестеде біздің өңірдегі қойдың орташа бағасы 40-45 мың теңге деп көрсетілген. Біз де зерттеп, саралап көрдік.
Қазір ауданда мал базары жұмыс жасап тұрған жоқ. Бірақ есебін тапқандар шаруаның үйіне барып, саудалау­да. Биылғы төлдеген қозылардың құны бүгінгі күні 30-35 мың теңге. Ал бір жыл бұрын туған тоқты, тұсақтар 40 мың теңгенің айналасында. Екі-үш қоздаған саулық қойлар 50 мың теңгеден түспей тұр. Шопан ата өнімінің ең ірісі саналатын ісек 75-80 мың теңгеге дейін барады.
Иә, көпшілік қой бағасы қымбат деп шошуы мүмкін. Бірақ қой соңында жүретін адамның табыла бермеуі және оған төлейтін жалақының қомақтылығы қожайынға көп пайда бермейді. Қойға қажетті бақташыдан бөлек, жылы қора, қырқу, тоғыту, жем-шөп, төлдету секілді шығындар мен бейнеттер де бастан асады. Кімде-кім болмасын бейнетінің зейнетін көруге асық. Сондықтан қойдың құны да нарыққа бағынады.

Гүлхан ЯХИЯ
03 тамыз 2020 ж. 286 0